Еңбек министрлігі еңбеккерлерді қанап жатыр ма?

4410

Жұмыссыз азаматтар лайықты төлемін ала алмай, зар болуда.  

Еңбек министрлігі еңбеккерлерді қанап жатыр ма?

Екі қолға бір күрек таба алмай, табыссыз жүрген азаматтарды мемлекеттің қолдауы аса қажет-ақ. Бұл онсыз да аз халқымыздың үлкен бөлігі өмірден түңілмеуі, өзіне-өзі қол салмауы, жаман жолға түсіп, қылмысқа қолын былғамауы үшін керек. Сонымен бірге, жұмысты жек көретін, "көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп" өмірді өткізуді қалайтын кер жалқауларды ынталандырмаған жөн.

Әлемде оның алдын алудың түрлі тәсілі табылған. Мысалы, жұмыссыздық жәрдемақысын алатын адам еңбекпен қамту органының бағыттамасы бойынша жұмысқа орналасуға үнемі талаптанып тұруға тиіс. Әйтпесе, жәрдемақысынан айырылады.

Бұл тұрғыда әлемде әсіресе, Дания азаматтарының жолы болды деуге келеді: оларда жұмыссыз қалған адам құрдымға құламайтынын біледі. Өйткені бұл елде жұмыссыздарға ай сайын ең кем дегенде, 1800 еуро жәрдемақы төленеді. Яғни, жұмыссыз қалғанның өзінде азамат шалқып өмір сүре алады. Норвегияда бұл жәрдемақының ең төменгі мөлшері – 1502 еуро,  Нидерландыда – 1300 еуро, Бельгияда – 995 еуро, Германияда – 919 еуро, Францияда – 843 еуро, Аустрияда – 825 еуро,  АҚШ-та – 648 доллар (ең жоғарғы жәрдемақы – 2730 доллар).

Қазақстан ең радикалды жолды таңдады: жұмыссыздық жәрдемақысын жойды. 

Елімізде тек жұмыстан босатылған жұмыскерлерге егер ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысса ғана төлем төленеді. Бұл ретте ол соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін "жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем" ала алады. Бұл ретте сол жәрдемақысын мемлекет емес, жұмыс берушісі қаржыландырады: ол ай сайын әрбір қызметкері үшін МӘСҚ қорына әлеуметтік аударымдар аударып тұрады. Кейін жұмыскерін жұмыстан шығарса, онда қор сол қаражаттан оған төлем төлеуге міндетті.

Қолданыстағы заң бойынша еңбек министрлігінің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) жұмыстан шығып қалған азаматқа жоғалған кірісінің 40%-ына дейінгі мөлшерде төлем төлеуге тиіс.

Алайда қазақстандықтар өмірде олай еместігін хабарлауда.

Арман Сарсенғалиев 2020 жылдың қыркүйегінде қысқартуға ілігіп қалыпты. Бұрынғы жұмыс орнында 9 жыл жұмыс жасаған. Соның ішінде соңғы 24 айдағы табысы шамамен 700 мың теңгені құрады. Мұны зейнетақы қорынан алынған көшірме растайды.

Ол заңда берілген құқығын пайдаланып, жаңа жұмыс тапқанға дейін жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем төлеуге өтініш береді.

"МӘСҚ сайтында бұл төлемнің қалай есептелетінін көрсететін формуласы http://gfss.kz/#/questions/work көрсетілген. Мен соған жүгіндім. Формула бойынша ақырғы шыққан сомадан тағы 10% зейнетақы жарнасы ұсталады және БЖЗҚ-дағы шотыңызға аударылады. Менің екі жылдағы орташа жалақым 700 мың теңге болды. Яғни, осы формулаға сәйкес маған төленетін ай сайынғы төлем 280 мың теңгеден асуы керек еді. Маған 6 айға жәрдемақы тағайындады. Алайда оның мөлшері небары 138 мың теңге ғана болды. Және бұл алым-салығы алынбағандағы сомасы!" – дейді ол.

Байқап тұрсаңыз, "жалақының 40%-ы көлемінде" дегені өтірік болып шығады. Ал Милена Бобошко тағайындалған төлемнің жойылғанына шағымданып жүр.

"Маған былтырғы 13 мамырдан бастап жарты жылға жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалды. Алайда қыркүйекте төлем түспеді. Оның мән-жайын анықтасам, "еңбекпен қамту орталығына келіп тіркеліп кетпедіңіз" деп тоқтатып тастапты. Портал арқылы төлемді рәсімдеген кезде тіркеліп тұру туралы ешқандай ақпарат болмады, ескерту жасалмады. Оның үстіне еңбекпен қамту орталығының қызметкерімен сөйлескенмін, ол жұмыс берушімнің менімен еңбек қатынасын тоқтатқанын растайтын анықтаманы талап етті. Сонда ол орталыққа келіп, тіркеліп тұруым керектігі жөнінде құлағдар етпей ме? Оны жасаған жоқ. Бұл жүйе азаматтарды адастырып, төлем төлеуді тоқтатуға қызмет ететінге ұқсайды", – дейді М.Бобошко.

Милена карантин кезінде бала бағып үйінде отырыпты. Еңбек министрлігінің қызметкерлері оны да назарға алмаған.

Министрлік 2020 жылдың қорытындысында былтыр 99,1 мыңнан астам адам ғана жұмысынан айрылуына байланысты төлем алғанын хабарлады.

Соның ішінде желтоқсанда тек 6 мың 629 азаматқа төлем тағайындалды.

"Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге: біріншіден, eGov.kz порталында авторизациялану, екіншіден, "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау, үшіншіден, онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет. Төртіншіден, 1 күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады. Бесіншіден, егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қажет болып жатса, қосымша ақпарат жинау үшін сізге ХЖҚО қызметкері хабарласады", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Ары қарай азаматтардың шағымы басталады...

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу