"Берме, ақшаңды, Иманбек!"

6095

Қазақстандықтардың қайырымдылыққа неге "жаны қас"? 

"Берме, ақшаңды, Иманбек!" Фото: Ольга Бугаева

Grammy сыйлығының ел тарихындағы тұңғыш иегері, репер әрі диджей Иманбек Зейкенов өзіне Павлодар облысының әкімі берген 2 миллион теңге "көрімдікті" қайырымдылыққа тапсырғаны мәлім. Бұл хабар әлеуметтік желіде тосын қоғамдық пікір дүмпуін туғызды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Өңір әкімдігінің хабарлауынша, ақшалай сыйлық ақсулық дарын өзіне музыкалық туындылар шығаруға қажетті жаңа техника сатып алу үшін ұсынылыпты.

"Менде қазір заманауи техника бар. Сондықтан осы ақшаны қайырымдылыққа бергім келеді. Ешқайда көшіп кетуді жоспарлап отырған жоқпын, Ақсуда қаламын", – деді Иманбек.

Осы ақпаратқа қатысты әлеуметтік желіде пікір бөліскен біраз адам аты әлемге мәшһүр өнерпаздың ізгі ісін құптамады.

"Бұл сенің еңбегің, Иманбек! Ақшаңды өзгелерге шашпа! Ешкімге де ештеңе берудің керегі жоқ!" дейді бірі. "Одан да өз дарыныңды ары қарай ұштауға жұмсамадың ба? Саған мемлекеттен еш көмек жоқ. Әлеуетіңді жүзеге асыр. Ертең өзің демеуші іздеп кетерсің", – деп ескертеді тағы бірі. Келесі адам жергілікті билікті де, қорларды да сыбайлас жемқорлық жайлағанына, сондықтан ол миллиондардың енді сайда саны, құмда ізі қалмайтынына қамығады.

"Оның орнына Иманбек тамаша студияға жарайтын кеңсе сатып алып, оны заманауи, ең соңғы, қуатты техникамен жабдықтағанда ғой. Ол жеңіс әкелген атақты трегін "революцияға" дейінгі көне компьютерде құрастырып шықты ғой", – дейді Шоқан есімді пайдаланушы.

"Еңбегің сіңген ақшалай сыйлығыңды әлдебір қорға емес, нақтылы зәру жандарға бергенің жөн. Қаншама ауру, мүгедек бала бар. Олардың ауыр халін көргенде жүрек қан жылайды. Біз берген бір-екі мың теңге ештеңені шешпейді. Ал Димаш пен Иманбектер секілді дарын ұлдарымыздың берген миллиондары нақты балалардың емделуіне мүмкіндік жасайтын еді. Міне, ылғи осылай тапсырады, бірақ азаматтарымыздың қайырымдылық қаражаты қайда кеткені, кімнің қалтасында қалғаны түсініксіз қалады, ешкім есеп ұсынбайды. Мемлекетке, министрліктерге ізгілікті қаражаттарыңызды бермеңіздер, ол ақша міндетті түрде кекірік атқан шенеуніктер мен олардың сыбайластарын байытуға кетеді", – деп уайымдайды Бақытжан.

Әрине, мұның бәрі ашынғандықтан айтылып отырғанға ұқсайды. Әйтпесе, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен 2020 жылы жүргізілген "Қазақстан жағдайындағы қайырымдылық және донорлық жүйесі" зерттеуі көрсеткендей, қазақстандықтардың 92%-ы қайырымдылыққа оң көзқарас білдірген.

"Бүгінде Қазақстанда ақшаны қайырымдылық мақсаттарға берудің екі әдісі кең таралып отыр. Бірінші түрі – жәшіктер қою немесе оны көшеде ұсыну арқылы қаражат жинау: оның 2019 жылғы үлесі – 39%, 2020 жыл – 39,1%-ды құрады. Екіншісі – қаражатты есепшотқа тікелей жолдау: 2019 жылғы үлесі – 37,6%, 2020 жылы – 36,9%. Сонымен бірге, былтыр қайырымдылыққа ақша жіберудің онлайн әдісін таңдау жағдайлары күрт артты: 2019 жылы оның үлесі небары – 11,3% болса, 2020 жылы – 32,3%-ға жетті. Респонденттердің жартысынан көбі немесе 58,1%-ы қайырымдылық қорларына сенуге бейім. Ал қазақстандықтардың үштен бірі – 30%-ы қаптаған қайырымдылық қорларына сенбейді", – деп хабарлады ведомство.

Дегенмен, нақты ақша аударуға келгенде, қазақстандықтардың көбі бәрібір қорларды таңдамайды екен: ізгілік танытқан азаматтардың тек үштен бір бөлігі – 34,1%-ы ғана соларға жүгінген. Ал жартысына жуығы – 47,4%-ы мұқтаж адамдарға тікелей қайырымдылық жасауды жөн көреді. Яғни, өзі қалаған зәру жанның есепшотына қаржы аударады немесе жәшігіне салып кетеді.

Зерттеу қорытындысында, Қазақстандағы қайырымдылық қызметті тежейтін факторлар ретінде "заңнаманың жетілмегендігі", "салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың болмауы", "қайырымдылықпен айналысатын адамдарға мемлекеттің қолдау көрсетпейтіні", "кей жағдайда қайырымдылық көмек қайтарымының аздығы және бұл салада ашықтықтың болмауы" аталды.

Айтқандай, жақында ел Парламентіне қолданыстағы "Қайырымдылық туралы" заңды жетілдіретін жаңа заң жобасы енгізіледі деп жоспарлануда. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, "азаматтарды қайырымдылыққа қатысуға ынталандыру үшін" заңнамаға жанама ынталандыру тетіктерін енгізу ұсынылады.

Біріншіден, қайырымдылық жасаушы азаматтарға жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезінде артықшылық берілмек. Осы мақсатта жаңа заң жобасымен "Білім туралы" заңның 26-бабына өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Нәтижесінде, "қайырымдылық жасаушы", "қайырымдылық волонтері" санатына жататынын растайтын құжаттарды ұсынған адам мемлекеттің не әкімдіктің білім грантын алғашқылар қатарында алатын болады.

Екіншіден, егер заң қабылданса, мемқызметке тұру кезінде де осы "Атымтай жомарт" атағы басымдық әкелмек. Бұл шараны іске асыру үшін Еңбек кодексінің 139-бабын жаңа тармақпен толықтыру көзделуде: сонда қайырымдылық жасаушыларға, қайырымдылық волонтерлеріне мемлекеттік мекемелерге, қазыналық кәсіпорындарға жұмысқа қабылдау кезінде қосымша балдар есептеледі.

Жанат Ардақ

Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу