Сенат салымшыларды "сан соқтырды"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10259

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинағы 12,6 трлн теңгеге жетті.  

Сенат салымшыларды "сан соқтырды"

Салымшылардың ақшасы бір жылда 20%-ға немесе 2 трлн теңгеге ұлғайды. Алайда бұл жаңалық БЖЗҚ қатысушыларын қуантқан жоқ. Себебі сенат салымшыларды "сан соқтырды".

Әңгіменің әлқиссасын БЖЗҚ-ның көрсеткішінен бастайық. Сенатқа сәлден соң ораламыз.

Қордың баспасөз қызметі хабарлағандай, зейнетақы жинағының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарнасы есебінен құралды. Бұл көрсеткіш ақша эквивалентінде 12,3 трлн теңгеден асты.

"Міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы – 305,7 млрд, ал ерікті зейнетақы жарнасы – 2,16 млрд теңге болды. 2020 жылдың басынан бастап 1 қарашаға дейінгі кезеңде БЖЗҚ салымшыларының шотына 1,1 трлн теңге таза инвестициялық табыс түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артық көрсеткіш", – деп нақтылады баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, жыл басынан бері салымшылардың шотына 867,05 млрд теңге жарна аударылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67,1 млрд теңгеге немесе 8%-ға артық ақша.

"Міндетті зейнетақы жарнасы жыл басынан бері – 17%, міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы – 24%, ерікті зейнетақы жарнасы – 11% өсім көрсетті.

Жеке зейнетақы шоттарының саны бір жылда 1 млн бірлікке артты", – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Есептік кезеңде қордан 155,3 млрд теңге жұмсалды. 51,7 млрд теңге зейнет жасына шыққан азаматтарға тағайындалды, ал сақтандыру ұйымдарына 39,5 млрд теңге аударылды. Ел аумағынан тыс жерге қоныс аударып, азаматтығын ауыстырған адамдарға 31,1 млрд, мұрагерлерге 28,2 млрд, жерлеу рәсіміне 3,5 млрд теңге берілді.

Енді, сөз басында тілге тиек етілген сенатқа оралып, салымшылардың қалай "сан соққанын" тарқатайық. Бұл үшін әңгімені әріден бастауға тура келеді. Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында және 2020 жылғы 11 мамырда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында Ұлттық банк пен үкіметке 2021 жылы зейнетақы жинағының бір  бөлігін бастапқы немесе қайталама нарықтан үй сатып алуға, осыған дейін рәсімдеген ипотекалық қарызды жабуға, жер телімін сатып алуға, емделуге және зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беруге жағдай жасайтын механизмді іске қосуды тапсырды. Кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану үшін қорда қалуға тиіс "Жеткілікті шек" енгізілгенін, салымшылар осыдан асқан ақшаны ғана кәделеріне жарата алатынын жариялады. Сонымен қатар ол 721 мың салымшы зейнетақы қорынан шамамен 1,4 трлн теңге алуы мүмкін екенін мәлімдеді.

"Зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік беретін "жеткілікті шек" ерлер мен әйелдерге бірдей болады. "Жеткілікті шек" жыл сайын есептеліп отырады. "Зейнетақы қорындағы жарнаның "жеткілікті шегі" әр жасқа бөлек белгіленеді. Бұл шек 20 жастан бастап есептеледі. Дәл қазір зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алатыны белгілі болып отыр. Салымшы зейнетақы жинағындағы шекті сомадан асқан ақшасын өзі үшін, жұбайы үшін және жақын-туыстары үшін пайдалана алады. Заң бойынша жақын туыстарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, бауырлары жатады. Сондай-ақ біз бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру мүмкіндігін де қарастырылады", – деді Біржан Нұрымбетов.

Өз кезегінде мемлекеттік кірістер комитеті қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, зейнетақы жинағынан ақша алған азаматтар 10% салық төлеуге тиіс екенін мәлімдеді. Салық кодексінің дәл осы талабы халықтың ашуын туғызып, әлеуметтік шиелініске түрткі болды. Осыған қатысты

мәжіліс депутаты Артур Платонов: "Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу кезінде салынатын 10% салықты алып тастау үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет", – деді.

Мәселе мәжілісте қаралып, сенатқа жолданғанда халық: "Оң шешім шықса екен, зейнетақы жинағынан алынатын ақшаның бір бөлігіне салық салынбаса екен" деп тіледі. Обалы не керек, сенат "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодекске және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексін қолданысқа енгізу туралы" заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобасына 46 түзету енгізді. Осылайша парламентте зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алған кезде бір реттік табыс салығын бірден төлемеуге мүмкіндік беретін құжат қабылданды. Иә, иә, мүлде төлемеуге емес, бірден төлемеуге мүмкіндік беретін құжат. Бұл – зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алған азаматтар түптің түбі салық төлейді деген сөз.

Бұл туралы сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: "Зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алдын ала алған кезде оның 10%-ын бір реттік салық ретінде төлеу керек. Оны қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар үшін тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан аталған салықты зейнетақы жинағын алған кезде емес, тек зейнетке шыққан соң ғана төлеу ұсынылып отыр. Оның өзінде, бәрін бірден аудармай, заң жобасына 16 жылдың ішінде бөліп төлеу туралы норма енгізілді", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу