Зейнетақы жинағына қатысты жаңа шешім жарияланды

25689

Жеке кәсіпкерлерге, адвокаттарға, нотариустерге, ЖСО-ларға және басқасына алда "агент" ретінде тіркелуге тура келеді.  

Зейнетақы жинағына қатысты жаңа шешім жарияланды

Қанша адам зейнетақысын пайдаланып үлгерді?

Сонымен тек жоғары жалақы алатын аз шоғыр азамат қана еңсеретін жаңа шың – жаңа ЖШ "пайда болды". Бұған дейінгі ескі "жеткіліктілік шегі" аясында біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану бойынша алдын ала қорытындылар шығарылды. БЖЗҚ дерегінше, биылғы 1 сәуірдегі жағдайға сәйкес, 2021 жылдан бүгінге дейін жалпы саны 1 144 358 өтініш бойынша қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға 2 трлн 681 млрд 254 млн теңге жинағын БЗТ түрінде алып үлгерді. Бұл сан шамалы өсуі мүмкін. 29 наурыз күні біткенше уәкілетті операторлар қабылдаған өтініштердің қалған бөлігі өңделуде.

Азаматтар емделу үшін 331 087 өтініші негізінде 266 млрд 567 млн теңгесін пайдалана алды. Бұл ретте мамандар 1 өтініш 1 адамға тең еместігін еске салады. Бір өзі бірнеше өтініш беріп, зейнетақы жинағын әр мақсатқа бөліп алғандар бар.

БЖЗҚ 1 сәуірден бастап 2022 жылға арналған зейнетақы жинақтарының жаңа "ең төменгі жеткіліктілік шегі" күшіне енгенін хабарлады.

"ЖШ айқындау әдістемесі Үкіметтің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген. Оған 2021 жылғы 6 қаңтарда түзету енгізілді. Әдістемеге сәйкес ЖШ мөлшері жыл сайын әрбір жас үшін жеке есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін, индекстелуін ескереді. Бұл ретте жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері сияқты әлеуметтік көрсеткіштер пайдаланылды", – делінген қордың хабарламасында.

Осының алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов жаңа ЖШ күшіне енген соң зейнетақы жинақтарының одан асатын көлемін небәрі 180 мыңнан астам адам ғана баспана алуға және емделуге жарата алатынын мәлім еткен еді.

Дегенмен алда бұл сан біршама өсуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі 2023 жылдан бастап, Қазақстанда "жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары" (ЖМЗЖ) енгізілетінін жеткізді. Яғни жұмыс беруші өз есебінен жұмыскерлерінің БЖЗҚ-дағы жинағына оның табысының 5%-ы көлемінде жарна аударуға міндеттеледі.

Осының арқасында штатта жұмыс істейтін барлық жұмыскердің зейнетақы жинақтарының ақшаға толу қарқыны артуға тиіс.

Агенттер қатарына кім кіреді?

Осы орайда Еңбек министрлігі "Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына есептеу мен аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидаларын" әзірлеп шықты. Құжат алда Үкімет қаулысымен бекітіледі.

Оның біраз жаңалығы бар. Біразы жеке кәсіпкерлерге байланысты. Бұған дейін өзі би, өзі қожа болған, яғни "ИП" құрғанымен, ешқандай жалдамалы жұмысшысы жоқ дара кәсіпкерлерге де салық органында агент ретінде тіркеліп, өзіне өзі жұмысшы ретінде жаңа жарнаны төлеуіне тура келмек.

Қағида күшіне енгеннен кейін еліміздегі барлық заңды тұлғалар, кәсіпорын-компаниялар, жеке практикамен айналысатын адамдар, яғни жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіпқой медиаторлар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер "өздерінің орналасқан, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарында "агент" ретінде есепке алынуы керек".

"Агенттер қызметкердің сол айға есептелген кірісінің сомасын негізге ала отырып, ай сайын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) есептейді. ЖМЗЖ есептеу кезінде қызметкердің Салық кодексінде көзделген барлық ай сайынғы кірістері ескеріледі. Агенттер БЖЗҚ-ға ЖМЗЖ-ны өз қаражаты есебінен уақытылы есептеуге және төлеуге міндетті", – деп жазылған қағида жобасында.

Жұмыс беруші төл зейнетақы жарнасын әр қызметкері үшін айдың 25-ші күнінен кешіктірмей, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына аударуға міндетті. Мемкорпорация оны есепке алып, 3 жұмыс күні ішінде оны БЖЗҚ-ға бағыттайды.

Егер жұмыс беруші өзі төлеуге тиіс жарнаны төлемесе немесе төлеуді кешіктірсе, не болмақ? Еңбек ведомствосының мәліметінше, бұл жағдайда ЖМЗЖ-ны жұмыс берушіден Мемлекеттік кіріс комитеті өндіріп алады, сонымен бірге ол агенттерге мерзімі өткен әрбір күн үшін Ұлттық банктің базалық ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл жазады. Ол өсімпұл да жұмыскерлердің пайдасына аударылуға тиіс.

Жалақысы болмаса, жарнаны неден төлейді?

Жұмыс істейтіндердің бәрі бірдей жалақы ала бермейтіні мәлім. Сондықтан Еңбек министрлігі ЖМЗЖ-ның 5 пайызы неден есептелуге тиістігін белгіледі:

- Заңды тұлғалар – бұл жарнаны жалдамалы жұмыскерлердің салық салынатын ай сайынғы толық жалақысы көлемінен есептейді;

- Жалдамалы жұмыскерлері бар жеке практикамен айналысатын адамдар және жеке кәсіпкерлер – жалдамалы қызметкерінің ай сайынғы кірісін, жалақысын назарға алады;

- Сыртқы істер министрлігі – Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналы үшін СІМ-нің орталық аппаратының персоналына теңестірілген лауазымдар бойынша жалақының 100 пайыздық мөлшерін басшылыққа алады;

- Жалдамалы жұмыскерлері жоқ, жалғыз еңбек ететін жеке практикамен айналысушылар және дара кәсіпкерлер өзі үшін "жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын" өзі төлейді.

Бұл ретте ол ЖМЗЖ-ны өзі табатын табысынан есептейді. Жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер табысы болмаған жағдайда, зейнетақы қорына өзі үшін ЖМЗЖ-ны ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінің 5%-ы көлемінде аударуға құқылы. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (Договор ГПХ) бойынша табыс табатын азаматтар, бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеуші жеке тұлғалар үшін жаңа жарнаны жұмыс берушілер төлемейді. Яғни жаңа зейнетақы жарнасының бұл санаттағыларға қатысы жоқ көрінеді.

Жұмыс беруші, жеке практикамен айналысатындар, жеке кәсіпкерлер ЖМЗЖ бойынша қарызын өтемесе, салық органы оның банктік шоттары мен касса бойынша шығыс операцияларын бұғаттап тастайды.

Жалпы ЖМЗЖ-ны енгізу мәселесі көптен қарастырылып келеді. Алайда 2019 жылғы қыркүйекте Президент Қ. Тоқаев жұмыс берушілерге ауыртпалық түсірмеу үшін оны енгізуді кейінге қалдырып, 2023 жылға шегеруді тапсырды. 

Ол кезде жұмыс беруші аударатын 5 пайыздық зейнетақы жарнасы жұмыскерлердің жалпы зейнетақы жинағына қосылмайды және оны жұмыскердің мұрагерлері мирасқа ала алмайды деген шектеу қарастырылды. Ол арнайы тұжырымдамаға енгізілген. Қазір сол шектеуді алып тастау мәселесі пысықталуда.

"2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5%-ы міндетті зейнетақы жарналары енгізілмек. ЖМЗЖ енгізу қолданыстағы "Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында" көзделген. Осы Тұжырымдамаға түзетулердің жаңа жобасы әзірленді. Оған сәйкес аталған жарналардың нысаналы бағытын өзгерту ұсынылады. Яғни ЖМЗЖ мақсаты "шартты-жинақтаушы құрамдауышты қалыптастырудан" "салымшылардың жеке зейнетақы жинақтарын толықтыруға" өзгертіледі. Тиісінше, оны салымшы мұраға қалдыра алады", – деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу