Шенеуніктер өзбек тауарларының арзандығы үшін отандық кәсіпкерлерді айыптады

3926

Көрші елден бағасы төмен тауар тапқан алыпсатарлар жазалануда.  

Шенеуніктер өзбек тауарларының арзандығы үшін отандық кәсіпкерлерді айыптады

Еліміздің оңтүстігіндегі көптеген саудагер-кәсіпкерлер Өзбекстаннан тауар тасып, алып-сатумен күн көретіні жасырын емес, деп жазады Inbusiness.kz.

Қазіргі кезде оларды экономикалық қылмыспен күресетін органдар қудалауға кірісіпті. Қаржы министрлігі олардың өнім бағасын тым арзандатып көрсетіп, тауар контрабандасымен айналысатынын меңзеді. Алайда коммерсанттардың өз шындығы бар.

75 шағым жолдады

Зардап шеккен бизнес субъектілерінің қатарында шымкенттік "Asia Gold Tekstile",  "Texstile Prom", "Gold Textile" секілді кіші кәсіпкерлік нысандары бар. Олар өз жанайқайын билікке жеткізу үшін жанталасып, жоғарыға хат боратуда. Кәсіпкерлер 2021 жылдың ақпанынан бері Қаржы министрлігіне 75-тен астам шағым жолдапты. Олардың байламынша, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті тауарларды кедендік декларациялау кезінде тауардың кедендік құнына қатысты күмәнді шешім шығарып отыр.

Бірақ контрабандамен күресуші орган өз ұстанымынан табан аударар емес.

"Біздер, оңтүстіктегі кәсіпкерлер, Өзбекстаннан халық кең тұтынатын тауарларды – тоқыма өнімдерін импорттап, сол арқылы азын-аулақ пайда тауып жатқан жағдайымыз бар. Біз бұл тауарларды базарда халық арасында "Түркістандық қатар" немесе "Өзбек тауарлары" деген атпен белгілі орындарда бөлшек саудамен және көтерме бағамен өткіземіз. Өзбекстаннан қандай сапалы өнім күтуге болады? Тиісінше, сапасына қарай тауарлардың бағалары да төмен. 5 жылдан артық уақыттан бері кедендік декларациялау кезінде барлық құжатты ұсынып, заң талаптарын мүлтіксіз орындап, тауар тасумен болдық", – дейді "Asia Gold Tekstile" директорының орынбасары Ермек Сейілов.

Оның айтуынша, саудагерлер осы жылдар бойы Өзбекстанның экспорттық декларацияларын біздің кеден органына салыстыру үшін уақытылы ұсынып, валюталық ақша аударымдары бойынша талаптарды да мұқият орындап келіпті. Одан қалды, салықшылар дүркін-дүркін өткізетін "кедендік жете тексерулерге" адал қатысып отырған. Оның қорытындылары Мемкірістер комитеті (МКК) тарапынан еш күдік тудырмаған. Кәсіпкерлер сондай-ақ "пост-кедендік тексерулерден" де өтіпті, нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық анықталмады.

"Себебі, Өзбекстаннан экспорттау және елімізге импорттау рәсімдері сақталды, бәрі заң аясында жүрді. Алайда 2021 жылдың 12 ақпанынан бастап, МКК біз әкелген тауарлардың бағасы тым төмен деген желеумен тиісе бастады. Бұл ретте өзбектің арзанқол тауарын еш себепсіз брендтік тауарларға теңеген. Соған орай қосымша кедендік төлемдер мен салықтарды негізсіз есептеуге кірісіп кетті. Мемкірістер ведомствосының қызметкерлері біздің бұл тауарларды сонша арзан алғанымызға сенбейді, құжатын қабылдамайды. Сонда қалай, біз өзбек ағайындарға "тауарыңның бағасын көтер, әйтпесе біздің елде оны тым арзан деп жатыр" дейміз бе? Салықшылар мен кеденшілеріміз сабасына түсуі үшін өзбектерге үстеме баға төлеп, қосымша шығындалуымыз керек пе?", – деп дағдарады шағын кәсіпкерлер.

Олар 75 шағыммен тоқтамайтындарын, алда арыз ағыны артатынын жеткізді. Өйткені бақылаушы органдар оларды кәсібі мен нәпақасынан айырғалы тұр. Саудагер азаматтар хаттарын Қаржы министрлігі қарамай, комитетке түсіретініне, ал оның қызметкерлері шағымда айтылған заң бұзушылықты, тізбеленген дәлелдемелерді мүлдем зерделемей, заң баптары көшірілген сырғытпа жауаптармен құтылатынына қапаланады. Оның үстіне қазақша арыздарға жауаптар мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде келеді екен.  

Өзбектің арзан тауарына қазақ мүдделі

Айта кету керек, Nike, Adidas, H&M, испандық Inditex және басқа да  жаһандық брендтер өз өндірістерін Өзбекстанда  ашуда. Бірақ олардың брендтік өнімдерінің ешқайсысын "түркістандық қатардан" таба алмайсыз. Себебі, олар Еуропа мен АҚШ нарығына экспортқа шығарылады. Әрі бағасы базарда киінетін Шымқала тұрғындары үшін қолжетімсіз. Ендеше салықшылар мен кеденшілердің өзбектің қарапайым тауарының арзан тұратынына неге сенбейтіні түсініксіз.

Мысалы, Өзбекстанда көтерме бағамен қолғапты 70 теңгеден, күртешелерді 1,5 мың теңгеден (35 мың сум), шұлықты 40 теңгеден (960 сум) сатып алуға болады екен. Бұл тауарлар Қазақстанда бірнеше есе қымбат тұратыны мәлім.

Бұл жолы кәсіпкерлерге Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап қатты. Бас қаржыгердің хабарлауынша, елімізде кедендік әкімшілендіруді жақсарту мақсатында Мемкірістер комитеті құрылымында "Электронды декларациялау орталығы" (ЭДО) құрылды. Орталық кедендік құнды төмендетіп көрсету фактілерін әшкерелеумен, тауарлардың дұрыс саралануын нақтылаумен, жеңілдіктер мен преференциялардың ұсынылуының заңдылығын анықтаумен айналысады. Бұл ретте кедендік құнды бақылау  бағытында 7 қызметкер жұмылдырылған.

"Жалпы, ЕАЭО кедендік аумағына енгізілген тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу ерекшеліктері Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының шешімімен 2018 жылғы 27 наурызда бекітілді. Сол ережелерге сәйкес, тауарлардың кедендік құнына бақылау жасау кезінде кеден органы елге әкелінетін тауарлардың сипаттамалары, сапасы, бедел-репутациясы, мәміленің шарттары туралы өз қолында бар ақпаратты пайдаланады. Бұл ақпарат дәл сондай сынып немесе түрдегі ұқсас тауарларға қатысты қолданылуы мүмкін. Мұндай ақпарат кеден органдарының ақпараттық ресурстары немесе үшінші елдердің кәсіби қауымдастықтары, жеткізушілері мен өндірушілері арқылы алынады. Сонымен қатар заңмен тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен, мысалы, интернеттен алынуы мүмкін", – деді Қаржы министрі.

Яғни, кеденші декларацияланғалы тұрған тауардың интернетте қымбаттау тұратынын байқаса, кәсіпкер ұсынған деректерге қарсылық білдіруі мүмкін. Бұған заңды құзыры бар.

"Мына жағдайда кәсіпкерлер ұсынған құжааттарды жан-жақты зерделеу үшін "Өзбекстан Республикасының электрондық кооперациялық порталы" ресми сайты пайдаланылды. Өзбекстан Президентінің 2019 жылғы 1 мамырдағы №ПП-4302 қаулысымен құрылған бұл порталдың міндеті – Өзбекстан кәсіпорындары өндірген дайын өнімдерді, жиынтықты бұйымдарды, шикізат пен материалдарды сатуға және сатып алуға мүмкіндік ұсыну болып табылады. Электронды порталды зерттеу барысында ондағы бағалар мен елге әкелінген ұқсас тауарлардың бағалары арасында айтарлықтай алшақтық бары белгілі болды. Бұл – тауарлардың мәлімделген кедендік құнының жалған екендігінің нышаны саналады", – деді өз блогында Е.Жамаубаев.

Саудагерлердің құжаттарынан өзге де сәйкессіздіктер табылыпты. Контрактілердегі төлем туралы шарттар іс жүзіндегі төлеммен сәйкеспейді. Кедендік құнға көлік шығындары толық көлемде енгізілмеген. Қосымша сұралған құжаттар толық ұсынылмаған. Тауарлардың кедендік құны құжат жүзінде расталмаған.

Қаржы министрі кәсіпкерлерге келіспесе, сотқа жүгінуге кеңес берді.

Жасыратыны жоқ, өзбекстандық базарларда тауарды "электрондық кооперациялық порталдағыдан" әлдеқайда арзанға табуға болады.

Егер Өзбекстан Еуразиялық одаққа кірсе, екі ел арасындағы сауда-саттық әлдеқайда жеңілдер ме еді. Алайда төл жеңіл өнеркәсібінің өнімдерімен жаһандық нарыққа шығып жатқан "ала шапанды ағайындарымыз" мүше елдері бір-бірімен бақталасып, әртүрлі кедергі  құрып жатқан бұл одаққа қызықпайды. Демек, өзбектің арзан шұлығы, іш киімі мен тоқыма өнімдерін тасуға Қазақстанның өзі мүдделі. Пандемия мен дағдарыстан қажыған қазақстандықтар киімсіз қалмасын десе, мемкірістер органының кәсіпкерлерге қысым көрсете бергені де жөн болмаса керек.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу