"Әлем дағдарыспен күресіп жатқанда, Қазақстан табыстылық иллюзиясын сақтауға тырысты"

4922

Заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбек әлемдік экономика және Қазақстанның геосаяси ерекшеліктері туралы айтып берді.

"Әлем дағдарыспен күресіп жатқанда, Қазақстан табыстылық иллюзиясын сақтауға тырысты"

– Дағдарыс созылмалы сипат алып барады. Ал біздің жағдайымызда оған қандай сипаттама беруге болады? Бұл біздің болашағымызға қалай әсер етпек?
– Қазір тек Қазақстан ғана емес, бұрын-соңды болмаған күрделі кезеңде өмір сүріп отырмыз. Төртінші өнеркәсіптік революция экономикасы дәуірі бұрын ешкім болжай алмаған күрделі кезеңге айналып келе жатыр.

Жаңа ғасыр жаңа парадигмалар тудырады. Әлемдегі, елдегі ең басты құндылық мұнай, газ және өзге де табиғи ресурстар емес, бәсекегеқабілетті адам капиталы. Сондықтан ұлттық экономиканың басымдықтарын қайта саралап, адами капиталдың бәсекегеқабілеттігін күшейту ұлттың ертеңі үшін ең маңызды шешім болмақ.

– Соңғы үш рет болған девальвациядан кейін ішкі жалпы өнім, егер доллармен есептесек, күрт құлады, ал Қазақстанның валюталық қарыздары теңгемен есептегенде, керісінше, артты. Мұның соңы неге апарады?
– Қазақтан соңғы жылдары экономикалық стагнацияда өмір сүріп келеді. Стагнацияның негізгі көрінісі экономиканың өсуінің тоқтауында ғана емес, оның төмендеуінде болып отыр. Әсіресе, осыдан шамамен бес жыл бұрын әлемдік нарықтағы мұнай құнының құлдырауы жалпы ішкі өнімнің құлдырауына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Бұл жылдары Қазақстан мұнай өндірісін физикалық түрде қысқартқан жоқ, қайта өсірді. Алайда ақшалай көріністе төмендеді. Себебі бағаның материалдық көрінісі төмендеді. Бұл тенденция барлық посткеңестік елдерді шарпыды.

– Ұлттық валютаны девальвациялау арқылы жасанды экономикалық өсім иллюзиясын, көрінісін сақтап қалу механизмі кең қолданылды ма?
– Мәселе мынада, кез келген девальвация бюджеттің кірісінің азаюына және тиісінше халықтың әл-ауқатына кері ықпалын тигізеді. Себебі негізгі тұтыну тауарлары әлі де шетелден АҚШ долларына келеді ғой. Мәселе осында. Шынайы экономикалық өсім бұл жағдайда АҚШ долларымен айқындалған.

Бұл халықтың жағдайының әрі қарай құлдырап ішкі тұтынудың азаюына алып келеді. Айталық теңгедегі жалақыңыз өзгеріссіз қалды немесе баяу өсім айқындалғанымен, сіздің тұтыну қабілетіңіз әр девальвация сайын төмендей береді.

– Ішкі тұтынудың шектелуі шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Мұның себебі не?
– Себебі олардың негізгі тұтынушылары ішкі нарықта. Шетел инвесторлары белсенді девальвациялық саясаттан, ішкі тұрақсыздық себептерінің көп болуына байланысты аулақ жүреді. Салдарынан экономикалық өсімнің "шынайы" катализаторларының бәрі сарқылып, кедейшілік жайлаған елге айналуымыз мүмкін.

– 2015 жылы "2016 жыл экономикалық дағдарыстың түбі болады, 2017 жылдан бастап қалпына келу басталады" деген уәде айтылған еді. Қазір 2019 жыл орталанып қалды. Мұнай бағасы тұрақты. АҚШ тарапынан санкция салмағын сезіп отырған ресей рублі де бір қалыпта.
– Экономикалық өсімді қамтамасыз ететін драйверлердің аздығы, тіпті жоқтығы, дәстүрлі экономикалық модельдің дағдарысы, ішкі бәсекенің болмауы, икемсіз бюрократиялық аппараттың тиімсіз мемлекеттік бағдарламалары, тиісінше экономиканың инновациялық компонентінің төмендеуіне алып келді. Осы секілді факторларды тізіп айта берсек болады. Бірақ негізгі фактор ол сенімсіздік. Бүкіл әлем дағдарыспен күресіп, бас көтере алмай жатқан күннің өзінде Қазақстан табыстылық иллюзиясын сақтауға тырысқан елдердің бірі болды. Ал иллюзия экономика үшін өте қауіпті әлем.

– Ел ішінде "Экономистеріміз бен сарапшыларымыз белгілі бір салаға маманданбаған, олар энциклопедиялық деңгейдегі шала-шарпы білімімен кез келген ортада мәлімдеме жасап немесе комментарий беріп, қоғамдық пікірді адастырады" деген пікір бар.
– Сарапшылардың өздерін салалық қызығушылығына байланысты бірнеше топқа бөледі. Қоғамда болып жатқан кез келген өзгеріске бұл әлеуметтік топтар өкілдерінің, әдетте, қалыптасқан пікірлері бар.

– Экономиканың адами келбетін қалыптастыруда, қоғамдағы өзгерістерге зиялы қауымның бейтарап қарауы мүмкін емес қой.
– Бұл топ саяси технологиялар мен түрлі қоғамдағы өзгерістерді басынан кешіретін негізгі топ. Пікір қалыптастыруда ойлардың алуан түрлілігі мәселеге, соның ішінде өзіңіз айтып отырған экономикалық мәселелерге деген қоғамның сараптау қабілетін шыңдайды.

– Демек, бұл құқықтарды шектеудің қажеті жоқ қой...
– Егер Үкімет немесе Ұлттық банк аталмыш сараптамалардан зардап көріп жатқан болса, онда олар халықтан бөлек биік тұрмай халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тиіс. Тағы бір маңызды мәселе орталық атқарушы органдардан шыққан ақпарат шынайы қасиетке ие болуы керек. Бүгінгі күні қоғам көп нәрсені өз бетінше болжай алады, біледі. Ресей экономикасының кезекті санкциялардан бас көтере алмауы, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттігінің төмендеуі, дәстүрлі түрде экспорттаушы кәсіпорындардың мемлекеттік қолдауға деген мәжбүрлігі, шетел валютасына сұраныстың тұрақты түрде артуы бұлардың барлығын халық ешқандай сарапшысыз да көріп отыр. Көріп отырып, қам жасамау – жауапсыздықтың көрінісі.

– Бір мәселе төңірегінде пікір айта алатын экономистердің немесе сарапшылар пулын қалыптастыруға бола ма?
– Бұл пулды қалыптастыру бірінші кезекте қоғамның қолында. Себебі сараптамалық материалдың тұтынушысы халық. Тек бәсекелестік ортада ғана мықты салалық сарапшылар қалыптасуы мүмкін. Бүгінде сарапшылық нарықтың жоқтығынан, қоғамдық пікір түрлі "сарапшысымақтардың" еншісіне берілгендей көрінеді. Айталық белгілі бір мәселелер төңірегінде пікір білдіріп жүрген 10-15 шақты ғана маманды байқаймыз, өзгелерін не бұқаралық ақпарат құралдарынан, не ірі жиындардан көре алмайсың. Бұл плюрализмнің жоқтығын көрсетеді.

– Мүмкін, кез келген ақпаратты талғамай, дәмін алмай жұта беретін өзіміз кінәлі шығармыз. БАҚ бетіндегі экономикалық сараптамалардың тереңдігіне және өзектілігіне көңіліңіз тола ма?
– Кез келген қоғамда БАҚ-қа толық қанағаттанатын бірде-бір тұлға жоқ. Қазақстанда БАҚ, соның ішінде іскерлік-бұқаралық ақпарат құралдары үлкен дағдарысты бастан кешуде. Мұны іскерлік басылымдарға қатысты айтуға да болады. Елімізде саусақпен санарлық қана сапалы сараптамалық контент ұсынатын басылым бар деп ойлаймын. Алайда олардың таралымы да, оқырмандары да өте шектеулі.

– Осы сұрақты ары қарай жалғастырсақ: Бизнес, мемлекеттік және қаржы секторларындағы сараптамалық материалдардың сапасы жайлы не айтасыз? Жалпы, біздің елде сараптамалық-зерттеу институттарының деңгейі қандай? Белгілі бір салаға мамандану, сол бағытта алға жылжу процесі байқала ма?
– Бұл өте күрделі сұрақ. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары банк секторы өз дамуы бойынша ең қарқынды болғандығы белгілі. Өткен банк дағдарысына дейін банк секторы Қазақстан экономикасын алға тартушы локомотив ретінде де қарастырылды. Тиісінше қаржы секторының сараптамасы даму қарқыны бойынша ерекше жылдам сектор деген пікір қалыптасты. Онан кейінгі сектор бизнес сектор сараптамасы, тиісінше кенже қалып отырған сектор мемлекеттік сараптама деп қарастырылды. Алайда бұл өте шартты бөлініс екендігі белгілі болды. Сараптаманың даму заңдылығы сектордың даму заңдылығына байланысты. Айталық әлемнің ең дамыған елдері бүгінгі күні төртінші өндірістік революцияны бастан кешіруде. Оның негізгі ерекшеліктері жасанды интеллект, блокчейн технологиялары және тағы да басқалар.

– Посткеңестік кеңістік, өкінішке қарай, үшінші революцияны аяқтай алмай жатыр.
– Бұған әртүрлі себеп бар. Оған терең үңіліп жатпай-ақ қояйын. Алайда осындай артта қалған экономикалық формацияда өмір сүре отыра, оған деген керемет сараптама күту меніңше, орынсыз. Сараптама да, сын да қоғам дамуының көрсеткіші. Егер қоғам мен экономика өз дамуында кенжелеп жүрсе, онда сараптама да ойдағыдай бола қоймайды.

– Мамандар экономикада нарықтық экономикаға сүйенген бәсекелестік болмаса, онда кемел сараптама болмайтынын айтады.
– Бүгінде Қазақстан экономикасының сараптамасы шетелдік модельдердің негізінде жүзеге асады.

– Алайда Қазақстан шетел емес қой. Онда жүзеге асқан механизмдер Қазақстанда жұмыс істемеуі мүмкін.
– Қазақстанның өз ерекшеліктері бар. Салалық сараптаманың дамуы, ғылымның дамуымен байланысты. Экономикалық сараптама, экономика ғылымының дамуымен байланысты. Алайда артта қалған экономикалық модельден сусап дамыған ғылым заманауи проблемалардың шешімін таба алмайды. Тиісінше сараптама да өте сауатты болады деп айту қиын.

– АҚШ доллары өзінің әлемдік резервтік валюта мәртебесінен айрылған емес. Неліктен?
– Өйткені өзге факторларды есепке алмағанда АҚШ экономикасы –  әлемдегі ең бәсекегеқабілетті экономикалардың бірі, ондағы өсімнің негізгі қайнар көзі инновациялар мен жаңа технологиялар. АҚШ-тың банк жүйесі әлемдік денгейдегі іргелі банктерден тұрады. АҚШ экономикасында Рузвельт заманынан бастап монополиялар жоқ. АҚШ долларының үлкен сұранысқа ие болуының себебі осында жатыр.

– Бұл елде тіпті Ұлттық банк жоқ. Оның орнына АҚШ-тың ең ірі қаржы институттарын біріктіретін Федералды резерв жүйесі бар.
– Демек ұлттық валюта бағамы мемлекеттік экономикалық саясаттың бір көрінісі ғана. Егер экономика бәсекелестік негізде құрылып, нарықтық тетіктердің барлық механизмдерін қолдануға жағдай жасаса, валюта да тұрақты болады, экономика да қуатты болады. Егер ішкі нарық монополиялардың басымдығынан асып кете алмаса, орта және шағын бизнестің дамуына тиісті жағдай жасалмаса, шетел инвесторларына инвестициялық климат қолайлы болмаса, онда жүз жерден тиімді монетарлық саясат ұстансаңыз да, ұлттық валютаңыз тұрақсыз болады. Сондықтан ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету экономикадағы тұжырымдамалық өзгерістерден кейін орын алады.

– Валютаның еркін айналымда болуы нарықтық қоғамға тән құбылыс. Себебі нарықтың басты заңдылығы ұсыныс пен сұраныс қой.
– Валюта немесе ақша бірінші кезекте тауар, ерекше тауар. Бірақ тауар. Сондықтан кез келген нарықтық тетіктен бас тарту, экономикадағы мемлекет ықпалының күшеюіне алып келеді. Ал ол өз кезегінде либералды экономика құруға кедергі жасайтын негізгі факторлардың бірі.

– Ұлттық банк өкілдері валюта нарығындағы алыпсатарлық көңіл-күй немесе трейдерлер теңге бағамына қаншалықты ықпал етіп отыр дейді. Сіз не дейсіз?
– Экономикада ақшаның жылыстауы деген ұғым бар. Посткеңестік кеңістікте осы тренд айқын сезіліп келе жатыр. Жеке капитал өзінің жеткілікті дәрежеде қорғалмағандығын сезіну салдарынан шетелге шығуға ниетті. Бұл– экономика үшін өте қауіпті белгі. Әсіресе, шикізат экономикасына негізделген елдерде. Оның үстіне қазақстандық қаржы институттарының көпшілігі шетелден қарыз алады. Оны шетелдік валютада қайтару керек. Соңғы уақытта экономикада айқын сезіліп келе жатқан стагнация бизнес белсенділіктің төмендеуіне алып келді.
– Яғни экономикалық тәуекел деңгейі жоғары. Курс тұрақсыздығы жергілікті тұрғындардың да мазасыздануына ықпал ететін сияқты.
– Осы факторлардың барлығы қысқа мерзімде валютаға өз ықпалын тигізбей қоймайды. Негізі Қазақстанның валюталық биржасы өте кішкентай. Кез келген банк немесе қаржы институты үлкен мөлшерде валюта сатып алса, міндетті түрде нарыққа әсер етеді. Ал ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықтағы бәсекелестік ортаны арттырып, инновациялық әлеуетті жүзеге асыруға жағдай жасау керек.

– Бізде қазір шенеуніктердің негізгі идеясы қоғамға немесе бизнеске қызмет ету емес, оны басқару сияқты түсінік қалыптасқан. Бұл негізі шикізат өндіруші мемлекеттерге тән құбылыс па?
– Мемлекеттік табыстың негізгі бөлігі төленетін салықтан емес, мұнай немесе өзге шикізат саудасынан қалыптасады деген ой шенеуніктік топқа қоғам алдындағы жауапкершіліктен босататындай көрінеді. Бұл – қате философия. Бұл мемлекеттік қызметкерде қолжетімсіз элитарлықты қалыптастырады. Ал қол жетімсіз элитарлық касталық жүйеге алып келеді. Касталық жүйе – креативтік экономиканың негізгі жауы. Өйткені теңсіздікті қалыпты жағдай деп қабылдайды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу