Кәсіпкерлер ғана кінәлі емес

2344

Атырау облысында карантиндік тексеруге байланысты шағымдар талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Кәсіпкерлер ғана кінәлі емес Фото: inbusiness.kz

Карантин кезінде кәсіпкерлерді тексерушілер тарапынан да өрескел қателіктер кетуде. Былтыр Атырау облысы бойынша 490 кәсіпкерге 88 млн.теңгеден астам  айыппұл салынған, өкінішке қарай, оның кейбірінде "бас ал десе, шаш ал" принципі орын алған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұл жөнінде "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында айтылды. Бас қосу кезінде 2020 жылы Ұлттық палатаға кәсіпкерлердің мониторингтік топтардың жұмысынына жасаған шағымдары қаралды. 

Статистика бойынша, елімізде енгізілген карантиндік шектеулерден 800 мыңнан астам шағын және орта бизнес зардап шеккен. Қызметтің 10 түрі тыйым салынған күйінде қалса, 84 түрі әлі күнге шектеулі. Карантиндік шектеулер әлі де 520 мыңнан астам шағын және орта бизнеске қатысты қолданылып отыр, оның 70 мыңы - заңды тұлға және 450 мыңы - жеке кәсіпкер.

2020 жылдың шілдесінен бастап санитарлық нормалардың сақталмауына қарсы ҚР Әкімшілік кодексінің 425 бабы қолданылып келеді. Бұл бап бойынша өткен жылы республикада 314 440 заңды және жеке тұлға жауапкершілікке тартылып, оларға 3,2 млрд.теңгеден астам айыппұл салынған. Оның ішінде Атырау облысы бойынша 490 кәсіпкер 88 млн.теңгенің үстінде айыппұлға тартылған. 2020 жылы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлер саны жағынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Қарағанды, Ақтөбе және Атырау облыстарында көбірек тіркелген.

Осы орайда, әкімшілік шараларды қолдану кезінде кейбір заң бұзушылықтарға жол берілгені, соның ішінде, жеке меншікке қол сұғу әрекеттері кездескені анықталып отыр. Нақтылай келгенде, мұның алгоритм құрастырып, мониторинг жүргізушілердің де бұған байланысты бұрын-соңды ешқандай тәжірибесі болмауы себепті туындағаны белгілі болған. Десек те, осындай олқылықтардың кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп, бизнес иесін шығынға қалдырып, ісін тежеп отырғаны анық.

"Енді бақылау топтары бизнестің тек бес талапқа сәйкестігін тексеретін болады. Бұл - жұмыс кестесінің сақталуы, көптеген адамдармен іс-шаралардың өткізілуін бақылау, әлеуметтік қашықтықты, маска режимін сақтау және келушілер санының шегі туралы ғана болады", - деп нақтылады Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов.

Кеңес отырысының қорытындысымен мемлекеттік органдарға карантиндік кезеңдегі жұмыс және кәсіпкерлікті тексеру мәселелері бойынша бірқатар жайлар ортаға салынды. ҚР денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық дәрігерлердің нормативтік құқықтық актілердегі олардың құзыретінен тыс және кәсіпкерлік қызметті заңсыз шектеу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 425-бабын қолдану практикасында "ескерту" шараларын кеңірек қолдануға назар аударуға ұсыныс берілді. Кеңестің санитарлық дәрігерлердің шешім қабылдау заңдылығын қадағалауды күшейту жөніндегі ұсыныстары Бас прокуратураға және тағы басқаларына жіберілді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу