Кедендегі заңсыз бағалар заң аясында реттелмек

2136

Кәсіпкерлердің сөзінше, кеденшілер тауар бағасы анық көрсетілген құжаттар бола тұра, бағаны көтеріп қоюды ашықтан ашық талап ете бастаған.

Кедендегі заңсыз бағалар заң аясында реттелмек

Бұл туралы Алматыда, кеден қызметкерлері, "Атамекен" ҰКП және кәсіпкерлердің қатысуымен өткен баспасөз жиынында мәлім болды.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына кеден бекеттерінің жұмысына көңілі толмаған кәсіпкерлердің шағымдары көптеп түсе бастапты. Кәсіпкерлердің сөзінше, кеденшілер тауар бағасы көрсетілген құжаттарға қарамастан, бағаны көтеріп қоюды ашықтан ашық талап ете бастаған. Қазір кеден декларациясы баға туралы ақпаратты өздері қалаған көрсеткіште қалыптастырып отырған тәуекелді бағалау жүйесі арқылы "қызыл" және "жасыл" дәліздер арқылы ресімделіп жатыр.

Тәуекелді бағалау жүйесі (ТБЖ) халықаралық стандарт бойынша халықаралық сауда тәртібін жеңілдетуге бағытталуы, сыртқы сауда саласында жүрген кәсіпкерлерді тәуекелі төмен топ қатарын толықтыруға ынталандыру тиіс еді. Кәсіпкерлер электронды декларация жүйесі енгізілгеніне қарамастан, талап етілетін құжаттар бұрынғыдан да еселеніп көбейіп кеткенін айтып отыр.    

Қазақстандық сауда-саттық компаниялары, электр-компьютерлік және тұрмыстық техникалар мен күрделі техникалық жүйелерді өндірушілер қауымдастығының (КАТЭКС) төрағасы Сергей Архипкин журналистер алдында Қазақстанға жеткізілген импорт тауарларды кедендік ресімдеуде түсініксіз факторларға орын беріліп жатқанын айтты. Бұл бұйрық, кәсіпкерлердің пайымдауынша, салық органдары мен мемлекеттік кіріс комитеті тарапынан берілгенге ұқсайды.

Сергей Архипкиннің айтуынша, қалыптасып отырған жағдай кәсіпкерлердің наразылығын тудыруда. Себебі тәуекелдерді басқару жүйесінде көрсетілген баға дұрыс емес, тіпті тауардың өзіндік құнынан бірнеше үш есе көбейтіліп көрсетілген. Сыртқы экономикалық істер басқармасы тауарларды тәуекелі төмен тізімге енгізуі керек еді. Ал іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Кәсіпкерлер кеден заңнамасын 100 пайыз сақтаса да кеденшілердің көңілінен шықпаған. Осыдан соң тауарларын Ресей, қырғыз немесе өзбек кеден бекеттері арқылы рәсімдеу үшін көршілерге атбасын бұрғандардың саны өскен.

Бұл талап кәсіпкерлерді қиын жағдайда қалдырып отыр. Бұл қолданыстағы бағаның үш есе қымбаттауына әкеліп соғады.

Кәсіпкерлер мұндай жағдайда бизнестердің тоқырап қалатынын да, үкіметтің экономикалық блогының бұл шешімге мәжбүрліктен барғалы отырғанын алдын ала сезіп отыр. Себебі, экономикадағы көлеңкелі бизнестің үлесінің кемитін түрі жоқ, бір ғана кеден бекеттеріндегі көлеңкелі сауда 7 млрд АҚШ долларына жетті деген дерек бар.

"Шет елдерден импорт тауарларды сататын кәсіпкерлердің бәрі шығынға батады. Қазақстандық тұтынушылардың төлем қабілетінің қандай екенін білеміз. Мұндай жағдайда импорт тауарларды тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер қырғыз немесе өзбек кеден бекеттері арқылы тауарларын рәсімдейді. Тығырықтан шығар өзге жол жоқ", – дейді Сергей Архипкин.

Қазақстанның кедендік брокерлері қауымдастығының төрағасы Геннадий Шестаковтың айтуынша, халықаралық құжаттармен мақұлданған, сондай-ақ, Кедендік одақтың кедендік құн туралы келісіміне сай белгіленген жеңілдіктердің қарапайым реті бар. Ол жерде жеңілдік түрлері мен рәсімдеудің барлық реті көрсетілген.

"Халықаралық заңдардың еш бірінде ондай заң белгіленбеген. Бұған барлығын құны бойынша тексеріп, қосымша тексеру жүргізуге өтініш беретін тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) себеп болып отыр. Сондай-ақ егер біз барлық қажетті құжаттарды алып келсек те, кедендік құнын растай аламыз деген сөз емес. Осыдан келіп шығатын қорытынды, біздің кәсіпкерлеріміз үшін жүктерді Кедендік одаққа мүше Қырғызстан, Ресей, Белоруссия сияқты елдердің кедені арқылы тасымалдау анағұрлым тиімді", – дейді ол .

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы Кеден әкімшілігі департаментінің директоры Дина Мамашева кеден органдарының бұл әрекетін заңсыз деп бағалайтынын жеткізді.

"Олар тарапынан жасалған кеден бағалары қазіргі қолданыстағы кеден бағаларына да, халықаралық ережелерге де қайшы", – дейді Дина Талғатқызы,

Ұлттық палата өкілі бұл мәселелерді заң жолымен шешуге әзір екенін айтты.

"Біз алдағы бірер күнде осы мәселені талқылау үшін мемлекеттік кіріс комитеті өкілдерімен кездесуді жоспарлап отырмыз. Біз кедендік баға саясатының кенеттен өзгеруіне қандай жағдайлардың себеп болғанын зерттеуіміз керек. Бағаны көтеруге мүмкіндік беретін құқықтық нормативтік құжаттардың бар немесе жоқ екеніне көзіміз жетуі керек. Осыдан кейін ғана бұл құжатқа өзгеріс енгіземіз немесе күшін жоямыз", – деді ол бізбен әңгімесінде.

Ол мұндай жағдайдың не себептен орын алғанын және кәсіпкерлердің неге ширығып отырғанын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, кеден бекеттеріндегі тәуекелдерді бағалау жүйесінің жұмысы ашық емес.

"Мұның себебін ашық айтпайынша, проблема шешілмейді. Сол себепті деректер ашылуы керек. Егер, құжаттардың заңға сәйкестігі нақтыланса, оны заңды құжат ретінде қабылдау керек. Бұл халықаралық талап. Біз кеден бекеттеріндегі тәуекелдерді бағалау жүйесінің ашық болғанын қалаймыз. Сол үшін жұмыс істейміз", – деді Дина Мамашева.

Отырыс соңында тәуекелдерді басқару жүйесі стратегиясы мен тактикасында қандай мәліметтер құпия болып табылатындығын нақты жазып, сондай-ақ осы мәселелерімен тұрақты жұмыс істейтін жалпы жұмыс тобын құру қажеттігі айтылды.

Рауан Ілиясов, Алматы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу