Уханьдағы эпидемия: бетперде кию вирустан құтқара ма?

4457

Ғалымдардың бұған қатысты пікірі екіге бөлінді. 

Уханьдағы эпидемия: бетперде кию вирустан құтқара ма?

Негізі, әлемде вирусты жұқтырмас үшін бетперде кию кең таралған нәрсе. Әсіресе, Қытайда. Алпауыт елдегі кей қалаларда ауа шамадан тыс ластанған. Құрамында улы заттар бар ауаның салдарынан сақтану үшін де халық осындай бетперде киеді. Қазір олардың қатары тіпті күннен-күнге көбейіп барады. Өйткені Ухань қаласында тіркелген коронавирус тек Қытайдың емес, бүкіл әлемнің де алаңдаушылығын тудырып отыр.

Ал кейбір вирусологтар болса, мұндай бетперделердің вирусқа қарсы тиімділігіне күмән келтіруде. Бірақ маскалар вирустың қолдан ауызға енуін болдырмайды дейтіндер де бар. 

Айта кетейік, хирургиялық маскалар алғаш рет 18 ғасырдың соңында госпитальдерде ғана қолданыла бастады. 1919 жылғы испан тұмауынан 50 миллионнан астам кісі ажал құшқаннан кейін,бетперде әлем бойынша жаппай тарала бастады. 

Лондон Университетінің докторы Дэвид Кэррингтонның айтуынша, қарапайым хирургиялық маскалар ауа арқылы жұғатын вирустар мен бактериялардан қорғай алмайды. Өйткені олар бетті тегістей жаппайды, фильтрі жоқ және көзді ашық қалдырады деген пікірін BBC news-ке берген сұхбатында айтты. 

Алайда олардың біреу түшкіріп, жөтелгеннен ауаға жайылған вирустың жұғуын алдын алып, түрлі бактериялардың қол арқылы ауызға енуін болдырмайтыны анықталды. 2016 жылы Жаңа Оңтүстік Уэльс жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, адам бір сағат ішінде бетін шамамен 23 мәрте қолымен ұстайды екен.  

Ноттингем Университетінің молекулярлық вирусология профессоры Джонатан Болдың айтуынша, госпиталь қабырғасында тұмаудың алдын алудағы масканың тиімділігі респиратордыкінен кем түспейтін көрінеді. Бірақ сыртта жүргізілген зерттеудің нәтижесі басқаша екенін жеткізді: бетперденің аурудан сақтау қабілеті төмендейді. Бұны профессор масканы ұзақ уақыт киіп жүру мүмкіндігінің барлығында бола бермейтіндігімен түсіндірді.  

Белфасттағы Квинс Университетінің ғалымы Коннор Бэмфорд бетперде тақпай-ақ та, сырқаттың алдын алуға болады дейді. Оның сөзінше, біреу түшкірген кезде ауызды жабу, қолды жуу және ауызды ұстай бермеу сияқты қарапайым әрекеттер кез келген респираторлы вирустың ағзаға енуіне жол бермейді. 
Англияның денсаулық сақтау ұйымының өкілі Джейк Даннингтің пікірінше, бетпердені дұрыс киіп, жиі ауыстырып тұру керек. Дегенмен одан бұрын ол қолдың тазалығына мән беруге кеңес берді. 

Айта кететін жайт, Қытайдың CGTN басылымының соңғы дерегі бойынша, осы күнге дейін 574 жергілікті тұрғын коронавирус жұқтырған. Тайландта 4 адам, АҚШ, Тайвань, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің әрқайсысында бір-бір адамның жұқтырғаны анықталды. Ал жалпы 17 кісі осы вирустан қаза тапқан.  Ажал құшқандардың барлығы да Хубей провинциясының тұрғындары. Қытайдың ресми деректеріне сүйенсек, вирус мутацияланатын көрінеді. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу