Бетпердесіздер үшін енді бизнес жазаланбайды

6893

Гипермаркеттер маскасыз адамдарға толуы ғажап емес.

Бетпердесіздер үшін енді бизнес жазаланбайды

Биылғы маусымда денсаулық сақтау министрі болып тағайындала сала, Алексей Цой "тұтынушы үшін бизнес жауап береді" қағидатын енгізді. Ол "қауіпсіздік белдігі" үлгісін негізге алып отырғанын жеткізді: кезінде "Жол жүрісі туралы" жаңа заңы қабылданып, оған сәйкес, қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушысы үшін жүргізушілерге айыппұл салына бастағаны мәлім. Нәтижесінде көлік иелері алдыңғы орынға жайғасқан адамдардан белдікті қыстыруды талап етуді әдетке айналдырды.

Алайда кәсіпкерлер автомобилистер сияқты үнсіз қалмады, республикалық деңгейде шу көтерді, тоқтаусыз жоғары жаққа шағымданды. Бұл істе оларды кәсіпкерлік қауымдастықтар, бизнес омбудсмен институты қуатты қолдады.

Нәтижесінде, ДСМ бұл қағидатынан бас тартуға мәжбүр болып отыр. Яғни, дүкен, супер-гипермаркеттер, сауда ойын-сауық орталықтары, кеңселер, кәсіпорындар және басқасы өздеріне келушілерден бетперде киюін талап етпесе де болады. "Ковид-диссиденттерді" мониторингтік топтар, санитарлар, полицейлер өздері ұстап, санитарлық-эпидемилогиялық талаптарды бұзғаны үшін жеке жазалауы керек.

Жұрттың, соның ішінде өз жұмыскерлерінің бетін тұмшалап жүруін бақылау – бұдан былай бизнестің шаруасы емес. Бизнес омбудсмен аппаратының басшысы Шыңғыс Темір клиенттердің және персоналдың санитарлық талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлер жауапқа тартылмайтынын хабарлады.

"Өз дүкендеріне кіретін сатып алушылардың құқыққа қайшы іс-әрекеттеріне және өз қызметкерлерінің салғырттығына бизнесмендер жауап бермеуге тиістігін біраздан бері жағымыз талғанша айтып келеміз. Егер сатып алушы бетперде тағу режимін немесе әлеуметтік алшақтықты сақтау талабын елемесе, ол соның проблемасы! Демек, сол қылығы үшін өзі жауапты болуы қажет. Аяусыз әкімшілік айыппұл салсын. Осы қағида бизнес нысанының жұмысшыларына да қатысты. Егер кәсіпкер төл нысанын қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етсе, бірақ персоналы бетперде киюді ұмытып кете берсе, онда сол қызметкерлер заң алдында өзі жауап береді", – дейді Ш.Темір. 

Рас, осыдан кейін талап етуді тыйғанын көріп, ойын-сауық орталығына не ірі гипермаркетке барлық клиент бетперде тақпай келуі және жаппай коронавирус жұқтыруы ғажап емес. Мемлекеттің алда мұндай көріністермен қалай күресетіні белгісіз. Әйтпесе, осыған дейін кіреберісте күзетші-секьюрити не қызметкер келушілерді қарсы алып, бетпердесізін ішке енгізбейтін.

Сонымен қатар мониторинг топтары бизнес нысандарын аралағанда әр күнгі бейнежазбаларды алғызып, ішінара қарап, маскасыз жүрген келушілерді көрсе, кәсіпкерге айыппұл салып кететін. Жаңа өзгеріс жаппай күшіне енген соң, бейнекамералардың түсіргенін тексеруден мән қалмайды: Қытайдан ерекшелігі сол, Қазақстанда бет-жүзді тану жүйесі енгізілмеген.

Қалай болғанда, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл мәселенің енді бизнесмендердің бас ауруы болудан қалғанын растады.

"Халықтың санитарлық-эпидемилогиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптары бұзылған жағдайда кәсіпкер мен оның тұтынушысы жауапкершілігінің ара-жігін ашу мәселесінде бір ұстаным түзілді. Мобильді топтар рейдтерінің нәтижесі, сондай-ақ ішкі істер органдарына тапсырылған материалдар бойынша жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Азаматтар маска тағу режимін сақтамаса, бұзушылықтың әрбір фактісі жеке қаралады және бұзушылық жасаған тұлға әкімшілік жазаға тартылады", – деп түсіндірді ДСМ комитеті.

Әйткенмен, бизнес омбудсмен аппаратына кәсіпкерлер кейбір лауазымды шенеуніктердің бұл бетбұрысқа бағынғысы келмейтініне қатысты шағым түсуде. Оның үстіне келушілерден маска киюді талап ету өмірге қауіпті іске айналған.

"Мысалы, бизнесмендер Теміртаудың санитарлық дәрігерінен: "егер азық-түлік дүкеніне сатып алушылар бетпердесіз бас сұқса, айыппұл кімге салынады: сатушыға ма, әлде сатып алушыға ма?" деп сұраған. Ол: "кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады" деп жауап берген. Теміртаудың азық-түлік дүкендерінің бірінде клиент сатушының бетпердеге қатысты ескертпесіне бұлқан-талқан ашуланған. Сөйтіп, ол долданған күйі дүкендегі сөрелерді қирата бастайды. Ал оның қасындағы серігі дүкеннің әйел қызметкерлеріне тап берген. Бұл ретте дүкеннің өзі де, оның қызметкерлері де санитарлық-індетке қарсы шараларды сақтаған, персоналы маскамен және қолғаппен жүрген. Бизнес осы талаптарға өзі бағынады, бірақ әрбір келушінің талапты қатаң сақтауына қол жеткізуге қауқарсыз", – дейді Шыңғыс Темір.

Дәл осы екі қаскөйдің сыртта тағы бір адамды соққыға жыққаны түсірілген бейнекамера жазбасы әлеуметтік желілерде тарауда. Онда 22 маусымда Бейбітшілік даңғылында екі адам бір жігітті аяусыз соққыға жығып жатқан мезеті бейнеленген. Өтіп бара жатқан әйел ғана араша түсіп, тоқтатуға тырысты: қаскүнемдер оған да жұдырық сілтеген. Алайда өжет әйел тойтарыс бере алды. Дегенмен, қаскүнемдер біраздан соң қайта оралып, ол кісіні итеріп тастап, жәбірленушіні төмпештеп, тепкілеуді жалғастырды. Белгілі болғанындай, қазіргі кезде қатты зардап шеккен жігіт мүгедектікті рәсімдеп жатыр.

Қылмыскерлер ұсталған. Желтоқсан айында Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Аринова екі зұлымға қатысты бірнеше бапқа құрылған қылмыстық істі қарауға кірісті. Күдіктілерді сот айыпты деп таныса, олар 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.    

Жаңа шешімге байланысты соттар және СЭС кәсіпкерлерге қатысты клиенттерінің және персоналының бетперде тақпағаны үшін ашылған әкімшілік істерді жауып, материалдарды қайтарып алып жатыр.

"Атамекен" ұлттық палатасының қолдауымен кәсіпкерлер бұл жауапкершіліктен құтылды.

Мұндай қадам қисынды болатын. Өкінішке қарай Ресейдің ақпараттық құралдары еркін таралып, көршінің идеологиялық ықпалында қалған Қазақстан тұрғындары арасында "ковид-диссиденттер" көп кездеседі. Олардың бәрімен бизнес жалғыз алыса алмайды, оларды тойтарардай әскері де, қарулы күзету де жоқ. Мысалы, Николай Канахин деген қазақстандық Үкімет мүшелеріне домалақ арыз жаудырумен келеді.

"Министр Цой, сіз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағы қылмыстық топпен ымыраласып, адамдарды маска киюге қасақана мәжбүрлеп жатырсыз. Сіздің кінәңізден халыққа заңсыз айыппұл салуда, адамдар жұмысын жоғалтуда. Сіздің кінәңізден адамдар ашығуда. Таяуда халыққа жасаған геноцидіңіз үшін сот ашылады", – деп негізсіз айып тағып, доқ көрсетеді шағымшы.

Н.Канахин ел Үкіметінен өзіне КСРО паспортын қайтаруды және отбасына 500 миллион теңге өтемақы төлеуді талап етуде. Ол ықпал етуді сұрап, Ресей басшысына және БҰҰ-ға хат жолдапты.

Осындай ауыр жағдайда мемлекетке пандемиямен күресуге тура келуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу