Қазақстан Қытай азаматтарына визасыз режим енгізбек

10488

ҚХР азаматтарының негізгі бөлігі үшін визасыз режим қысқа, тек бір ауданы үшін ұзақ болады.  

Қазақстан Қытай азаматтарына визасыз режим енгізбек

Осы мақсатта ел Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына өзгеріс енгізетін жаңа қаулы жобасы әзірленді. Жеті жыл бұрын қабылданған құжат Қазақстанға өзге елдерден бағытталған көші-қон легін реттеуге, келімсектерді бақылауға алуға, шекарадан заңсыз өтетін шетелдіктерді есепке  алуға бағытталған-тын.

Тиісінше, кезінде осы қаулымен бекітілген "Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстаннан кетуінің қағидалары" жаңадан жазылады.

Өзгеріске сәйкес, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары арқылы транзитпен өтетін Қытай азаматтары үшін бір жылға визасыз режим енгізіледі.

"ҚХР азаматтарына 2020 жылғы 31 желтоқсандағы 23:59 сағатқа дейін Қазақстанға кірудің, онда болудың, одан кетудің 120 сағаттық визасыз режимі қолданылады", – делінген жаңа құжатта.

Басқаша айтқанда, қытайлар еліміздің ірі екі мегаполисінде бес күн бойы визасыз жүре алады.

Бұл игілікке қол жеткізуі үшін ҚХР тұрғынының осы мерзім өткесін ұшып кететінін айғақтайтын авиабилеті және әуекомпаниясының соны растайтын хаты болуы тиіс.

"120 сағаттық визасыз режим Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары арқылы үшінші елдерге транзитпен ұшатын ҚХР азаматтарына оларда жарамды авиабилеті және авиакомпанияның немесе қазақстандық туристік оператордың туристі қабылдау туралы растау хаты болған жағдайда ұсынылады. 120 сағаттық визасыз режимді пайдаланатын ҚХР азаматтарына өткізу пунктерінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі миграциялық карточка береді", – делінген Үкімет қаулысы жобасында.

Билік елімізге визасыз режим аясында қанша қытайлық келіп, қаншасы кеткенін қайдан біледі?

Осы іспен айналысатын авиакомпаниялар және қазақстандық туристік операторлар ҰҚК қызметіне және Ішкі істер министрлігіне транзитпен өтетін және визасыз режимді пайдаланатын ҚХР азаматтарының тізімін тапсырып отыруға міндеттеледі. Және бұл тізім құзырлы органдарға шың елінің тұрғыны ұшып келерден кемінде 3 күн бұрын жолдануы керек.

Туроператорлар мен әуе тасымалдаушылар ҚХР азаматының елімізден уақытында ұшып кетпегені үшін жазаға тартылады: "Олар ҚХР азаматтарын қарсы алуды және шығарып салуды ұйымдастырады, сондай-ақ қабылданатын туристер үшін, соның ішінде Қазақстаннан үшінші елдерге шығу үшін өз рейстеріне келмегені, сол сияқты визасыз болу тәртібін бұзғаны үшін жауапты болады. Бұл ретте авиакомпания немесе қазақстандық туристік оператор осы режимді бұзған ҚХР азаматын іздестіру іс-шараларын жүргізуге жәрдемдеседі", – дейді қаулы.

Қытай жағы өз азаматтары үшін Қазақстанның визасыз режим енгізуін ұзақ жылдардан бері сұрап жүр. Бірақ қоғам арасында көршіге қатысты қауіптердің болуына орай билік бұл қадамнан аяқ тартып келді.  

Осы бетбұрысқа бастамашы болған меморган басшысы – мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 5 күндік визасыз режим туризмді дамыту үшін қажет екенін айтады. Ол осы қадамның қоғамда теріс әлеуметтік немесе экономикалық және құқықтық салдарларға соқтырмайтынына сенімді.

Жалпы, бұған дейін еліміз арқылы өтетін жолаушылар үшін "визасыз транзит" енгізілген болатын. Бірақ ол Қытай мен Үндістан азаматтары үшін небары 72 сағатты ғана құрайды. Оның үстіне таяуда, 2019 жылғы 31 желтоқсанда бұл пилоттық жоба аяқталады.

Енді осы ел тұрғындарының екі басты қаламызда еркін жүретін уақыты 120 сағатқа дейін ұлғайтылатын болады.

Тағы бір өзгеріс сол, қазіргі визасыз транзит тек қазақстандық әуе компанияларымен ұшатын қытайлықтарға ғана беріледі. Соның арқасында әсіресе, "Эйр Астананың" жолаушылар ағыны артты. Енді ол бұл артықшылығы мен монополиясынан айырылмақ. Жаңа құжат Қазақстан арқылы кез келген әуе компаниясымен өзге елдерге ұшатын ҚХР азаматтарына визасыз режим сыйлайды.  

"Бұл түзету осы елдерден туристер санын ұлғайту, Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайлары арқылы халықаралық авиарейстерді жүзеге асыратын әртүрлі авиакомпаниялармен ұшу мүмкіндігін кеңейту үшін енгізіледі", – деп түсіндіреді Мәдениет және спорт министрлігі.

Бұл – біржақты түрде енгізіліп отырған визасыз режим.

Бұған қоса, Қазақстан мен ҚХР өз азаматтарының өзара еркін жүріп-тұруы бойынша басқа уағдаластыққа келді. Сыртқы істер министрлігі әзірлеген жоба Қазақстан Үкіметі мен Қытай халық республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасында бекітілмек.

Қос билік "визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге" келді.

Премьер Асқар Маминге жазған түсіндірме жазбасында сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл еліміз бен қытайлық Макао ауданы арасында тығыз ынтымақтастықты дамытуға және азаматтарға жеңілдетілген визасыз тәртіп орнатуға мүмкіндік беретінін мәлім етті.

Қазақстан атынан осы келісімге қол қою ҚХР-дағы елшіміз Ғабит Қойшыбаевқа жүктеледі деп жоспарлануда.

Ал Макао жағы келісімге өз Үкіметінің әкімшілік және әділет істері бойынша хатшысы Чан Хой Фан қолтаңбасын түсіретінін хабарлады.

Әділін айта кетейік, егер әлдеқалай Макао ауданында тұратын қытайлықтардың қаптау және қылмысты өршіту қатері туындаса, құжат күшін тоқтатуы ықтимал.  

"Уағдаласушы тараптар қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе халық денсаулығына төнетін қауіпті болдырмау үшін осы келісімнің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы", – делінген құжаттың 9-бабының 1-тармағында.

Сонымен, келісім жобасына сәйкес, ҚХР-дың Макао арнайы әкімшілік ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан аумағына визасыз кіріп, елімізде 14 күн бойы еркін жүре алады. Бұл бізде жұмыс жасағысы не оқығысы келетін қытайлықтарға таралмайды: олар виза алуы қажет.

Айтқандай, дәл осындай артықшылық, яғни Макаода екі апта бойы визасыз жүру құқығы барлық қазақстандықтарға да беріледі.

"Негізі, "кіші Қытай" аталатын Макаода жергілікті халықтың 95%-ы қытайлар. Бұл туристік бағыт қазақстандықтар арасында кең танымал емес. Оны негізінен, бай азаматтар жақсы біледі. Өйткені онда казино индустриясы ғаламат өркендеген. Қарапайым адамдар казиноның астанасы Америкада деп біледі. Шынында, ойын бизнесінен Лас-Вегастың табатын табысы 6,5 миллиард доллардай ғана. Ал Макаоның бұдан табысы 45 млрд доллардан асып кетті! Қытайдың өзінде казиноға тыйым салынған. Сондықтан қытайлар осы Макао ауданына ағылады. Лас-Вегас туристерге бағдарланған. Ал Макао казинолары көбіне VIP-клиенттерге қызмет етеді. Sands, Melco, Wynn секілді сән-салтанатты қонақүйлерде біздің миллионерлерді де ұшырастыруға болады", – дейді экономист Болат Әділғазиев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу