Бельгияға бағытталған аса улы қалдықтар бюрократия кесірінен Қазақстанда қалды

16110

Табиғаттың тазаруына жауапты ведомство қауіпті қалдықтардың елден әкетілуіне кедергі келтіріп отыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Бельгияға бағытталған аса улы қалдықтар бюрократия кесірінен Қазақстанда қалды

Қазақстан қалдықтың астында қалуы мүмкін

Елімізде жыл сайын 5 млн тоннағы жуық қатты тұрмыстық қалдық пайда болады (2019 жылы – 4,7 млн,  2018 жылы – 4,3 млн, 2017 жылы – 4,8 млн тонна). Жыл сайын Қазақстанның 1 тұрғыны шамамен 239–267 келі қоқыс жасайды.

Елімізде өңделетін қоқыс үлесі аз: 2020 жылдың қорытындысында небары 18,3%-ға әзер жетті (2019 жылы – 14,9%, 2018 жылы – 11,51%, 2017 жылы – 9,02%). "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасында белгіленгендей, өңделген қалдықтардың үлесі 2030 жылы 40%-ға, ал 2050 жылы – 50%-ға жетуге тиіс.

Дегенмен, еліміздегі ең зиянды, улы қалдықтарды өнеркәсіп кәсіпорындары, атап айтқанда, тау-кен, металлургия, мұнай-газ өндірісі, жылу-электр энергетикасы, атом өнеркәсібі шығарады. Тек бір жыл ішінде олар 868 млн 646,9 мың тонна өнеркәсіптік қалдық түзген. Оның 34%-ы қалпына келтірілді, қайта пайдаланды. Бұл қалдықтардың көлемі жыл сайын өсіп келеді: 2020 жылы 2019 жылға қарағанда 4,4%-ға немесе 38 млн тоннаға ұлғайған. Оның алдында 2019 жылы 131,3 млн тоннаға артты.

Бұл Қазақстанда қалдықтарды өңдеудің өте өзекті іс екенін көрсетеді.

Алайда сала шенеуніктері бұл істің ілгерілеуіне ықпал ету орнына кедергі келтіріп жатқанға ұқсайды.

"Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірнеше айдан бері полихлорлы дифенилі (ПХД) бар қалдықтарды Қазақстан аумағынан шығарып әкетуге тоспа құрып отыр. Қауіпті қалдықтың көлемі 140 тоннаны құрайды. Министрлік не үшін олай жасағанын тіпті түсіндірмейді", – деп шағымданады "Қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық оператор" ЖШС директоры Вадим Верховой.

Полихлорлы дифенил – қоршаған орта мен адам денсаулығы үшін ең қауіпті саналатын, "Тұрақты органикалық ластаушы заттар" тізіміне немесе "қызыл тізімге" кірген өнеркәсіптік химиялық заттың бірі.

Бірден айта кетелік, республикада әлі күнге дейін ПХД-қалдықтарды жоятын бірде бір зауыт жоқ. Отандық ірі кәсіпорындар оны жою үшін амалсыз, негізінен Еуропаның дамыған елдерінің қызметіне жүгініп, біраз шығын шығарады. Мысалы, осыдан біраз бұрын Қарағандыдан Францияның Лион қаласына алып ұшақпен 70 тонна ПХД-қалдық жеткізілген болатын.

Содан халық пен табиғатқа төнетін қауіп-қатердің алдын алу мақсатында "Қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық оператор" төл қаражаты есебінен құрамында ПХД-сы бар үлкен көлемдегі қалдықтарды Еуропаға әкету үшін кезекті трансшекаралық транзитті ұйымдастыруға кірісті. Улы заттардың қазақ елінен әкетілетініне тек қуану, қолдау керектей. Оның үстіне бұған ел қаржысы жұмсалмайды.

Қазақстандық бюрократия еуропалықтан да шабан

Компания алдымен аса зиянды қалдықтарды лайықты жою үшін Бельгияның осы саладағы жетекші кәсіпорындарының бірі – "SUEZ PCB Decontamination NV" зауытымен келісімшарт жасасады.

140 тонна улы қалдықты қазақстандық операторға "Eurasian Resources Group" (ERG), "Еуроазиялық энергетикалық корпорация", "Қазақмыс" корпорациясы секілді отандық ірі кәсіпорындар утилизацияға тапсырған екен. Себебі, Экологиялық кодекстің талаптарына, сондай-ақ Қазақстанның Стокгольм конвенциясы аясында өз мойнына алған міндеттемелеріне сәйкес, кәсіпорындардың осындай аса залалды қалдықтарды қоршаған ортаға төгуіне тыйым салынған. 

Әдетте мемлекет қандай да бір шикізаттың, соның ішінде қалдықтардың да шетел асуына аса сақтықпен қарайды. Қалдық деп құнды ресурсты алып кетуі мүмкін. Әйткенмен, мына жағдайда белді корпорациялармен арадағы контракті бойынша кәдеге жарату ісі жүктелген компания бұл қалдықтардың шынымен аса зиянды екенін дәлелдейтін құжаттардың толық топтамасын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсынған. 

Келісім алу үрдісі ұзаққа созылатындықтан ол құжаттар Мағзұм Мырзағалиевтің ведомствосына алдын ала, бір жыл бұрын, 2020 жылғы 3 шілдеде жолданады. Өз кезегінде экология министрлігі ПХД-қалдықтарды жою үшін Бельгияға трансшекаралық тасымалдауға рұқсатнама құжатын, қазақстандық қорытындыны беруі керек еді.

"Экология ведомствосы біз ұсынған құжаттарды қарады, құжаттар жинағының толықтығын тексерді. Нәтижесінде, ПХД-қалдықтарды Бельгияға әкелуге рұқсат алу үшін меморган Сыртқы істер министрлігі арқылы бельгиялық Фландрияның қалдықтарды реттеу саласындағы уәкілетті органы – OVAM мемлекеттік агенттігіне жолдады. OVAM Базель конвенциясына сәйкес, улы қалдықтарды Бельгия аумағына енгізуге келісімді рәсімдеп, рұқсатнама құжаттарын цифрлық форматта жылдам жіберді. Айтпақшы, Бельгияда биылғы 2021 жылдан бастап, қағаз күйіндегі құжатайналым толығымен тоқтатылды", – дейді компания директоры.

Бірақ енді біздің шенеуніктер әбжілдік емес, селқостық танытып отыр.

Бельгиядан рұқсатнаманы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де, Экология министрлігі де алыпты. СІМ құжаттың келгені туралы 2021 жылғы 10 наурызда экологиялық ведомствоны хабардар етіп, құжаттарды ресми жолдайды.

"Қалдықтарды әкелу, әкету және транзиттеу ережесін бекіту туралы" Үкімет қаулысына сәйкес, "Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұсынылған құжаттар ережеде белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауға қорытындыны ресімдейді және өтініш берушіге жібереді".

Еуропалық ел утилизациялап, табыс табу үшін улы қалдықты қабылдауға дайын отыр. Мұны Бельгияның құзырлы органы растап отыр. Қоқыстың улы екені де дәлелденген. Экология министрлігінен талап етілетін "қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауға қорытындының" дайын нысан-формалары да бар. Демек, бір айға созбай-ақ, жылдам рұқсат беруге болар еді.

"Алайда OVAM құжаттары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде биылғы 10 наурыздан бері қозғалыссыз жатыр. Осы мемлекеттік қызметті көрсетуге кесілген 30 күндік мерзім 9 сәуірде-ақ түгесілді. Бұл министрлік не рұқсат құжатын бермейді, не оны беруден дәлелді бас тартуды да ұсынбайды. Біздің кәсіпорын 14 сәуірде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов атына сұрау жолдап, қорытындының берілмеу себептерін хабарлауды сұрады. Ол хатымызға әлі күнге жауап келмеді", – дейді Вадим Верховой.

Айтпақшы, ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына шағым жолдап, экология министрлігінің және оның жекелеген қызметкерлерінің қызметін коррупция көріністерінің бар-жоқтығына тексеруді өтініпті. Бірақ коррупциямен күресушілер бұл жағдайда ешқандай сыбайлас жемқорлық сипатын байқамағанға ұқсайды: жай ғана хатты экологияға жауапты меморганға кері бағыттай салған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу