19 мыңнан астам павлодарлық жұмыс іздеп жүр

2294

Павлодар облысы жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарына 62 млн теңге бөлуге дайын.

19 мыңнан астам павлодарлық жұмыс іздеп жүр

Павлодар облысының билігі жұмыссыздар санын азайтуға бейілді. Сондықтан әкімдік жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарына 62 млн теңге бөлуге дайын. Өз кезегінде орталықтар 2 819 жұмыссызға жұмыс тауып беруге міндетті. Осылайша, өңір басшылығы аутсорсинг бағытымен мәселені реттемек ойда.

Негізі, облыс басшылығы былтыр да аутсорсингке үміт артқан. Алайда, сенім ақталмады. Өйткені, өткен жылы жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарынан  бірде-бір өтінім түспеген екен.

Деректерге сүйенсек, ашық еңбек нарығындағы жұмыссыз жүрген павлодарлықтардың жалпы саны 19 мыңнан асады. Ал жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген жұмыссыздардың саны бұдан әлдеқайда аз. Небары 3 096 адам орталықтарға тіркелген. Облыстағы жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші – 4,7 пайыз.

Енді мына бір дерекке назар салыңыз, 2018 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берушілер павлодарлықтарға 27 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынған. Оның 12 мыңы – жаңа жұмыс орны. Бұдан бөлек, кәсіпорындармен ұйымдар enbek.kz-ке – электронды еңбек биржасына 8 мыңға жуық хабарландыру қалдырған.

Мән-жайды Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Қашкенова түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, облыстың еңбек нарығындағы жағдай 2005 жылдан бері өзгеше сипат алып келеді.

"2005 жылы жоғары оқу орнын бітіруші түлектер саны күрт азайды да, біз жұмыс берушілерға қажетті жұмыс күшін тауып бере алмадық. Сол себепті нарықта көп бос орын жинақталып қалды. Сондай-ақ жұмысшылардың жаппай қартаюы белең алды. Қазір жұмыс берушілер кәсіби маман іздейді. Өкінішке қарай, жұмыссыз жүргендердің көбінде арнайы мамандық жоқ. Сондықтан оларды оқытамыз. Былтыр 1 330 адам арнайы курстан өтті. Сонымен қатар, талаптары тым нашар жұмыс берушілер де кездеседі. Мұндай кәсіпорындарда үнемі бос орындар көп болады", – дейді Хелуа Қашкенова.

Басқарманың ресми дерегіне сүйенсек, былтыр Павлодар облысы бойынша 10 597 жұмыссыз "екі қолға бір күрек" тапты. Олардың 1 695-і әлеуметтік бағыттағы жұмысқа тұрса, 3 213-і қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал 749-ы жастар тәжірибесі арқылы орналасқан.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында еліміздегі жұмыссыздар санын азайту үшін аутсорсингпен жұмыс істейтін жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарына басымдық беріле бастады. Бұларды ел ішінде "хэдхантерлер" деп те атайды.

Хелуа Қашкенованың сөзінше, Павлодар облысы жекеменшік жұмыспен қамту ұйымдарымен 2014 жылдан бері байланыс орната бастаған.

"2014 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін алғаш рет жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарын тартқанбыз. Бірақ, бұл өте қиын тәжірибе болды. Өйткені, мұндай орталықтар жұмыс берушінің талаптарына сәйкес маман іздейді. Ал жұмыс берушілерге мүмкіндігі шектеулі жандар керек емес. Аутсорсингке былтыр қайта оралдық", – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Бүгінде мемлекет жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарына бір адамды жұмысқа орналастырғаны үшін 30 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін ақы төлеуге дайын. Атап өтерлігі, төленетін сома ауыл мен қала категориясына қатысты қалыптасады.

Осы орайда, жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарын қызықтыру үшін мемлекет оларға 15 пайыздық аванс бере алады. Егер жұмысқа орналастыра алмаса, авансты қайтаруға міндетті.

"2018 жылдың қазан айында аутсорсингпен жұмыс істейтін агенттіктерден өтінім қабылдау туралы хабарлама тараттық. Агенттіктер екі қала мен екі ауданның жұмыссыздарын жұмыспен қамту керек еді. Эксперимент ретіндегі бұл жобаға 2,5 млн теңге қарастырылды. Алайда, біздің хабарламаға бір ғана қатысушы – Оңтүстік Қазақстан облысының фирмасы өтінім берді. Оның өзі біздің талаптарға сәйкес келмеді. Біз сұратқан мәліметтерді ұсына алмады", – дейді Хелуа Қашкенова.

Оның сөзінше, Павлодар облысында жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарының саны саусақпен санарлықтай ғана. Бірақ, бұл іске қажетті агенттіктерді еліміздің кез келген өңірінен тартуға болады.

Атап өтерлігі, Павлодар облысы 2019 жылы аутсорсинг бағытына қомақты сома – 62 млн теңге бөліп отыр.

Біздің мақалаға тиек еткеніміз аутсорсинг бағытындағы жобаның Павлодар облысындағы жалпы көрінісі ғана. Ал оның нақты іс жүзінде қалай боларын уақыт көрсетеді, әрине. 

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу