Берлин қабырғасының құлағанына – 30 жыл

5821

1989 жылы 9 қарашада екі Германия бірігіп, әлем жаңа дәуірге аяқ басты. 

Берлин қабырғасының құлағанына – 30 жыл

Берлин қабырғасы 1989 жылы қарашаның 9-ында құлады. Оның алдында бірнеше ай бұрын америкалық жас саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма "тарих аяқталды" деген сөзімен бүкіл әлемге танылды. Алайда тарих аяқталмаған екен. Күрес жалғасып жатыр. Коммунизмнің күйреуі болса, батыстық капитализм мен либерализм үшін ұзағынан сүйіндірер алтын ғасырдың бастамасы бола алмады.

Кейбір сарапшылардың ойынша, өткен онжылдықтарда дүниені дүрліктірген оқиғалар XXI ғасырды "қырғи-қабақ" соғыс жылдарынан да қауіпті дәуірге айналдырды.

11 қыркүйек терактісі мен Ирак пен Сириядағы соғыс "Даиштың" өмірге келуіне көмектесті, содан кейін – босқындар дағдарысы басталды. Ал 2008-де әлем қаржылық дағдарысқа ұшырап, дүниежүзілік экономика құлдырады. Қытай супердержаваға айналса, Ресей ес жиып, етек жинады. Жаңа популизм тамырын тереңге жайды. 

Алғашқы жылдар

Берлин қабырғасы құлағаннан кейін жаңа мемлелекеттер пайда болып, екі Германия бірікті. Алайда Кеңес одағының күйреуі әскери жанжалдарға жол ашты. Сонымен қатар 90-шы жылдары Конго мен Либерияда болған азаматтық соғыстарда қан төгілсе, Руандада жүздеген мың адам геноцидтің құрбанына айналды. Ал Югославияда тұрғындар жаппай қырғынға ұшырап, босқындық кебін киіп, территориялар жауланып, тіпті жаңа елдер құрылды.

90- жылдардың соңында Батыстың әскери интервенциясы Сербия ұлшылдығын әлсіретіп, Косовоны тас-талқан етті. Ол кезде Ресей әлсіз еді, сондықтан Мәскеу дәстүрлі одақтасы – Белградқа көмектесе алмады. Бірақ жалпы алғанда, сол жылдары әлем экономикасы аяғында нық тұрған еді. 

XX ғасырдың басы

2001 жылы қыркүйектің 11-інде "әл-Каида" Нью-Йоркке жасаған алапат шабуылға бүкіл әлем тікелей эфирден куә болды. Дүние жұрты дәл мұндай террорды бұрын көрмеген еді. Содан кейін Буш әкімшілігі Осама бен Ладенді ұстау үшін Ауғанстанға әскер кіргізіп, "Талибан" режимін құлатты. Арада 18 жыл өтті, Америка әлі сонда.

Диктатор Саддам Хусейн Иранмен соғысқанда Вашингтон оның одақтасы еді. Бірақ Саддам кейін жалған барлау мәліметтерінің нәтижесінде ядролық қару жасаушыға айналды. Пентагон Иракқа да қарумен барды: жүздеген мың, бәлкім, миллиондаған адам қырылды.

Фукуяма бұл басқыншылықты әу-баста қолдаса, қазір қарсы. Оның ойынша, Ирак соғысы АҚШ-тың әлемдегі саясатын теңселтсе, 2008 жылғы ғаламдық қаржылық дағдарыс Құрама Штаттар "біз орнаттық" деген дүниежүзілік экономикалық тәртіпті әлсіретіп, бүгінгі популизмге жол салып берді.

Популизм және жеке басқа табыну

Кейінгі жылдары бірқатар елдерде халықтың көбі демократиялық басқару формуласынан жұрдай популист лидерлерге дауыс берді. Қазір сол популизм ұлтшылдықпен "некелесіп", кейбір жерлерде үстем күшке айналып отыр. "Ең алдымен Американы" ұран еткен Трамптан бастап, "брекситке" дейін, палестиналықтардың жерін жаулап жатқан  Израильден бастап, даулы Кашмирді түгел иемденуге көшкен Үндістанға дейін.

Фукуяманың сөзіне қарағанда, популизм жақсы басшылыққа немесе міндетті түрде гүлденуге апаратын жол емес. Ол бұған дәлел ретінде сауда соғыстарын келтіріп, мұндай әрекеттердің болашақта шектелуі мүмкін екенін ескертеді.

Сирия, "Ислам мемлекеті" және ғаламдық босқындар дағдарысы

Сирияны жермен-жексен еткен азаматтық соғыс тоғызыншы жылға ұласып отыр. Ол 2011 жылғы "Араб көктемінің" лебімен президент Башар Асадқа қарсы басталды. Бұл қарулы жанжалдан жүздеген мың адам опат болып, миллиондағаны үйлерін тастап, "Ислам мемлекеті" көтерілді. Бұл топ Ирак пен Сирияның төрттен бірін басып алып, бүкіл Еуропада террорлық шабуылдар жасады.

Террористердің ойранынан "Қарт құрлыққа" миллиондаған адам қашты. Әлем мұндай ауқымдағы босқындар көшін Екінші дүниежүзілік соғыстан бері көрген емес.

Бұл көш Батыста иммиграцияға наразылықты күшейті. Сол қарсылықты кейбір популист саясаткерлер сайлауда ұпай жинауға пайдаланып, кейбір елдерде билікке келіп жатыр.

Ресейдің ес жиюы

Кеңес одағының ыдырауынан күшіне қайта мінген бүгінгі Ресей арасындағы кезеңге тоқталсақ, Борис Ельцин дәуірінде бұл елдің еркін нарыққа көшу жолы тұрақсыз да соқпақты болды. Мемлекеттік кәсіпорындар сатылып, олигархтар мен мафия салтанат құрып, Ресей бірінші шешен соғысында жеңіліске ұшырады.

Содан кейін, екі ғасыр тоғысында, Батыс либерализміне қарсы күш ретінде билікке Владимир Путин келді. Екінші шешен соғысында мыңдаған адам қырылды, Ресей Грузияға басып кірді, Украинадан Қырым аннексияланды. Мәскеу мұнымен шектеліп қалған жоқ. 2016 жылы ол АҚШ-та өткен президенттік сайлауға араласып, Трамптың жеңіске жетуіне көмектесті деген болжам бар. Алайда, Кремль мұны ешқашан мойындаған емес. Ал, былтыр Путин Ресейде Батыста теңдесі жоқ жаңа атомдық қару жасалғанын жариялады. Бұл - оның "қырғи-қабақ" соғыс жылдарында қол қойылған ядролық күштер туралы келісімнен шығып кеткен Америкаға берген жауабы.

"Бізді ешкім тыңдамады. Енді құлақ асуға тура келеді", - дейді Путин осы мәселеге қатысты жасаған бір мәлімдемесінде.

Қытай - супердержава

Қытайдың өрлеуі соңғы отыз жылда әлемнің геосаяси картасын өзгертті. Бұл мемлекет қаржылық ықпалы мен "Жол мен белдеу" жобасы аясында қанатын төрткүл дүниеге жайып, супердержаваға айналып отыр.

Фукуямаға сенсек, Қытайдың байлығы мен билігінің артуы бұрынғы халықаралық жүйені күйретіп, Бейжің-Вашингтон қатынастарының нашарлауына алып келді. Және де Ақ үйге келесі жолы қандай басшысы келсе, бұл жағдайды енді өзгерту аса қиынға соғуы мүмкін.

1989 жылдың рухы

30 жыл бұрын коммунизм жеңіліске ұшырап, демократиялық жолға түскен Еуропада қазір ұлтшылдар бас көтере бастады. Олардың кейбірінің идеологиясы тіпті фашизмге жақын. Әсіресе, Польша мен Венгриядағы ахуал алаңдатады. Бірақ, кейбір сарапшылардың ойынша, бұндай жағдайға жеткен елдердің бүгінгі халі коммунистік диктатура дәуіріндегі өмірмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Аймақта ондаған ел Еуропа одағына кіріп, бейбіт әрі тұрақты ғұмыр кешіп жатыр. Фукуяманың пікірінше, биыл Гонконг, Алжир, Судан және өзге елдерде басталған қарсылық акциялары 1989 жылдың рухы әлі де тірі екенін аңғартып отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу