Халық санағының уақыты әлі белгісіз

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3524

Ұлттық санақтың 2020 жылдың қай мезгілінде өтетіні нақтыланған жоқ.

Халық санағының уақыты әлі белгісіз

Қазақстанда халық санағы өтеді деп жар салғанымызға біраз уақыт болды. "2019 жылы өтеді екен" деп бір шуладық. "2020 жылға қалдырылды" деп тағы жарыса жаздық. Биліктегілер әлі күнге дейін нақты жауабын айтпай келеді.

Негізі, ұлттық санақ 10 жылда бір рет ұйымдастырылады. Қазақстандағы соңғы санақ 2009 жылы өтті. Демек, биыл өтуге тиіс. Бірақ, санақ 2020 жылға шегеріліп отыр.

"Халық санағы 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда, оны өткізуге және дайындық жұмыстарына қатысты мәселелер түбегейлі шешілмегендіктен, 2020 жылға қалдырылды. Келер жылы санақ нақты ұйымдастырылады. Бірақ, қай мезгілде екені нақтыланған жоқ. Қыста, не күзде өтеді", – деді Парламент Мәжілісінде өткен "дөңгелек үстелге" қатысқан статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов.

Оның айтуынша, халық санағын ұйымдастыру уақытын шегеруден саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Ол президент сайлауына қатысты емес.

Бұған дейін бірнеше мәрте жазғанымыздай, алдағы халық санағында цифрлық технологиялар пайдаланылады. Яғни, санақшылар қағаз, қаламды емес, арнайы планшеттерді қолданатын болады.  

"Бұдан бөлек, тұрғындар санақ жұмысына өз еркімен-ақ атсалыса алады. Ол үшін арнайы сайт әзірленген. Кез келген тұрғын аталған сайтқа кіріп, тиісті мәліметтерді қалдыра алады. Дегенмен, санақшылар оларға міндетті түрде барып, жолығады. Ал халық санағынан сайт арқылы өткен жандарға арнайы СМС-хабарлама келеді. Санақшылар келген кезде олар СМС-хабаралманы көрсетуі керек. Мұның бәрі халық санағын жеңілдету үшін жасалған", – деді статистика комитетінің төрағасы.

Нұрболат Айдапкеловтың сөзінше, халық санағын өткізуге шамамен 9 млрд теңге қажет.

"Санақты электронды форматта жүргізу біршама қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Өйткені, бұған дейін қаржының көп бөлігі қағазға жұмсалатын", – деп толықтырды сөзін төраға.

Жалпы, алдағы халық санағына 30 мың адам жұмылдырылады деп күтілуде. Оларға заңға сәйкес еңбекақы төленеді. Еңбекақы көлемі 60-85 мың теңгені құрамақ. Ал оған дейін санақшыларға іріктеу жүргізіледі. Тиісінше, олар арнайы курстан өтеді.

Бұған дейін Ақмола облысының Бурабай ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында пилоттық режимде цифрлық форматта халық санағы ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.

Нұрболат Айдапкеловтің сөзінше, статистикалық деректерді дұрыс көрсетпеген адамдар жауапкершілікке тартылады. Мәселен, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында аумақтық статистика органдары мәліметті дұрыс көрсетпеген 4 567 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сонымен қатар, бір жыл ішінде статистикалық деректерді дұрыс көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілік арқалаған 300-дей адам екінші мәрте заңды бұзғаны үшін жазаланған.

"2018 жылдың екінші тоқсанында бұл салада профилактикалық бақылау енгізілді. Осыдан соң әкімшілік жауапкершілікке тартылатын адамдар саны 4 есе қысқарды. Қолға алынған шаралардың бәрі есеп беру тәртібін күшейтті", – дейді комитет төрағасы.

Статистикалық деректердің бір-біріне қайшы келіп жататынын көріп жүрміз. Комитет осындай олқылықтардың орнын толтыруға ниетті. Бұл ретте, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау мәселесі бірінші орынға шықпақ.

Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, қазіргі уақытта статистика комитетінің ақпараттық жүйесі 26 орталық және жергілікті атқарушы органның ақпараттық жүйесімен кіріктірілген. Биыл тағы 7 ақпараттық жүйемен интеграция жасау жоспарланып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу