Халықаралық тәжірибе бойынша қандай да бір елде ірі саяси оқиғалар болғанда, шекара мен кедендегі тексерістер және бақылау қатайтылады. Бұл сырттан қылмыстық элементтердің немесе заңсыз қару-жарақтың әкелінуіне және мемлекет ішіндегі тұрақтылықты бұзуына тосқауыл қою үшін жасалады. Мәселен, президенттік дода өтіп жатқан Украина осындай шараларға баруда.
Қазақстанда да таяуда тарихи ірі оқиғалар орын алғаны белгілі. Сарапшылар оны "дәуірлердің ауысуы" деп бағалады. Мұндай жағдайда шекараны берік ұстау аса маңызды.
Сонымен бірге, мемлекет қазір қосымша кіріс көздеріне аса мұқтаж. Себебі, қоғамның қысымымен билік аз қамтылған көп балалы отбасыларды және табысы төмен қазақстандықтар қолдауды арттыруға мәжбүр болды. Ал ондай әлеуметтік қамқорлық шаралары бюджеттен жүздеген миллиард теңге қосымша қаражатты қажет етеді. Сонымен бірге, мысалға, 2019 жылы Қазақстан өндірілетін мұнай көлемін 2018 жылғыдан бірден 1,4 миллион тоннаға азайтпақ. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бұған еліміздегі жаһандық үш "супералып" – "Қарашығанақ", "Теңіз" және "Қашаған" кен орындарының жоспарлы жөндеу жұмыстарына тұруы себеп болмақ. Тиісінше, "қара алтыннан" түсетін табыс та азаяды.
Демек, әлеуметтік салаға қажетті миллиардтарды табудың басқа көзі ізделеді және ол әдетте, кәсіпкерлерге қатысты болып келеді.
Мемлекет кедендегі бақылаудың күшейтілуі – таситын тауарының көлемі мен құнын кемітіп көрсетуші кәсіпкерлермен күрес екенін, сол арқылы жүк тасымалдаушылардан, саудамен, импортпен айналысатын кәсіпкерлерден жиналатын салықты арттыру көзделіп отырғанын жасырмайды.
Контрабанда негізінен, Қырғызстан мен Қытай жақтан келеді. Осы орайда тауарлардың заңсыз тасылуымен күресте елімізбен ынтымақтасуға ҚХР-дың өзі мүдделестік білдіруде әрі белсенді қимылдауда. Мәселен, таяуда Қытай тарапының шақыруымен үкімет басшысының бірінші орынбасары-бас қаржыгер Әлихан Смайылов Бейжіңге жұмыс сапарымен барып қайтты. Онда ол ҚХР-дың бас кеден басқармасының басшысы Ни Юэфэнмен кездесіп, екі елдің кеден қызметтері арасындағы іске асырылып жатқан жобаларды талқылады.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, бүгінгі таңда ынтымақтастықтың басты міндеттерінің бірі ұзақ жылдардан бері орын алып келе жатқан Қазақстан мен Қытай арасындағы кеден статистикасы мәліметтерінің сәйкес келмеуі көлемін төмендету болып отыр. Осы міндетті шешу үшін келіссөздер соңында еліміздің қаржы министрлігі мен ҚХР бас кеден басқармасы "Сыртқы сауданың кеден статистикасы саласында әдістемелік және ақпараттық өзара іс-қимыл туралы хаттамаға" өзара алмасатын ақпарат құрамын кеңейту бөлігінде өзгерістер енгізу керек деген ортақ ойға тоқайласыпты.
Сондай-ақ алда қазақстандық шенеуніктерге Қытайдың экспорттық декларациясынан ақпараттар алуға рұқсат етілмек. Әйтпесе, қазақстандық кеденшілер шың елінен тасқындап жатқан халық кең тұтынатын тауарлардың құнын анықтауға қауқарсыз немесе құлықсыз. Салдарынан, қытайлық тауар тасушылар қазақстандық кеденнен өткенде, мысалы, ерлердің қысқа шалбарын 68 теңгеден, мектеп оқушыларының арқа сөмкелерін 46 теңгеден, әйелдердің қалпақтарын 69 теңгеден декларациялайды, яғни сатып алған құнын төмендетеді. Кеден органы ондай декларацияны қабылдамай тастайын десе, бір жағынан, бұл өнімдердің қытай базарлары мен цехтарындағы көтерме бағасын білмейді. Сондай-ақ, қытайлық кеденшілердің декларацияда ол өнімдерге қатысты қандай бағаны тіркегенінен де бейхабар. Енді шығыс көршідегі әріптестері осы ақпаратпен бөліспек ниетті.
"Сынақ-тәжірибе ретінде басқа өткізу пункттеріне тарату арқылы онлайн тәртібіндегі экспорттық декларацияны беру іске асырылатын болады, бұл бюджетке кедендік төлемдер мен салық алымының толығырақ түсуін қамтамасыз етуге және мәліметтердің сәйкес келмеуін кемітуге мүмкіндік береді ықпал етеді", – деп хабарлайды қаржы министрлігі.
Сонда контрабандамен күрестегі басты назар ежелден төсекте басы, төскейде малы аралас-құралас жатқан қырғыз ағайындарға ауады.
"Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекарада автокөлік құралдарының жинақталып қалуы – тасымалдаушылардың қосымша тексеруден өткісі келмейтінімен байланысты", – деген мәлімдеме таратты кеден органдарына жауапты мемлекеттік кірістер комитеті.
Ведомство қазіргі кезде Қазақстанның бүкіл мемлекеттік шекарасы бойында мониторинг жүзеге асырылып жатқанын хабарлайды. Оның барысында егер кеденші қажет деп тапса, "тыйым салынған заттардың тасымалдануын анықтау мақсатында" кез келген көлікте қосымша тексеріс жүргізілетін көрінеді.
Бірақ мемкірістер органы ондай тексерістер көп еместігін де алға тартады. Мәселен, 27 наурыздан бері қазақ-қырғыз шекарасында, соның ішінде "Қарасу" өткізу бекетінде қытайлық және түркиялық тауарларға лықа толтырылған 9 жүк көлігі қосымша тексеріліпті.
"Бұл ретте аталған барлық көлік құралдарында тауарларға ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны әшкереленді. Бұдан бөлек, жете тексерулердің жүргізілуіне байланысты, биылғы жылдың 27 наурызынан бері 40 жүк көлігі тауарларға ілеспе құжаттарына түзету енгізу үшін Қырғызстан аумағына өз еріктерімен кері қайтып кетті. Осы орайда Қырғызстанда өндірілген тауарларға қатысты сырттай визуалды қарау жүргізілуде және бұзушылықтар анықталған жоқ", – деп түсініктеме берді қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.
Қазіргі уақытта Қырғызстан жағынан Қазақстанға кіре алмай, қаңтарылып қалған жүк және басқа да көліктердің саны 140-тан асып кеткен. Қазақстан бұл "дағдарысқа" қосымша тексеруден өткісі келмейтін тасымалдаушылардың өздерін айыптауда.
Бұл жағдай қырғыз билігінің де қабырғасына батса керек. Күні кеше қырғыз үкіметінің жанындағы мемлекеттік кеден қызметінің төрағасы Алмаз Онолбековтың өзі Астанаға арнайы келіп кетті. Ол еліміздің мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевпен бірге ұзақ келіссөздер жүргізіпті.
"Кездесу барысында тараптар кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, екі елдің кедендік статистикасы мәселелерін, сондай-ақ проблемалық түйткілдерді және одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Жүздесушілер кейбір тауарлар түрі бойынша кеден құнын төмендету фактілерінің барлығын атап өтті. Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар анық емес декларациялауды анықтау, тауарлардың нақты құнын қамтамасыз ету және импортталатын тауарлар бойынша ақпаратпен алмасуға бағытталған шараларды күшейтуге келісті", – деп мәлімдейді мемкірістер органы.
Рас, қырғыздың бас кеденшісі бір олжамен де оралды: ол "қырғыздардың өздері жасаған тауарларға қатысты күшейтілген бақылау шаралары қолданылмайтынына" қол жеткізіпті.
Бұл уағдаластық екі елдің құзырлы орган басшылары қол қойған тиісті хаттамада бекітілді.
Алайда қырғыздар қазақ ағайындарына өткізуге таситын тауарларының нақты өздері жасағанын дәлелдеулері шарт. Оның үстіне қытайлар секілді әр өнімнің нақты құнын анықтау бойынша тетіктерді іске қоспайынша, екі ел арасындағы фуралардың шақырымдық кезектері ары қарай да бой көтере беретінге ұқсайды.
Өз кезегінде Қырғызстанның мемлекеттік шекаралық қызметі қазақстандық әріптестерінің контрабандамен күрес аясында ірі жүк көліктерін мұқият тексеріп жатқандарын растады.
"Бұған қоса, шекарадан ары қарай кесіп өте алмай, кері қайтқан жүргізушілердің айтуынша, "Қарасу" өткізу бекетінде Қазақстанның салық қызметтері, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік инспекциясының қызметкерлері де жұмыс жасауда. Олар әрбір машинаны 15-20 минуттан тексереді. Бірқатар жүк көліктерін талаптарды сақтамағаны үшін Қырғызстан жаққа кері жіберуде", – деп хабарлады қырғыз шекара қызметі.
Көршінің шекарашылары біздің жақта автокөліктер тексеруден кейін ары қарай жүріп кетпейтінін, бақылау-өткізу бекеті ауданындағы тұрақта тұрған күйде қалатынын бақылауда екен.
Жанат Ардақ