"Жатақханаларға қымбат жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді тоқтату керек"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3651

Биыл жатақханаларда 9 мыңнан астам орын пайдалануға беріледі.

"Жатақханаларға қымбат жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді тоқтату керек"

Премьер-министр Асқар Мамин жатақханаларға қымбат жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді доғару керек айтты. Өйткені биыл жатақхана құрылысына бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейді.

"Жатақхана құрылысы бойынша жұмысты бастағандар негізінен жеке меншік оқу орындары. Олардың жобаларының құны нақты көрсетілген. Ал мемлекеттік оқу орындарының жобаларының құны айтарлықтай жоғары. Сондықтан инвесторлар үшін тартымдылығы да төмен. Бұл ретте жатақхана құрылысына бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейтінін ескертемін.  Қолдарыңызда қажет құралдар бар. Соны негізге алып жұмыс жасау керек", – деді Асқар Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.

Үкімет басшысы атап өткендей, студент жастарды жатақханамен қамту Елбасының бес әлеуметтік жобасының бірі. Бұл ретте Елбасы 2022 жылға дейін жатақхана тапшылығын жойып, жатақханаларда 75 мың жаңа орын пайдалануға берілуі керектігін тапсырған болатын.

"Осы жобаны іске асырудың алғашқы жылында 5 мың орын пайдалануға беру жоспарланған. Бірақ қазірдің өзінде жақсы нәтижелерге жетіп отырмыз. Биыл 9 мыңнан астам орын пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар бүгін оң тәжірибесі бар өңірлер бар. Басқа облыстар осы тәжірибені пайдаланса болады. Жатақхана салуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеуді жалғастыру қажет. Кәсіпкерлер үшін барлық мүмкіндіктер жасалынған. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі 7 пайызға дейін төмендетіліп, құрылыс ережелері жеңілдетілді", – деді Асқар Мамин.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, былтыр  оқу орындары мен жергілікті бюджет есебінен жатақханаларда 3 мыңнан астам орын пайдалануға берілген.

"Осы жобаға жеке инвесторларды кеңінен тарту мақсатында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке негізделген арнайы механизм жүзеге асырылуда. Нормативтік-құқықтық база қалыптастырылып, қаржы көлемі бекітілді. Жатақхана құрылысымен айналысатын кәсіпкерлерге инженерлік-коммуникациялары дайын жер телімдері беріліп, банктік несиенің 7 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады", – дейді Күләш Шәмшидинова.

Министрдің сөзінше, бүгінде жатақхана құрылысына қойылатын талаптар жеңілдетілген. Бұл шаралар инвесторлардың шығындарын қысқартып, құрылыстың жалпы құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

"Жатақхана қолданысқа берілгеннен кейін оның иесіне 8 жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыс берілетін болады. Сонымен қатар, инвестордың осы ғимаратта асхана, жаттығу залы және өзге де тұрмыстық қызметтерді орналастыру арқылы қосымша кіріс табуына мүмкіндік берілген", – деп нақтылады білім және ғылым министрі.

Күләш Шәмшидинованың сөзінше, Нұр-Сұлтанда жатақхана құрылысы бойынша әкімдік тарапынан субсидиялау енгізілген.

"Бүгінгі таңда 19 мыңнан астам орынның енгізілуін қамтамасыз ететін 43 жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында ағымдағы жылдың өзінде жоспарланған 5 мыңның орнына 9196 орын енгізіліп, жоспар 184 пайызға орындалады деп күтілуде", – дейді ол.

Белгілі болғандай, жатақхана құрылысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысы алда тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан облыстарында жұмыс қарқыны төмен.

"Ағымдағы жылдың көрсеткішіне қол жеткізу үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Дегенмен, келесі жылдың жоспарының орындалуы алаңдатып отыр. Осыған орай мына шараларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуді сұраймыз. Бірінші – өңірлерде барлық оқу орындары көрсетілген жатақхана салудың толық кестесін бекіту. Екінші – қымбат жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді тоқтату. Үшінші – жер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру жұмысын жеделдету. Төртінші – осы жобаны іске асыру барысында сейсмикаға қатысты мәселелер көтерілді. Осыған байланысты нормативке сейсмиканы ескеретін коэфициентті қарастыру қажет", – деді білім және ғылым министрі. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу