БҒМ-ның "Білімді ұлт" ұлттық жобасының зиянды тұстары анықталды

4158

Қазақстандық жоғарғы оқу орындары рейтинг қуалап, білімі төмен шетелдік жастарды қабылдауда, деп жазады Inbusiness.kz.  

БҒМ-ның "Білімді ұлт" ұлттық жобасының зиянды тұстары анықталды

Білім және ғылым министрлігі әзірлеген "Білімді ұлт" ұлттық жобасын бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын талқылау ертең аяқталады. Ары қарай оған Премьер қол қоюы мүмкін. Аталған жоба қарапайым бұқара түгіл, сарапшылар арасында да қызу пікірталас пен ынта-ықылас тудыра алмады.

Кейбір маман оны "бос дүние" деп бағалайды. Еш жаңалық байқалмайды. Бұған қоса, БҒМ қаржы шығынын да жасырып қалды. Бұл ретте құжатқа жүздеген миллиард теңге қаражат жұмсалуы мүмкін. Себебі, білім беру жүйесі – еліміздегі ең шығынды сала. Мысалы, тек бір ғана "Сапалы мектеп біліміне қолжетімділікті қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасы аясында 2,9 триллион теңгеден астам (2021 жылы – 720,5 млрд, 2022 жылы – 978,7 млрд, ал 2023 жылы 1 трлн 209,9 млрд теңге) жұмсау көзделуде.

Бұдан бөлек, "Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы 62,5 миллиард, 2022 жылы 99,7 миллиард, 2023 жылы – 127 миллиард теңге шығындау қарастырылған. Сондай-ақ орта білімді жаңғырту, ғылымды дамыту, инновациялық білім, сейсмологиялық ақпарат мониторингі, балаларды сауықтыру, оңалту және олардың демалысын ұйымдастыру және басқа да толып жатқан бюджеттік бағдарламалары бар. Демек, БҒМ қолынан триллиондаған қаржы өтеді.

Мықты бір профессор біліксіз үшеуге татиды

Дегенмен, осының өзінде педагогтердің де, сарапшылардың да отандық білім беру ісінің дамуына көңілі толмайды. Мысалы, белгілі ғалым, профессор Болат Кеңесов "Білімді ұлт" ұлттық жобасында белгіленген QS бас рейтингіне қатысу қауіпті деп санайды.

Себебі, осы рейтингке тым әуестеніп кеткен білім жүйесі ұлттық мүдделерді ескермеуі мүмкін. Айта кету керек, БҒМ ұлттық жобасында "QS-WUR, ТОП-200 рейтингіне кірген Қазақстандағы жоғары оқу орындарының" санын 2021 жылы 1-еуге, 2022, 2023 және 2024 жылы жылы – 2-еуге, ал 2025 жылы – 3-еуге жеткізу міндетін межелеп отыр. Бұл "Білімді ұлттың" 3-стратегиялық көрсеткіші ретінде бекітілмек.

"Негізі, QS бас рейтингіне қатысуымыз орынсыз және біздің жоғарғы білім үшін төтенше зиянды. Себебі, бұл рейтингтің әдістемесі түзу емес. Неге? Біріншіден, "Faculty/Student Ratio", яғни оқытушылар мен студенттердің ара-қатысы көрсеткіші 20%-ды құрайды. Осыған сай болуға тырмысқан университеттеріміз қаптатып, мейлінше көп оқытушылар алуға ұмтылады. Бұл міндет батыстың бай, алпауыт жоғарғы оқу орындарының мүддесіне лайықталған. Ал біздің университеттерді ол шығысты оңтайландыру, барынша білікті оқытушыларды жалдап, соларға көбірек жалақы төлеу мүмкіндігінен айырады. Салдарынан, мықты профессорлар мен перспективті жас ғалымдар кетіп қалып жатыр", – дейді ол. 

Бұл жағдайды түзеу орнына қазақстандық ЖОО-лар тез қол жеткізуге болатын осы көрсеткішке көбірек екпін түсіреді: яғни, сапаны ұмытып, сан қуалайды, кез келген оқытушыны алып, олардың қатарын тез көбейтіп, рейтинге сәйкес болуға құштарланады.

Ғалымның айтуынша, осы рейтингтің "Academic reputation" (академиялық бедел-репутация, 40%) және "Employer reputation" (жұмыс берушінің беделі, 10%) көрсеткіштеріне қол жеткізу де оңай.

"Мысалы, ЖОО басшысы оқытушыларды отандық және шетелдік жоғарғы оқу орындары арасынан оның университеті үшін даусын беретін әріптестерін іздеуге міндеттейді. Содан өзінің негізгі жұмысымен – ғылыммен, оқу материалдарын әзірлеумен, оқытумен, зерттеумен айналысу орнына оқытушылар төл уақытын дауыс жинауға шығындайды. Оның үстіне бұл отандық университеттердің шетелдік коллабораторлар алдындағы беделін бүлдіреді. Өйткені олар мұндай қадамды рейтинг жүйесін алдау талабы ретінде қарастырады", – деді Б.Кеңесов.

Оның байламынша, тағы бір зиянды тұсы – "International student ratio" көрсеткіші (шетелдік және жергілікті студенттердің ара-қатысы – 5%). Осы рейтингке жетуге ынтыққан университеттеріміз кез келген жолмен, тіпті білімі нашар шетелдік студенттерді де алуға барады. Салдарынан, оқу бітіргеннен кейін олардың біразы не біздің экономика және ғылымды дамытуға жарамайды, не өз елінде жұмыс таба алмайды. Соған қарамастан, жатжұрттық студенттерді тартуға деген тілек оқытушыларды олардың бағаларын жасанды түрде көтеруге итермелейді екен. Соның кесірінен қазақстандық дипломмен өз еліне оралған шетелдік студенттер төмен біліктілігі мен білім деңгейін көрсетіп, Қазақстанның атына дақ түсіреді. 

Ұлттық жобасын ұлттық жоспардан "көшіріпті"

"Әрине, бәрі жаман дей беруге болмайды. Мысалы, жалғыз бір объективті индикатор бар, ол "Citations per faculty" (яғни әрбір оқытушының ғылыми еңбегінен жасалған цитата саны, 20%). Бұл көрсеткіш маңызды. Алайда оған жету өте күрделі. Көп уақыт пен күшті талап етеді. Қалай болғанда, ғылымның дамуы барынша мықты және перспективті мамандарды тартуды қажет етеді. Жалақы көтерусіз оған қол жеткізу мүмкін емес. Ал жалақы көтеру шығыстарды оңтайландыруды және мейлінше өнімсіз оқытушыларды жұмыстан шығаруды талап етеді. Нәтижесінде, оқытушылар мен студенттердің ара-қатысы төмендейді. Ендеше QS рейтингіне университеттеріміздің қатысуын орынсыз деп санаймын. Қазақстандық ЖОО-лардың ол көрсеткіштері онсыз да минимумға тең", – дейді Б.Кеңесов.

Ғалым бұған қарағанда прогрессивті басқа рейтингтер барын айтады. Мысалы, US News Best Global Universities рейтингінде бірде бір отандық ЖОО жоқ. QS-тан ерекшелігі сол, бұл заманауи рейтинг субъективті сауалнамаларға иек артпайды. Ол анағұрлым сенімді Web of Science библиометриялық базасын пайдаланады. Сонымен бірге оқытушылар мен студенттер санының ара-қатысын бекітпейді, шетелдік студенттерді қаптатуды талап етпейді. Оның орнына зерттеулердің саны және олардың өнімділігі секілді ғылыми өлшемі бар әралуан көрсеткіштерге сүйенеді. АҚШ-та мойындалған бұл рейтингке қазіргі кезде 19 ресейлік университет кіреді.

Әйткенмен, БҒМ мамандардың пікіріне құлақ аспайтынға ұқсайды.

"Бұл ұлттық жоба жаңа "Мемлекеттік басқару жүйесіне" (МБЖ) сай әзірленіп отыр. Ол әдістеме бойынша ұлттық жоба көрсеткіштері өзара байланысты болуға, МБЖ құжаттарының стратегиялық көрсеткіштеріне лайық болуға тиіс. Яғни, "Білімді ұлт" жобасында 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында қарастырылған көрсеткіштер стратегиялық көрсеткіш ретінде белгіленуі шарт. Ол жоспардағы стратегиялық көрсеткіштің бірі – "QS-WUR, ТОП-200 рейтингіне кірген Қазақстандағы жоғары оқу орындарының саны". Осыны ескере отырып, отандық университеттердің QS-WUR рейтингіне ену көрсеткішін алып тастау мүмкін емес", – деп түсіндірді Білім және ғылым министрлігі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу