Қазақстан мен он ел арасындағы кедендік былық ашылды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3640

Билік халықаралық ұйым анықтаған кедендегі былыққа қатысты өз тексеруін бастады.

Қазақстан мен он ел арасындағы кедендік былық ашылды

Transparency International халықаралық ұйымының қолдауымен Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры Қазақстан мен оның жаһандық сауда-саттық бойынша серіктесі болып табылатын контрагент мемлекеттер арасындағы тауар айналымына терең талдау жүргізген. Оның нәтижесінде "Кедендегі сыбайластық: Қазақстанның тауар айналымына салыстырмалы талдау туралы есеп" жарияланды. Бұл құжат ел үкіметі ұсынатын мәліметтер мен серіктес елдердің деректері арасында орасан зор ауытқулар бар екенін көрсеткен.

"Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ұсынған ресми мәліметтеріне сәйкес, кейінгі бес жыл ішінде Қазақстанға әкелінген импорттық өнімдер көлемінің азаюы байқалуда. Алайда серіктес елдердің деректері бойынша Қазақстанға олардан экспортталатын тауарлардың үлесі жыл сайын ұлғаюда. Атап өтер жайт, Қазақстанның және оның серіктес елдерінің тауарайналым көлемі туралы ресми статистикаларындағы айырмашылық 100%-ға дейін жетеді. Бұл қатарға Қытай, Италия, АҚШ, Германия, Швейцария, Польша, Пәкістан, Ұлыбритания, Корея және Жапония жатады", – делінген есепте.

Қазақстанның ресми мәліметіне жүгінсек, жатжұрттардан тасылған импорт ауқымы 2013 жылы 48 миллиард 804,6 миллион долларды құрапты. Одан кейінгі жылда бұл көрсеткіш 41 миллиард 295,4 миллион долларға дейін күрт кеміп кеткен. 2015 жылы импорт көлемі 30 миллиард 567,1 миллион долларға дейін құлапты. 2016 жылы бұл "дәстүр" жалғасқан және сан 25 миллиард 174,7 миллион долларға жетті. 2017 жыл қорытындысында көрсеткіш шамалы өскен: 29 млрд 346 млн доллар болды, бірақ бұл 2015 жылмен салыстырғанда, бәрібір төмен.  

Сарапшылар зерттеу жүргізу барысында "экспорт пен импорт есепке алынған күннің әр мемлекетте әртүрлі болуы", "тауардың мемлекеттік шекаралар арқылы өту ұзақтығы", сондай-ақ "әкелінетін/шығарылатын тауарды есептеу әдістемелерінің әртүрлілігі" айырмашылыққа соқтыруы ықтималдығын ескеріпті. Алайда сарапшыларды статистикалық деректер арасындағы айырманың 40-45%-ға дейін жеткені таңқалтқан.

"50%-дан асатын айырмашылық кедендік органдарда сыбайлас жемқорлық нышандарының барлығы туралы куәландырады" деген қорытынды жасайды шетелдік ұйым өз есебінде.

Құжатта нақты деректер келтірілген. Еуразиялық одаққа мүше емес он елмен арадағы Қазақстанның 2013-2017 жылдардағы өзара тауарайналымына жүргізілген салыстырмалы талдау бірқатар жөнсіздіктердің бетін ашып отырған көрінеді.

"Қытаймен арадағы саудада Қазақстанның кеден органдары тауарлардың 11 тобы бойынша статдеректерді 50%-дан артыққа азайтып көрсетеді. Швейцариядан келетін импорт екі елдің де кедендік құрылымдары тарапынан төмендетіледі. Атап айтқанда, қазақстандық кеденнің 4 тауар тобы бойынша, ал швейцариялық кеденнің 6 тауар тобы бойынша азайтып көрсетуі тіркелді. Мұның барлығы сайып келгенде, швейцариялық брендтердің Қазақстанға контрабандамен енгізілетінін куәландырады", – делінген есепте.

Озық дамыған елдер де тазалығымен ерекшеленіп отырған жоқ. АҚШ-тың кедендік қызметі өз есептерінде Қазақстанға экспортталатын тауарлардың 11 тобы бойынша 50%-ға кемітілген есептік мәліметтер ұсынатыны әшкереленді.

Германияның кеден органдары елімізге сатылатын қара метал бұйымдары бойынша қазақстандық кеден қызметтері тіркейтін көлемнің жартысын ғана есепке алатыны мәлім болды.

Италиялық кеден қызметі Қазақстанмен тауарайналымның статистикалық деректерін 11 тауар түрі бойынша 50%-дан артыққа кемітіп отыратыны анықталды.

Ұлыбританияның кеден қызметтері өз билігіне сегіз тауар тобы бойынша қазақстандық кеден қызметтері мәлімдейтін көлемнен екі есе төмен көрсеткіштерді ұсынады. Бұл да "ағылшын брендтерінің контрафактілік жеткізілімі жолға қойылғанынан хабар береді".

Transparency ұйымына сенсек, поляк тауарларының импортын екі елдің де кеден қызметтері төмендетумен айналысады. Мәселен, қазақстандық кеден 6 тауар тобындағы өнімді 50%-ға кем тіркейді. Ал өз кезегінде Польша бір тауар тобының Қазақстанға 50%-ға аз жеткізілетініне сенімді.

Пәкістандық кеден Қазақстанға жеткізілетін тауарларды қабылдаушы тараппен салыстырғанда 80-100%-ға аз декларациялайды.

Оңтүстік Кореядан тасымалданатын тауарлардың үш тобы бойынша Қазақстан өз есептік деректерін 50%-дан артыққа азайтып отырған екен. Өз кезегінде кореялық кеденшілер 5 тауар тобының экспортын жасанды "нашарлатуда".

Жапония өз есептерінде он экспорт түрі бойынша тауарлар легін біздікінен аз көрсетеді.

Жалпы алғанда, есепте атап өтілгендей, "статдеректер арасындағы айырмашылық қара металдар өнімдері, фармацевтикалық өнімдер, химия өнімдері, пластмассадан жасалған бұйымдар секілді тауарлар топтары бойынша жиі тіркеледі".

"Айырмашылық миллиардтаған долларға жетеді, ал бұл ел бюджеті үшін елеулі проблемаға айналуда" дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы шетелдік ұйым. Мәселен, экспорттаушы елдердің деректеріне сәйкес, Қытай, Швейцария, Польша елдерімен арадағы импортқа қатысты айырма бес жыл ішінде 18 миллиард доллардан асады.

Осы тақырыпта отандық сарапшылар да пікір білдірген.

"Кейінгі он жыл ішінде тек Қытайдан келетін жасырын импорт көлемі 90 миллиард долларды құрауы ықтимал. Ресей де кезінде осындай проблемаға кезіккен, бірақ олар мәселені шеше алды. Ресей ғылым академиясының нарықтар проблемалары институтының бағалауына жүгінсек, 2013 жылы тіркелмейтін ресейлік импорт 23 миллиард долларды құраған. Алайда бірнеше жыл ішінде бұл түйткілдің түйіні тарқатылып, ақыры 2016 жылы Ресей мен Қытай арасындағы сыртқы сауда статикасындағы айырмашылық жоққа теңелді. Нәтижесінде, сол жыл қорытындысында Ресейдің қытайлық импорты 38,1 миллиард доллар, ал ҚХР-дың бұл елге экспорты 37,3 миллиард доллар болды. Осылайша, мәселені шешуге болады, ол үшін сыртқы сауда әріптестеріміздің кеден органдарының статдеректерімен салыстыра талдау жүргізіп отыру қажет", – дейді экономист Рақым Ошақбаев.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті (кеден органы соның құрамына кіреді) мемлекеттердің кедендік статистика мәліметтерінің айырмашылығы туралы туындаған жағдайға түсінік берді.

"Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттердің кедендік статистика мәліметтерінде үлкен ауытқулардың пайда болуы себептерін анықтау мақсатында талдау жүргізді. Елеулі ауытқулар "ҚХР экспорты – Қазақстан импорты" бағытына тиесілі. ҚХР мәліметтері бойынша Қазақстанға экспорт 11,6 млрд долларды, ал Қазақстан мәліметтері бойынша импорт небары 4,7 млрд долларды құраған. Қытай мәліметтері негізінде олардың бізге экспортының өскені байқалады, ауытқу – 6,9 млрд долларды құрайды. Қытай экспорты мен Қазақстан импорты мәліметтеріне салыстырмалы талдау жүргізу барысында ауытқулары жоғары, жалған декларациялауға және кедендік құнды төмендетуге жол берілген, салық көп түсуге тиісті тауарлардың бес тобы анықталды, бұлар – былғары өнімдері, киім-кешек, тоқыма өнімдері, аяқкиім. Көрсетілген тауар топтарын егжей-тегжейлі талдау жасау арқасында импорт көлемі жоғары 53 негізгі сыртқы экономикалық қызметке қатысушы анықталды", – деп мәлімдеді қаржы министрлігі.

Яғни, көлеңкелі "оптовиктер" Анықталған. бұлардың әлгі аталған қытайлық тауарлардың жалпы импортындағы үлесі бес тауар тобы бойынша 59,4 мың тоннаны немесе 77,5%-ын құраған!

"Мемлекеттік кірістер органдары кеден заңнамасын бұзған сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қатысты қызметтік талдау жүргізеді және оларды жауапқа тарту, бюджетке салық төлеттіру бойынша бақылаулық іс-шаралар кешенін жүргізеді. Қазіргі таңда комитет кеден заңнамасын бұзу тәуекелінің болуына қатысты қалған топтарға талдау жүргізуде", – деп хабарлады мемкірістер комитеті.

Бақыт Көмекбайұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу