"Біз ұрпақты азаптап, мучить етіп жатырмыз" - Бекболат Тілеухан

7867

Білім жүйесі құрдымға беттеп барады. 

"Біз ұрпақты азаптап, мучить етіп жатырмыз" - Бекболат Тілеухан

Бұған дейін білім саласындағы сорақылық талай рет айтылып, көрсетілсе де,  "мәу" деген министрлік болмапты. Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеухан осылай деді.

"Біз ұрпақты азаптап, мучить етіп жатырмыз. Бала азапқа ұшырап жатыр. Есепті баланың өзі емес, әке-шешесі шығара алмай отыратын білім жүйесі барып тұрған қаскөй жүйе. Сорақылыққа жауап беретін ешкім болған жоқ. Министрлік мұны баспаға айтады, баспа мемлекеттік стандарттан көреді. Мемлекеттік стандарт оқулық орталығына сілтейді. Оқулық орталығы авторлық топқа жабады. Қысқасы қайсының құйрығын ұстарыңды білмейсің. Ақыр соңында извините за выражение "Жол екіге айырылса, қаңғыбас ит көтінен шаншылады" деген сияқты шоңқиясыз да қаласыз", – деді депутат.

Оның сөзінше, 2007 жылдан бері білім беру мекемелеріне триллионға жуық қаржыға пәндік модификацияға қатысты кабинеттер жасақталған. Бірақ бұл жерде істейтін маман табылмаған.

"Ананың барлығы мелшиіп, ақша ұстап тұрғанын көргенде адамның іші удай ашиды", – деді Бекболат Тілеухан.

Бұдан кейін ол "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының қызметін тілге тиек етті.

"Педагогтарды қайта даярлайтын ұлттық орталықтың кадрларын толығымен айырбастау керек. Акционерлік қоғамды бәсекеге қабілетті ортаға беру керек.  Әйтеуір, сол жерде қаптаған кәрі-құртаң мен кемпір-сампырдың жүргенін көремін. Жастар қайда, "Болашақпен" оқығандар неге жоқ?", – деп қынжылды халық қалаулысы.

Сөз арасында ол 12 жылдық білім жүйесіне деген көзқарасын білдірді.

"Кеңес кезінде 10 жыл оқыдық. Ешкімнен кем болған жоқпыз. Ленин 7 жыл гимназияда, Абай 4 жыл Ахмет Риза медресесінде оқыды. Ломоносов 11 жасында мектепке барды. Бұлардың ешқайсысы ешкімнен кем болған жоқ. Тоғыз жарым жасында мектепке барған Ақселеу Сейдімбектен асқан қазақта ғалым бар ма, жоқ па, біле бермеймін. Бүгінгі білім жүйесі құрдымға беттеп бара жатыр. Бұл – пропасть. Құрдымға қарай кетіп бара жатырмыз. Қай жағынан келсек те сын көтермейді. Жалпы жүйені, оқулық шығару жүйесін, мұғалім даярлау жүйесін, бәрін түбегейлі қайта қарау керек. Мына түрімізбен шегіне берсек, ұрпақ миақы болады", – деді Бекболат Тілеухан.

Осыдан соң халық қалаулысы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қандай жағдайда депутаттық мандатын тапсыруға айтты. 

"Асхат, жақсы жігітсің, азаматсың! Енді, осы мәселелерге қажыр-қайратпен кірісейікші. Тап осы мәселе шешілетін болса, депутаттық мандатымды беріп, көмекші әрі хатшы болып баруға дайынмын", – деді Бекболат Тілеухан.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу