Brexit қалай жүзеге асып жатыр?

3485

Германия канцлері Ангела Меркельдің Борис Джонсонға ультиматум қоюы, дәлірек айтқанда 30 күн ішінде Brexit-ке қатысты шешім табу туралы шарт қоюы мүмкін емес сияқты көрінеді. 

Brexit қалай жүзеге асып жатыр?

Екеуі де бұған қатысты қатаң көзқараста болса да, қос елдің бірқатар шенеунігі жағдайды ұшықтармай мәмілеге келуге әлі де уақыт бар деген пікірде. 

Джонсонның Ұлыбританияны Еуроодақтан келісімге келу арқылы шығаруына күмәнмен қарағандардың қатарында Франция президенті Эммануил Макронның айналасындағы лауазымды тұлғалар бар. Шенеуніктердің ойынша, мемлекет одақтан тек бір жол арқылы шыға алады. Ол келісімсіз Brexit.

Бұған дейін бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй мен ресми Брюссельдің қараша айында Брексит туралы жасаған келісімін Ұлыбритания парламенті 3 мәрте қабылдамай тастаған болатын. Содан кейін оның орнына Борис Джонсон ел премьері болып сайланды. Борис Джонсон Мэйға қарағанда қатаң позицияны ұстанады. Ол Ұлыбританины қайтсе де 31 қазанда Еуроодақтан шығаратынын мәлім етті. Премьер жуырда ЕО-ға Ирландия шекарасына қатысты даулы бөлімді өзгертуді ұсынған еді.
Осылайша одақты тығырыққа тіремекші болды. Бірақ бұған Брюссель көне қоймады. Одақ Брекситтен кейін де Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекараны ашық қалдыруға мүдделі екенін айтты. 

Тараптар келісімге келе ала ма?

Десе де қос тараптың да ымыраға келу туралы ниеті жоқ емес

Бұрын жарияланған қатаң шарттарға қарамастан, Борис Джонсон мен Ангела Меркель кездесу өткізді. Бастапқыда одақ оның шарттарын қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқанмен, енді тараптар осы мәселені бірлесе қарастыруға ниеттерін білдіруде, дейді еуропалық дипломаттар. 

Келісімсіз Брекситті көздейтін Джонсон Меркельмен өткен бас қосуда: "Біз сіздермен келісім жасағымыз келеді. Осы мәселеге қатысты бір ымыраға келеміз деп үміттенемін",-деді. 

Ұлыбритания премьері түйткілді демалыс күндері Францияда өтетін G7 саммитінде тағы да талқылауға салмақ. Қос тарап өкілдерінің басым бөлігі одан еш нәтиже шықпайды деген пікірде. Дегенмен бірқатар дипломат одақтан шығуға 70 күндей бар, сондықтан әлі де өзгерістер болуы мүмкін дегенді айтуда. 

Меркельдің үзілді-кесілді талабы

"Біз келісімге келеміз бе , әлде жоқ па? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін сәл күтулеріңіз қажет. Еуроодақ Ұлыбританиямен ортақ шешімге келуге екі жылдай кетеді деп ойлап келді. Бірақ енді сіздер түйткілдің түйінін 30 күн ішінде таба алатын шығарсыздар",- деп Меркель Джонсонға ультиматум қойды.

Меркельдің ойынша, АҚШ "бэкстопқа" қатысты тиімді ұсыныс жасау керек. Және канцлер Еуроодақ  Ұлыбританияның Брекситкен кейін онымен болашақта қандай қарым-қатынасты ұстанатынын білгісі келетінін айтты. 

"Бэкстопты" Брекситті қолдаушылар жақтырып отырған жоқ. Өйткені оның кесірінен Ұлыбритания одақтан шыққан күннің өзінде ЕО-ның бірқатар кедендік ережелеріне бағынуы тиіс. 

Брюссель мен одаққа мүше елдердің ресми өкілдері 17-18 қазанда өтетін ЕО саммитін тағатсыздана күтуде. Олардың айтуынша, оған дейін де, тіпті сол кездесудің өзінде де тараптар келісімге келе алмауы мүмкін. Дегенмен 31 қазанға дейін олар қалай етсе де бір ымыраға келу керек, дейді олар. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу