Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында 2017 жылы жаңа қазандықтың құрылысы басталған еді. Ол үшін мемлекеттен 11 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Алайда арада бес жыл өтсе де тұрғындар жаңа нысанның игілігін көре алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жергілікті билік пен мердігер компания – "KPI Energy" ЖШС өкілдері қазандықтың бастапқыда көрсетілген мерзімде, яғни 2020 жылы қолданысқа тапсырылмауына бірнеше себеп айтқан еді. Алдымен теміржол желісін тартуда қиындықтар болғанын желеу етті. Содан соң қатты отынды қазандыққа жеткізуде қиындықтар бар деген сылтауды алға тартты. Енді күлді үгетін арнайы қондырғылардың орнатылуын күту керек. Сол себепті осы айдың ортасында басталатын жылыту маусымына жаңа қазандық қосылмайды.
Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, мердігер компания өзінің қалтасынан 11 млн теңге шығарып, оған 6 күл үгетін құрал сатып алады. Болжам бойынша, ол 1 қарашаға дейін орнатылады.
"Қазіргі уақытта жобаның толықтай жүзеге асуына мердігер компания жауапты. Қарашада құралдарды қойып, сынақ сәтті өтсе, қалалық қазандық Ақсу қаласы әкімдігінің балансына беріледі. Одан соң нысанға қызмет көрсететін ұйым анықталып, тариф бекітіледі. Мұның барлығы біраз уақыт алады. Сондықтан қалалықтың нақты қашан іске қосыларын дөп басып айта алмаймын", – дейді Ержан Салханов.
Тариф демекші, қазандыққа қатысты тағы бір өзекті жайт – коммуналдық қызмет ақысы. Қазіргі таңда қала жұртшылығы ескі қазандық арқылы жылытылып отырғанның өзінде тұтынушылар бір шаршы метрге 97,72 теңге төлейді. Бұл – елдегі ең жоғары тарифтердің бірі. Орта есеппен алғанда, екі бөлмелі пәтердің иесі ай сайын орта есеппен жылуға 5 мың теңге, ыстық суға 1 мың теңге көлемінде төлеуі тиіс. Жаңа қазандық пайдалануға берілсе, бұл сома тағы 1,4 есеге көбеюі мүмкін екені айтылған-ды.
Бірақ Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов қосымша құралдар сатып алу тарифке әсер ете қоймайтынын алға тартты. Жалпы тариф мәселесі әзірше ашық күйінде қалып отырғанын атап өтті.
Жоспар бойынша, қазандық пайдалануға берілсе де Ақсу ферроқорытпа зауытындағы ескі қазандықтардан бас тартпайды. Шағын шаһардағы 263 көпқабатты тұрғын үй мен басқа да нысандар екеуінен қатар жылу алады. Бүгінгі таңда тұтынушыларға барлығы 110 ГКал жылу энергиясы керек. Қай күні қолданысқа тапсырылары белгісіз қазандық 180 ГКал энергия өндіреді. Яғни сұраныстан біршама көп. Енді сол жылудың берілер күнін күтуден басқа амал жоқ. Жобадан тағы шикілік шығып, тағы да жетілдіретін тұстар туындамаса болғаны...