Бай мен кедейді еуропаша анықтау керек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3158

Сатып алу қабілетін қарыз алмай, қонақ шақыру мүмкіндігімен бағалаған дұрыс.

Бай мен кедейді еуропаша анықтау керек

Ресми статистика бойынша инфляцияны қоса алғанда азаматтардың "жалақыларының сатып алу қабілеттілігі" өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, жыл басынан бері 2%-ға өскен. Бұл ретте Еnergyprom талдаушылары осы көрсеткіштің 2015 жылғы І тоқсаннан бері алғаш рет өсіп отырғанына назар аудартады. 

Сонымен биылғы 2018 жылдың І  тоқсанында қазақстандықтардың орташа жалақысы 152 мың 442 теңгені құрап отыр. Бұл былтырғы жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда, 8,7%-ға көп көрінеді.

Салыстыру үшін айталық, өткен 2017 жылы Қазақстанда орташа айлық жалақы небары 149,7 мың теңгені немесе 459 долларды құраған болатын. Бұл алдыңғы 2016 жылғыдан 5%-ға артық. Алайда инфляцияны есепке алғанда, қазақстандықтардың табысының сатып алу қабілеттілігі бір жыл ішінде 2,1%-ға төмендеген. Тек биыл ғана шамалы өсім байқала бастаған.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегінше, осы жылдың алғашқы тоқсанында ең үлкен өсімге Маңғыстау өңірі қол жеткізіп, Астана мен Алматыны артта қалдырған. Ақшалай көлемде бұл көрсеткіш 14%-ға ұлғайып, 282 мың теңгеге жетті: бұл – Қазақстандағы ең жоғарғы орташа айлық жалақы саналады. Сондай-ақ айлықтың көтерілуі бойынша көшбасшылар қатарына Атырау облысы кірді: 9,2%-ға артып, 279,9 мың теңге межесіне жетті.

Қызметкерлерінің табысы жоғары болып келетін ұлттық компаниялар мен билік органдары шоғырланған елорда үштікті тұйықтады. Статистикашыларға сенсек, Астанада орташа жалақы биыл 9,9%-ға өсіп, 223,5 мыңды құрады. Бұл нені білдіреді? Осы айтылған ресми көрсеткіштерден төмен айлық алатындар "жалақысы орташадан төмен" саналады.

Тұрғындарының саны екі миллионға жуықтап қалған, табыс табу мүмкіндіктері әлдеқайда мол деп есептелетін Алматы 4,4% өсімімен және 187,8 мың теңге көрсеткішімен көшбасшылар қатарынан тыс қалды.

Орташа айлық жалақы Қазақстанның өзге өңірлерінде келесідей қалыптасып отыр: БҚО-да – 145 999, Қарағанды облысында – 142 052, Павлодар облысында – 133 905, ШҚО-да – 126 594, Ақтөбе облысында – 125 915, Қызылорда облысында – 122 022, Қостанай облысында – 114 836, Ақмола облысында – 110 395, Алматы облысында – 108 727, СҚО-да – 102 мың 254, Жамбыл облысында – 102 134, ОҚО-да – 102 080 теңге. 

Әрине, орташа көрсеткіш есептелгенде, оған табысы үлкен мамандықтар ықпал ететіні мәлім. Сондықтан бұлардың кім екенін де нақтылай кеткен жөн. Ресми мәлімет бойынша елімізде ең жоғары жалақыны қаржы және сақтандыру салаларының қызметкерлері алады: олардың айлығы биылғы І тоқсанда тағы 2,8%-ға өсіп, орташа есеппен 299 мың теңге болыпты.

Одан кейінгі орынға ғылыми және техникалық қызметпен айналысатын қызметкерлер шықты: жалақысы 7,2%-ға артып, 255,1 мың теңгеге жеткен. Бұған елімізде басталған жаңғыру мен цифрландыру әсер етуі ықтимал. Бұл ретте 2021 жылға дейінгі "Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында" еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, дәл осы техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға екпін түсірілген. Оның үстіне "Жаңғыру 3.0" аясында елбасы бастамасымен, "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасын жүзеге асыру қолға алынды.

Өнеркәсіпте лауазымды қызметкерлердің жалақысы 11%-ға көтеріліп, 223,3 мың теңгені құрапты. Соның ішінде статком айына көп табыс табатындар жұмысы ауыр тау-кен өндіру және кен игеру өнеркәсібінде екендігін хабарлайды: олардың орташа жалақысы 366,2 мың теңге көрінеді. Ал өңдеу өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 172 254 теңге болып отыр.  

Ең аз алатындар қатарында ауыл, орман және балық шаруашылығы мамандары (биылғы І тоқсандағы орташа жалақысы 80 049 теңге), білім беру саласы (95 484 теңге), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (101 769), сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және қалдықтарды жинау саласы (104 928), өнер мамандары (125 327) аталды. 

Әйткенмен сарапшылар халықтың сатып алу қабілеттілігін есептеудің қазақстандық үлгісі шынайы көріністі бере бермейтінін айтады. Өйткені 2015 жылғы 20 тамызда елімізде теңгенің күрт құнсыздануы, яғни девальвация жүргенін де ескерген жөн. Сонда егер үш жыл бұрын 150 мың теңге шамамен 750 долларға теңелсе, қазір бұл сома 450 долларға ғана жететіні жасырын емес. 

Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде, атап айтқанда, Еуропалық одақта күні кешеге дейін азаматтардың сатып алу қабілеттілігі тоғыз нышан бойынша бағамдалды. Ол үшін халық арасында ауқымды сауалнама жүргізіліп, "күтпеген шығыстарға қаржы таба аласыз ба?", "жыл сайын үйден тыс жерде бір апта бойы демалуға мүмкіндігіңіз бар ма?", "ипотека, рента, коммуналдық қызметтер, зат сатып алу сияқты бағыттарда берешексіз төлем жасай аласыз ба?", "екі күнде бір рет асыңызға етті, құс етін, балықты не олардың вегетариандық баламасын қоса аласыз ба?", "үйіңіздің жылу температурасын сақтауға мүмкіндігіңіз бар ма?", "үйіңізде 1) кір жуу машинасы, 2) түрлі-түсті теледидар, 3) ұялы телефон, 4) жеңіл автокөлік бар ма?" деген сұрақтар қойылатын.

Егер осы тоғыз пунктінің төртеуіне "жоқ" деп жауап берсе, ол отбасы "кедей" деп саналатын. Бірақ дамыған елдерде өмір деңгейі көтерілген сайын бұл көрсеткіштердің бірқатары өзектілігін жойды. Жаппай таралғандықтан, теледидар, кір жуу машинасы және телефон туралы сауалдар алынып тасталды.

2016 жылдан бері Еуропалық одақ елдері өз тұрғындарынан жеті жаңа пункт бойынша тұрақты негізде ақпарат жинайды, нақты ахуалын біледі. Ол бойынша азаматтардан үйінде компьютер (соның баламасы) және интернеттің барлығы, олар үшін тозған киім орнына жаңасын алудың қаншалықты қиындығы сұралады. Сатып алу қабілеттілігі "төмен" емес адамның ең кемі "аяғын қыспайтын екі жұп аяқ киімі" болуы керек. Ол достарын не туыстарын айына кем дегенде бір рет үйіне не дәмханаға қонаққа шақырып, тамақтандыруға қабілетті болғаны жөн (бұл жерде қонақ күтуге қаржысының жетуі туралы сөз болып отыр, әйтпесе, шақыру-шақырмау өз еркінде). Ол азаматтың тынығу және ойын-сауық шараларына ұдайы қатысуға, әр апта сайын өз қажеттілігіне шығын шығаруға ақшасы болуы қажет. Сондай-ақ отбасы деңгейінде ескірген жиһазды жаңасына ауыстыруға мүмкіндігінің бар-жоқтығы анықталады.       

Егер Қазақстан осы әдісті өзінде енгізіп, халық арасында ауқымды зерттеу жүргізсе, біраз қызықты жайт анықталары сөзсіз.

"Инфляцияның кез келген адам сезінетін жағымсыз салдары бар: ол халықтың сатып алу қабілеттілігін төмендетеді, оның әл-ауқатын нашарлатады. Егер 2015 жылғы девальвацияға дейін қазақстандықтар барлық шығыстарының жалпы көлемінің шамамен 50%-ын тамаққа жұмсаса, қазір бұл көрсеткіш елеулі түрде өсті", – дейді қолданбалы экономика зерттеулері орталығының директоры Жәнібек Айғазин.

Яғни азаматтардың өзге бағыттарда сатып алу қабілеттілігі төмендейді.

Сарапшылардың мәліметінше, соңғы он жылда қазақстандықтардың ұлттық валютадағы орташа еңбекақысы 17 есеге артқан. Алайда теңгенің осы уақыт ішінде бірнеше рет құнсыздануы салдарынан доллардағы айлық көлемі 2008 жылғы деңгейде қалып отырған көрінеді.

Қалай болғанда да мамандар бағамы құбылатын ұлттық валютадағы орташа жалақы көрсеткішін басты назарға алмай, қазақстандықтардың дәрі-дәрмек, киім-кешек сатып алу, емделу, демалу және саяхаттау, білім алу бойынша шынайы мүмкіндіктерін бағалаудың дұрыстығын айтады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу