БЖЗҚ: Жалақысы аз өңірлер игіліктен құр қала ма

13905

Дәл қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе осы. Көпшілікте Тұрғын үй жинақ банкіне салым салып, баспаналы боламыз деген үміт оянған.

БЖЗҚ: Жалақысы аз өңірлер игіліктен құр қала ма

Ұмытыла бастап еді, үмітті оятты

"Зейнетақы жинағының бір бөлігін өз кәдесіне жаратуға кімдерге рұқсат беріледі?" - деп елеңдеумен бір жылдай уақыт өтіпті. Өйткені, мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында тапсырған еді. Алғашында "бәлкім, келесі айда бір шешім шығарылып, қордағы қаржыны берудің жолы қарастырылар" десті жұрт. Содан кейінгісі белгілі. Әлемді әбігерге салған короновирус індеті елге де жетті. Пандемияның зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану тетігін реттеуге қандай әсері болғаны белгісіз, бірақ карантиндік режім көптеген азаматтарға, әсіресе, жеке кәсіпкерлерге қордағы қаржысын еселеуге кедергі келтірді. Десе де, бұл мәселе де ұмытыла бастағандай еді. Президент 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында осы бағытта жыл соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бас құжатта айтылғандай, азаматтардың əлеуметтік əл-ауқаты баспанаға тікелей байланысты. Сондықтан нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі – адамдардың табысына жəне осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асырудың айқын жолы болуға тиіс. "2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді" деген Қ.Тоқаев Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, бұл реформаны еңбек қатынастарына сай ашық əрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пəрменді құралға айналдыруды тапсырды.

Үш санатқа кімдер кіреді?

Жолдау жарияланғалы бергі алғашқы аптаның өзінде қордағы қаржыны пайдалануға мүмкіндігі бар азаматтардың 3 санаты нақтыланды. Оған кімдер кіреді? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін мына азаматтар ала алады: бірінші, қорда жинағы бар, жұмыс істеп жүрген азаматтар (жинағы жеткілікті мөлшер шегінен асқан жағдайда). Статистикаға сүйенсек, елімізде мұндай 529,7 мың азамат бар. Бір есте сақтайтыны – салымшы жинағының бір бөлігі міндетті түрде қорда қалуы тиіс.

Екінші, зейнет жасына жеткендер қордағы қаржынының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Ал елде осы мүмкіндікке ие 178,4 мың зейнеткер бар. Құқық қорғау саласының зейнеткерлері де осы санатқа еніп отыр. Бір ескеретін жайт, олардың мемлекеттен алып отырған зейнетақысы, базалық зейнетақы және БЖЗҚ алып отырған төлемдерді қосқан кезде оның зейнетке шыққан кездегі табысының кемінде 40 пайызынан төмен болмауы керек.

Үшінші, зейнетақылық аннуитетті рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін БЖЗҚ-да жинағы қалған 13,3 мың азамат. Жалпы үш санатты қоса есептегенде, 2021 жылы зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін 721 мың азамат алу мүмкіндігіне ие.

Жамбылда 630 мыңнан астам салымшы бар

Ресми дерекке жүгінсек, бүгінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарында 12,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағы қалыптасқан. Ал Жамбыл өңірінде қанша салымшы бар? Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалының директоры Абдыманат Еспаевтың айтуынша, 1 тамыздағы есеп бойынша облыста салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны – 630 414. Ал олардың қорда жинақталған зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – 418 770 576 мың теңге. Ал жылдап жинаған қаржысының игілігін қазірден көре алатындардың 3 санатына енетіндер әлі сараланып жатқан көрінеді. Сондықтан "Қордағы жинақтың бір бөлігін қанша жамбылдық ала алады?" деген сауалдың жауабы әлі беймәлім.

Негізі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржысын мерзімінен бұрын пайдалану үшін қажетті ең төменгі қаражат мөлшерін атап көрсетті. Мәселен, тұрақты түрде жұмыс істеп, орташа жалақы мөлшерінде табыс табатын азаматтар зейнетақы қорындағы жинағы жеткілікті мөлшер шегінен асқан болса, оның бір бөлігін пайдалануға ала алады. Ең бастысы, сол қаражатты өзінің тұрғын үй мәселелерін шешуге, емделуге немесе жарналарын инвестициялау үшін жекеменшік зейнетақы активтерін басқару компанияларына аударуға, жер учаскесін сатып алуға, қайталама нарықтан үй алуға, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеуге, тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейтуге жұмсаса болғаны.

Бірақ алдын-ала болжам бойынша, зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалану үшін 30 жастағы азаматтың шотында – 2 518 000 теңге; 35 жастағы азаматтың шотында – 2 961 000 теңге; 40 жастағы азаматтың шотында – 3 437 000 теңге; 45 жастағы азаматтың шотында – 3 947 000 теңге; 50 жастағы азаматтың шотында – 4 495 000 теңге; 55 жастағы азаматтың шотында – 5 084 000 теңге; 59 жастағы азаматтың шотында 5 586 000 теңге болуға тиіс.

Тараздықтардың жалақысы да, жинақ қоры да аз

Бір айта кететіні, жинақ қорыңызда қанша қаржы бар екенін Бірыңғай зейнетақы жинақ қорының арнайы сайтына тіркеліп, жеке кабинетке кіріп көруге болады. Осы жерде мынадай шетін мәселе тағы туындайды. Айталық, Қазақстанның батыс, солтүстік, шығыс өңірлерінде және Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларында орташа айлық жалақының мөлшері басқа облыстарға қарағанда жоғары. Сол аймақтардағы тұрақты жұмысы барлардың табыстары да толымды. Ал Оңтүстікте, Жамбыл жерінде жағдай басқа. Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтауда 5 жыл еңбек еткен маманның зейнетақы қорына түскен қаржысының көлемін, Жамбыл жақта он жылдан астам жұмыс істеп, әзер жинайсыз. Сондықтан бұл реформаны енгізер алдында әр аймақтың әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық ахуалын да назарға алған жөн секілді.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу