"Отбасы банкі" көрсеткен қызметі үшін комиссия алуы мүмкін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11145

Салымшылар алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы керек. 

"Отбасы банкі" көрсеткен қызметі үшін комиссия алуы мүмкін

Қалың көпшілік келесі жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы (БЖЗҚ) қорындағы жинақтың "жеткілікті шегінен" асқан ақшаға 10% салық салына ма жоқ па деген сұраққа жауап таппай жүргенде, сенаторлар "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" негізінде құрылатын оператор – "Отбасы банкі" жобаны жүзеге асыру барысында көрсететін қызметі үшін азаматтардан ақы ала ма, алмай ма деген мәселені талқы таразысына салды.

Бұдан бұрын салымшыларға "жеткілікті шектен" асқан зейнетақы жинағының бір бөлігі қолма-қол берілмейтіні, тек үй, жер алу, ипотекалық несиені жабу, емделу немесе активтерін жекеменшік компаниялардың басқаруына сеніп тапсыру кезінде үкімет бекіткен оператор арқылы үшінші тұлғаның есепшотына аударылатыны айтылған. Ендігі мәселе оператордың атқарған қызметі үшін алатын комиссиясына қатысты болып отыр. Бірден айтайық, бұған қатысты нақты шешім шыққан жоқ. Әзірше мәселе талқылау, талдау, ұсыныс жасау деңгейінде ғана қарастырылып жатыр.

Белгілі болғандай, салымшының өтініші бойынша оператор БЖЗҚ-дан алуға болатын қаражатты қарайды. Ақша "жеткілікті шектен" төмен болса, оператор салымшыдан құжат қабылдаудан бас тартады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, зейнетақы жинағының бір бөлігі арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ипотекалық қарыздың алғашқы жарнасын төлеуге, ипотекалық несиені жабуға, жер сатып алуға қатысты операциялардың барлығын "Отбасы банкі" жүзеге асырады. Ипотека басқа банк арқылы рәсімделген жағдайда да салымшылар "Отбасы банкіне" жүгінеді.

Сенатор Ольга Перепечинаның сөзінше, БЖЗҚ-ғы жинақтың "жеткілікті шегінен" асқан ақшаны мақсатты пайдалануға беру – өте орынды бастама. Оның ойынша, зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі кепілдіктер сақталуға тиіс. Ал зейнетақы жүйесі цифрландыруға басымдық беруін жалғастыруы керек.

Сенатор Нұрлан Қылышбаев зейнетақы жинағын жеке қаржы компанияларының басқаруына беру тетігінің кейбір шарттары мен талаптарын пысықтау қажет деп санайды.

"Менің ойымша, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесінде азаматтардың сауатын арттыру маңызды. Олар алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы үшін зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға берудің талаптарына ерекше назар аудару қажет. Бұл мәселе мұқият пысықталуы тиіс. Ел азаматтары жинақтарын кімнің басқаруына беретінін және оның тәуекелі қандай болатынын түсінуі керек", – деді депутат.

Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған биылғы жолдауында үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін салымшылардың зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануына қатысты барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұл міндет 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшыларға зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерден асқан бөлігін бастапқы немесе қайталама нарықтан үй сатып алуына, ипотекалық қарызын жабуына, емделуіне және зейнетақы жинағын жекеменшік компанияларға беруіне жағдай жасау үшін жүктелді.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу