Зейнетақы жинағын баспанаға пайдалану мүмкіндіктері кеңейтілмек

6585

Біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану мақсаттарының саны қазіргі 5-еуден алда 8-ге дейін ұлғаяды, деп жазады Inbusiness.kz.

Зейнетақы жинағын баспанаға пайдалану мүмкіндіктері кеңейтілмек

Қағида неге өзгеруде?

БЖЗҚ дерегінше, 17 қыркүйектегі жағдай бойынша 431 928 адамның банктердегі арнайы есепшоттарына баспана алуы үшін 1 трлн 823 млн теңге БЗТ аударылған. Алайда олардың үлкен бөлігі сол мүмкіндікті ақыры пайдалана алмай қалды. Салдарынан, 69 172 адамның 236 миллиард 785 млн теңгесі есепшоттарынан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кері қайтарып алынды.

Мұның себебі де әртүрлі: кейбірі белгіленген мерзім ішінде керекті пәтерді не үй салынатын жер учаскесін таба алмаған, мәмілелескен адамы айнып қалған. Енді біреулерінің тұрғын үй үлесін алуын, баспанасына жөндеу жүргізуін, ипотекасын өтеуін "Отбасы банк", "Халық банкі", "ЦентрКредит банкі", "Фридом Финанс Қазақстан банкі" және "Altyn Bank" құптамай қойған. Бұған қатысушы әр банктің әлгі қағидаларды әрқилы түсіндіруі түрткі болыпты.

Нәтижесінде, жауапты орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне шағым-өтініштер қардай борады. Ведомство солардың негізінде "ҚР заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы №24 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізетін жаңа бұйрық жобасын әзірледі. Одан нақты үзінді келтірелік.

Оған сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін мынадай мақсаттарға пайдалануға жол берілмек:

  • 1) тұрғын үйді сатып алу-сату, айырбастау шарттары бойынша (ипотекалық тұрғын үй қарызын ресімдемей) тұрғын үйді меншікке сатып алуға байланысты азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша түпкілікті есеп айырысу;
  • 2) бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып, тұрғынжайды сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу, бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып, тұрғынжайды сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарнаны енгізу;
  • 3) қаражат жинақтау, алу, берешекті ішінара немесе толық өтеу, тұрғын үй сатып алу (оның ішінде бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу), жеке тұрғын үй салу (жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық) үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру мақсатында тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы салымдарға аудару;
  • 4) ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алу, берешекті ішінара, толық өтеу;
  • 5) тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген тұрғын үйді жекешелендіру, төлеу мерзімін ұзарта отырып сатып алу, сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға алу шарттары бойынша ішінара немесе толық өтеу;
  • 6) ипотекалық тұрғын үй қарызын тарта отырып, сондай-ақ осындай ипотекалық тұрғын үй қарызын немесе қайта қаржыландырылған ипотекалық тұрғын үй қарызын ішінара немесе толық өтеу үшін жеке тұрғын үй салу (меншігінде нысаналы мақсаты бар жер учаскесі болған кезде – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық);
  • 7) ипотекалық тұрғын үй қарызын ресімдемей, кейіннен тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіні бере отырып, сатып алу-сату, айырбастау шарттары бойынша жер учаскесін меншікке сатып алу;
  • 8) жергілікті атқарушы органдар белгіленген тәртіппен тіркеген тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша, оның ішінде қарыздар алу және Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы кепілдік берген салынып жатқан объектіде тұрғын үй сатып алуға осындай қарыздар бойынша міндеттемелерді төлеу үшін тұрғын үйдің құнын төлеуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер.

Жаңа түзетулер қағидаларда не өзгертпек?

Айта кету керек, қолданыстағы қағидаларда 5 мақсат көзделген. жаңа жоба он 8-ге дейін кеңейтеді. Бұл ретте екеуінде де 2-ші және 4-ші тармақтар сол қалпында сақталады. Қалғандары өзгерді: не әртүрлі тармаққа таратылған, не сөйлемінің кейбір бөліктері алып тасталған.

Мысалы, бұған дейін 1-ші және 3-ші тармақтардың құрамына кіріп келген "жеке тұрғын үй құрылысы" енді жеке бөлініп отыр (жобада – 6-шы тармақ). Бұл ретте жер телімінде үй не коттедж тұрғызуға БЗТ жетпесе, оған қоса ипотека алуға мүмкіндік берілмек.

Сондай-ақ осы реформаға дейін салынып қойылған үй не коттедждің ипотекасын да БЗТ есебінен "сөндіруге" немесе қайта қаржыландыруға рұқсат етіледі деп күтілуде (жобада – 6-тармақ).   

Жаңа бұйрық жобасының жаңашылдығы сол, оның аясында (жобадағы 3-ші тармақ) азаматтарға БЗТ-сын жинақ ретінде "Отбасы банкіне" аударуға рұқсат етіледі. Егер азамат ары қарай жинақтауын жалғастырса және ол салымды кейін баспана алуға, жөндеуге, жер алып, үй салуға жұмсаса, онда БЗТ БЖЗҚ-ға кері алып қойылмауға тиіс.

Тағы бір тың толықтыру: азаматтарға БЗТ-ны үйді "жекешелендіру келісімі" бойынша берешектерін өтеуге, сондай-ақ төлемін бөлеп төлеу құқығымен баспананы сатып алуға пайдалануына рұқсат ету ұсынылды.

Келесі бір өзгеріс: қолданыстағы қағидалар бойынша "берешекті ішінара немесе толық өтеу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жеке тұрғын үй салуға (жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда), тұрғын үй қарызын алуға" БЗТ-ны пайдалануға болатыны жазылған.

Осы баптың түсініксіз жазылуы кесірінен, әр банктің заңгерлері оны өз білгенінше түсініп жүр. Мысалы, кейбірі ол жерде баспана "тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша" салынса ғана БЗТ-ға жер учаскесін сатып алуға болатынын айтып, салымшының тілегін қанағаттандырудан бас тартып келген.

Сол себепті жер учаскесін жекеменшікке сатып алу және айырбасқа алу туралы бөлек 7-ші тармақ пайда болды. Бірақ ол жер телімінде кейін үй бой көтермесе, БЗТ кері өндіріледі.

Қағидаларды ары қарай кемеліне келтірген жөн

Сонымен қатар, қолданыстағы қағидалар азаматтарға тек "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының" (ол "Қазақстандық ипотекалық компаниясына" қосылды) кепілдігі берілген тұрғын үй кешеніне ғана БЗТ есебінен үлестік қатысуға мүмкіндік береді. Мұндай кепілдік тіпті құрылыс алпауыттарының көптеген тұрғын үй кешенінде жоқ. Салдарынан бұл талап баспана алу мүмкіндігін тым тарылтып жіберді.

Жаңа бұйрық қабылданса (8-ші тармақ), осы олқылық шамалы болса да, түзетілуге тиіс. Өйткені түзетулер жергілікті әкімдікте белгіленген тәртіппен тіркелген, яғни толыққанды іске қосылған тұрғын үй кешенінде де үлескер атануға жол ашпақ. Ал егер құрылысы жүріп жатқан үйден үлес алғысы келсе, ол ТК-ның Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторынан алған кепілдігі болуы талап етіледі.

Қаржыгер Дана Жарылғапова өзгерістерді қолдайды, бірақ түсініксіз жайттар жетерлік дейді.

"Қағидаларға ұсынылып отырған түзетулер алушыға БЗТ арқылы өзінің жақын туыстарынан, өз жұбайынан және олардың жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуына жол бермейді. Бұл түсінікті. Алайда сонымен бірге мысалы, жұбайы өз туыстарынан алған пәтердің, үйдің ипотекасын өз БЗТ-сы есебінен жапқысы келді делік. Қағидалар оған рұқсат етпейді", – дейді сарапшы.

Ол тағы бір мәселеге назар аудартты: биылғы жылы осы бағдарламаға қатысушы бірқатар банк өз заемшысына тіпті кепілдік беру қорының, ҚИК-тің, Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының кепілдігі жоқ тұрғын үй кешеніндегі үлесінің ипотекасын өтеуге мүмкіндік беріпті.

"Ал кейбірі табандылық танытып, рұқсат етпеді. Өйткені қағидаларда екіұдай түсініктеме берілген. Банк заңгерлері онда "баспанаға берілген ипотека" туралы айтылғанын, ал үлес әзірге баспана болып табылмайтынын алға тартты. Жаңа бұйрық жобасында мұны нақтылау қажет. Себебі, BI Group, Базис-А секілді ірі ойыншылардың өзі қымбат тұрғын үй кешендеріне кепілдік алмайды", – деді Д.Жарылғапова.

Сарапшылар бұл – қағидаларға енгізілетін соңғы өзгеріс емес деген пікірде. Қазақстандықтар БЗТ-ны өзге де мақсаттарға, мысалы, салушының емес, жеке адамның не фирманың қолынан үлесті, цессияны сатып алуға пайдалануға мүмкіндік беруді сұрайды. Оның үстіне Президенттің келесі жолдауларында елді баспанамен қамтудың осы тетігін жетілдіретін ұсыныстар мен бастамалар жарияланып қалуы ғажап емес. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу