Өзбекстан су жібермей қояды – Қазақстан билігі бидайға кеден бажын сала алмай отыр

3937

Бидайға экспорттық кеден баждарын салған жағдайда Өзбекстан Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне су жібермей қоюы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Өзбекстан су жібермей қояды – Қазақстан билігі бидайға кеден бажын сала алмай отыр

Еске сала кетсек Мәжілістің 16 маусымда өткен отырысында депутаттар Өзбекстан Қазақстаннан астықты сатып алып, оны өз диірмендерінде өндіре бастағанын мәселе етіп көтерген болатын. Тіпті өзбек тарапы өзінің ішкі нарығын қамтып қана қоймай, Қазақстан ұнының 66%-ын сатып алатын Ауғанстанның да нарығын жаулауға көшкен.

"Қазақстанның ұн өндіру саласы мемлекеттік қолдау мен дамытуды қажет етеді. 2000 жылдары ұн өндіретін 2300 компаниямыз болса, содан қалған 300-ге жуық диірменнің 50% банкротқа ұшырап, тоқтап қалған, жұмыс орындары қысқарып, жабылып жатыр. Мемлекетке салық төлеп, жұмысшыларға айлық беріп отырған кәсіпорындардың кәсіптерін қарқындатуына жағдай жасауымыз керек. Бүгінде осы кәсіпорындардың табыс табуына жол бермейтін көптеген шектеу мен кедергі  бар. Бұл мәселелерді шешу оңай емес, жүйе дұрыс жолға қойылмағандықтан, қайта өңдеу өнеркәсіптерінің жұмысын тежейтін салықтық кедергілер мен нарықтық тосқауылдар мемлекет тарапынан үлкен  қолдаушылық көрсетуді талап етеді", - деген еді мәжілісмен Айбек Паяев. https://inbusiness.kz/kz/news/ozbekstan-kazakstannyn-bidajyn-ondep-auganstanga-satyp-zhatyr

Өзбекстан Қазақстаннан баратын бидайдан қосымша құн салығын алып тастаған. Ал ұнға, керісінше, баж салығын қосқан. Осыны айта келе депутаттар ұн тартушы диірмен кәсіпорындарын дамыту мақсатында осы жүйенің тиімділігін және  сапасын арттыратын қандай кешенді шараларды жүргізуді талап еткен. Одан бөлек экспортталатын бидайға экспорттық кедендік баж енгізіп, отандық бизнесті қолдау керектігін мәлім еткен еді.

Мәжілісмендердің бұл сауалына Сауда және интеграция министрлігі жауап беріпті. Министрдің міндетін атқарушы Ержан Қазанбаевтың айтуынша, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан 2011 жылғы 18 қазаннан бері Еркін сауда аймағы туралы шарттың (ТМД шарты) қатысушылары. Шартқа қол қояр кезде айтылған белгілі бір тауарларды қоспағанда, мүше мемлекеттер өзара саудада экспорттық кедендік баждарды (ЭКБ) қолданбауға келіскен.

"ТМД шарты бидайға қатысты ЭКБ қолдану мүмкіндігін көздемейді. Осыған байланысты, оларды енгізу Қазақстан Республикасынан экспортталатын басқа да тауарларға қатысты, сондай-ақ басқа да салаларда, мысалы, оңтүстік өңірлерді сумен жабдықтау мәселесінде жауап шараларын қолдану тәуекеліне әкеледі", - деп жауап берді Ержан Қазанбаев.

Бидайды әкетуге қатысты ЭКБ-ны үшінші елдерге қолданылуы мүмкін. Бұл ретте, ДСҰ шеңберіндегі міндеттемелерді ескере отырып, ЭКБ мөлшері 20%-дан аспауы керек, ал бірақ бидай тоннасына 60 АҚШ долларынан кем болмауы тиіс.

"Бидайға қатысты ЭКБ белгілеудің орындылығы мәселесі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен және салалық қауымдастықтармен бірлесіп қаралғанын атап өткен жөн. Талқылау барысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті орган осы тауардың ішкі нарықтағы бар елеулі профицитін, сондай-ақ әлемдік нарықтардағы бәсекелестіктің жоғары деңгейін және қазақстандық бидайды әлемдік өткізу нарықтарына жеткізу кезіндегі елеулі көліктік тіректі атап өтті. Аталған себептер негізінде ҚР АШМ бидай шығаруға ЭКБ белгілеуді қолдамайды", - деп жауап берді Сауда және интеграция министрлігінен.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу