Украинада оңбай таяқ жеп, беделден жұрдай бола бастаған Мәскеудің Орталық Азиядағы пәрмені азайды. Осыны пайдаланып, өңірде шың елі өз ықпалын күшейтуге ұмтылып, "Орталық Азия–Қытай" форматында түрлі жиын-форум өткізе бастады. Биылдың өзінде ондай оншақты жиналыс ұйымдастырылған көрінеді.
Дегенмен, түркітілдес елдер қазіргі алмағайып заманда бас біріктірмесе, жатқа жем болып кететінін түсініп, қаржылық-экономикалық, тіпті әскери тұрғыдан тығыз ынтымақтасуға баса мән бере бастады. Әйтпесе, "Түркі әлемінің ақсақалы" деп дәріптелген Қазақстанның бірінші Президенті тұсында түркі әлемінің ынтымақтастығы мәдени, гуманитарлық саладан көп аспайтын. Н.Назарбаев әскери және экономикалық тұрғыдан Мәскеумен ықпалдастыққа көбірек назар аударды, Ресей айналасында топтастыратын еуразиялық интеграцияға иек артты. Салдарынан, түркі елдерін жақындастыруға тиіс Түрксой (Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы), ТҮРКПА (Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы), Түркі академиясы сияқты миллиондаған доллар қаржы шығындалған институттар күткен нәтиже әкелмеді.
Түрксой қатарына шақырылған Ресей оны іштен іріте жаздады: 2015 жылдың соңында РФ мәдениет министрі Владимир Мединский Алтай, Башқұртстан, Саха (Якутия), Татарстан, Тыва және Хакасия республикаларының басшыларын Халықаралық түркі мәдениеті ұйымымен байланыстарды тоқтатуға міндеттеді. Бұл осы түркітілдес бодан республикалардың ұйым құрамынан шығуына әкеп соқтырды.
Мәскеуге қарайлай берсе, қыр аспайтынын түсінген тәуелсіз түркітектес мемлекеттер енді өз орталарына Ресейді қоспауға нық бекінгенге ұқсайды. Мысалы, таяуда, 2022 жылдың қараша айының басында Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан "Түркі тілдес мемлекеттердің банк қауымдастықтарының Кеңесін" құрды. Бұл кеңес жылына бір немесе екі рет саммитке жиналатын болады. Құрылтай өткізетін ел әр жолы ауысып тұрады.
"Төркіні түркіден тарайтын мемлекеттердің, яғни Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның банк қауымдастықтарының өкілдері 3 қарашада Ыстамбұлда кездесу өткізді. Жиын барысында Түркітілдес мемлекеттердің банк қауымдастықтары Кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Өзара түсіністік туралы тиісті Меморандумға қол қойылды", – деп хабарлады Әзербайжан банктері қауымдастығы (ӘБҚ).
ӘБҚ мамандарының түсіндіруінше, кеңес бас қосып, баяндама тыңдап қайтатын алаң болмайды, практикалық жұмыспен де айналысады. Оның қызметінің негізгі бағыттары ретінде:
- мүше елдер арасында тауарлар мен қызметтер саудасын арттыру, олардың санатын кеңейту;
- банктердің өзара ықпалдастығын жолға қою, яғни ұйымға кіретін елдердің азаматтарына, бизнесіне банктік қызмет көрсетуді, капиталдың кедергісіз қозғалысын ұйымдастыру;
- елдердің қаржылық мекемелері арасында тікелей корреспонденттік қатынастарды орнату;
- заманауи ақпараттық технологиялар және халықаралық стандарттар көмегімен қаржылық қызметтер инфрақұрылымын жетілдіру бекітілді.
Бір жақсысы, түркі елдерінің бәрі санкциялардан ада.
Қарым-қатынастардың жақындай түскенін азаматтар да сезіне бастады. Түркияда оқитын, өмір сүретін қазақстандықтар теңгені есеп құралы ретінде қабылдайтын орындар, компаниялар көбейгенін байқапты. Сондай-ақ бұрын девальвация және басқа да тәуекелдер ескеріліп, теңге үшін тым қолайсыз бағам белгіленетін (60 теңге). Ал бүгінде 1 түрік лирі 25 теңгеге тең деген әлдеқайда тиімді бағам бекітілді.
Жалпы, бес түркі мемлекеті қаржы және банк заңнамаларын, соның ішінде нормативтік құқықтық актілерді өзара бірыңғайландыруға ниетті. Бұған қоса, терроризмді қаржыландырумен, лас қаржыны заңдастырумен бірлесе күресуге уағдаласты. Әйтпесе, халық қаражатын қалтасына басып, тайып тұрған біраз алаяқтар, қаржы пирамидаларының серкелері Түркияны паналағаны жасырын емес.
Мұның бәрі болашақта түркі елдерінің төл Кеден одағын құруға жақсы негіз, бастама болмақ.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Қазақстан Үкіметі мен түркі мемлекеттері ұйымдарының үкіметтері арасындағы оңайлатылған Кеден дәлізін құру туралы" Қазақстан Үкіметі қаулысының жобасын жариялады. Бұл құжат Смайылов Үкіметіне атауы осыған ұқсас халықаралық келісімге қол қою құзыретін береді.
Бұл ретте "Түркі мемлекеттері ұйымдарының арасындағы оңайлатылған Кеден дәлізін құру туралы келісімге" Қазақстан атынан қол қою өкілеттігі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәліновке жүктелмек.
Қаржыгер Ілияс Арсеновтың айтуынша, түркі елдерінің кедендік өзара "жасыл дәліз" ашуы кезінде Еуразиялық одақты құруға негіз болғандай, Кеден одағын құруды білдірмейді.
"Бірақ осы бағытта салмақты қадам жасалып отыр. Түріктер Қазақстанның әр саладағы нарығын игергісі келеді. Бұрынғы билік тұсында түріктің құрылыс компаниялары, соның ішінде белгілі холдинг тобы ғана кіре алды. Ал Түркия бизнесі көп секторда өз аймағының жетекшілері қатарында. Бұл ел тіпті төл микрочиптерін шығара бастады. Яғни, сауда-саттықты еселеп арттыруға түрік тарапының ынта, қызығушылығы мол. Бірақ оған біраз кедергі бар. Егер түркі елдері арасында Кеден одағы құрылса, онда тосқауылдардың көбі жойылар еді. Түркияның Орталық Азия елдерімен ортақ шекарасының жоқтығы одақты құруға кедергі емес. Әлемде оның үлгісі жетерлік. Мысалы, алысқа бармай-ақ Еуразиялық одақты алсақ, оған мүше Арменияның өзге одақтастарымен ортақ шекарасы жоқ. Содан оның тауарлары ЕАЭО кедендік аумағына Грузия арқылы жеткізіледі", – деді экономист.
Оның болжамынша, егер Ресей соғыста түпкілікті жеңіліп, күйресе, онда түркілердің жаңа одағы Татарстан, Башқұртстан, Таулы Алтай, Хакасия, Саха-Якутия, Тыва сияқты түркітілдес руспебликалармен толығуы да ғажап емес.
Бірақ қазір күн тәртібінде кеңею мәселесі емес, құрылып, ұйым ретінде қалыптасу мәселесі тұр.
Түркі елдері арасындағы Кеден дәлізін құру туралы келісімге қатысты еліміздің бар қаржыгері түсініктеме берді.
"Бұл құжат өзара кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта мемлекеттеріміздің аумақтары арасында жүретін көліктер мен тауарлар бойынша мәліметтерді электрондық алмасу жолға қойылады. Кеден дәлізін құру арқасында біріншіден, кедендік бақылауды жүргізу мерзімдері қысқартылады, оның қауіпсіздігі артады. Екіншіден, түркітілдес мемлекеттер аумақтары арасында қозғалатын көліктер мен тауарларға қатысты ақпарат алмасу ісі дамытылады. Нәтижесінде, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, мүше елдердің экспорттаушылары, импорттаушылары үшін неғұрылым қолайлы жағдайлар жасалады, елдеріміз үшін кедендік бақылау рәсімдері оңайлатылады", – деді Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Жалпы, бес түркі мемлекеті арасында Кеден одағы құрылып жатса, бір жағынан, оның саяси пайдасы болады: түркі әлемінің ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған дәрежеде нығаяда. Тіпті сыртқы жаудан бірлесе қорғанатын жағдайға дейін көтерілуі ғажап емес. Әйтпесе, XIХ ғасырда Қазақ Хандығының түпкілікті жойылуы, бүкіл Орталық Азия елдерін Ресей империясының отарлауы ауызбірліктің жоқтығынан болғаны белгілі. Аймақтағы ұсақ хандықтар бір-бірімен қақтығысып, қырқысып жатты. Ол кезде әлсіреген Түркия да көмек қолын соза алмады. Бәлкім, түркі әлемі қазір күш біріктірсе, сыртқы жауға сес болар еді.
Екіншіден, әрине, мұның экономикалық тиімділігі көп. Түркияның "Анадолу" агенттігі Қазақстанның Мемкірістер комитетінің дерегіне жүгіне отырып, биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанның түрік еліне 1 миллиард 252 миллион доллардың тауарын өткізе алғанын хабарлады. Ал Түркиядан 236,3 миллион доллардың тауары тасылған. Жалпы алғанда, бір тоқсанның өзінде екі ел арасындағы тауарайналым 1,5 млрд долларға жуықтады.
"Бүгінде Түркия Қазақстанмен арадағы сыртқы сауда көлемі ең ірі елдер арасында үшінші орынға шықты. Өзара сауда-саттықтың 70,7 пайызын немесе 885 миллион долларын мұнай құрады. Екінші орынға 25,9 пайыз үлеспен (324 млн) метал және метал өнімдері шықты. Түркиядан Қазақстан негізінен, техника, құрал-жабдық, электроника, тоқыма өнімдерін тасиды", – деп жазады "Анадолу".
Ал биылғы қаңтар–шілде айларында қазақ-түрік тауарайналымы 3,5 млрд долларға жеткен. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 66% көп (2021 жылғы 7 айда $2,1 млрд). Соның ішінде еліміздің Түркияға экспорты 2022 жылғы 7 айда рекордтық 90%-ға артып, 2,8 млрд долларды құрады.
Екі ел өзара алысберісті 20 миллиардқа жеткізуді мақсат тұтып отыр. Өткен жылдың қорытындысында 4,1 млрд доллар межесі алынды. Биыл 7 миллиардтық белес бағындырылуы мүмкін.
Егер ортақ Кеден одағы құрылса, бұл көрсеткіш еселеп өсіп, Түркия көшбасшы орынға шығуы да мүмкін. Бірақ ол үшін, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға Еуразиялық одақтан шығуға тура келмек.