Билік ақпарат құралдарында "ала қойды бөле қырқуын" қояр емес

1755

Интернеттегі ақпараттық порталдар кемсітушілікке ұшырауда.  

Билік ақпарат құралдарында "ала қойды бөле қырқуын" қояр емес

Қазіргі кезде ақпараттың қарудан да күшті екенін ақылсыз ғана мойындамайды. Мысалы, 2014 жылдан бері Украина БАҚ-ының ақпараттық шайқаста Ресейдің өзін шаң қаптырып, дүниежүзілік деңгейде үстем болғанын сарапшылар айтуда. Соның арқасында әлі күнге дейін Украинаны қорғау тақырыбы жаһандық күн тәртібінде өзекті қалпын сақтауда. Әйтпесе, АҚШ-мен ынтымақтасқан Грузия 2008 жылғы орыс-грузин соғысында оңбай жеңіліп, жерінің 20 пайызынан айырылғанда, халықаралық қоғамдастық бір дүрлігіп басылған.

Былтыр Таулы Қарабақ үшін соғыста Әзербайжан ақпарат құралдарының шетелге арнап, қуатты насихат жүргізгені сонша, тіпті АҚШ-тағы тегеурінді армян диаспорасының лоббиі де оған қарсы қауқар таныта алмай қалды. Нәтижесінде, Армения қанша қиыла сұраса да, бұл соғысты екі елдің ішкі мәселесі деп танып, БҰҰ араласпауды жөн көрді.

Бетін аулақ қылсын, алайда қажет бола қалса, қазақстандық БАҚ Ресей не Қытайдағы алпауыт әріптестерімен тең деңгейде арпалысуға дәрменсіз.  

Сарапшылар мұның бірнеше себебін атап жүр, ішіндегі ең салмақтылары – мардымсыз қаржыландыру, саланы жайлаған мемлекеттік монополия мен олигополия, сыбайлас жемқорлық, демократияның ішінара шектелуі, сондай-ақ кадр тапшылығы және ЖОО-лардың мықты журналист даярлауға әлеуетінің жетіпеуі.

Экономист-ғалым Виктор Бруштунов Қазақстан өз азаматтарының ақпараттық құқығын жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпей отырғанын айтады.

"Бұл сайып келгенде, қоғамның және мемлекеттің ақпараттық саладағы мүдделерін қорғауға да нұқсан келтіреді. Сонымен қатар БАҚ күнкөрістің қамынан аса алмағандықтан, ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар дамымайды. Қызықты жаңа контенттер түзілмегендіктен, аудитория көрші алпауыт елдердің идеологиясының ықпалына түседі. Ақпарат құралдарының бәсекелі нарығы өркендемейді. Мысалы, Ресей "РФ Ақпараттық қауіпсіздік доктринасын" қабылдады. Сол арқылы мемлекет ақпараттық саланың рөліне баса мән берді. Тіпті дағдарысқа қарамастан, Ресей ақпараттық тапсырысты арттыруда", – дейді ғалым.

Ақпарат құралдарын алалау бізде әртүрлі тендерлер арқылы жүзеге асырылады. Салдарынан, мемлекеттік ақпараттық саясатқа бөлінген ондаған миллиард ел қаржысы тек шенеуніктер қалаған аз ғана шоғыр БАҚ-қа тиеді. Қалған редакциялар қалтың-құлтың етіп, өз күнін өзі көруге мәжбүр. Банкрот болып, жабылып қалғаны қаншама?!

Ақпарат агенттігінің өкілі Жанат Симбаев шенділердің бір қулық схемасын ашты.

"Мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушылар, тапсырыс берушілер ақпарат агенттіктеріне арнап, конкурс, тендер жариялағанда келесідей нақты талаптарды жазып қояды: "Тәулігіне кем дегенде 600 мың, 30 күн ішінде – 7 миллионнан астам қазақстандық бірегей келуші қамтамасыз етілуге тиіс. Тиісті ақпарат zero.kz, Google Analyitics, Яндекс Метрика және басқа да сайттардан скриншотпен расталуы шарт" деп талап етеді. Қазақстанда тек 3 ұйым ғана бұл талапқа сәйкес келеді: бұлар – "Internet Portal Nur", "Effective Media Liaison" және "ЮрИнфо" компаниясы ғана", – дейді ол.

Осылайша, тендерлер тек белгілі бір компанияларға ыңғайлы болатын күйде құрылады.

Сарапшы осы арқылы "Мемлекеттiк сатып алу туралы" заңы бұзылып отырғанына назар аудартты. Өйткені онда "әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру" талабы қадап айтылған.

"Сонымен бірге, шенеуніктер мемлекеттік сатып алуларға бөлінген ел қаржысын оңтайлы және тиімді шығындау қағидатын да аяқасты етеді. Себебі, әлгі компанияларға қарасты сайттарда жарияланым жариялау өзге отандық белді ақпарат агенттіктеріне қарағанда 2, кейде тіпті 3 есе қымбатқа түседі. Сондықтан мемлекеттік сатып алулардағы әлгіндей біліктілік талаптары заңға қайшы болуы мүмкін", – деді Ж.Симбаев Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа хатында.

Кей жағдайда шенеуніктердің ақпарат құралдарына қоятын талабы ақылға симайды, қисынға келмейді, қиғылыққа көбірек ұқсайды. Мысалы, биылғы 25 қаңтарда Қарағанды облысының Абай ауданының Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ақпараттық материалдарды дайындау және БАҚ-та орналастыру, жариялау үшін конкурс жариялайды. Оған 2 өтініш қана түсіпті. Сомасы да сонша көп емес: 11 миллион 676 мың 785 теңге.

Нәтижесінде, тендерді жергілікті халық білетін аудандық газеттің редакциясы жеңіп алған.  2021 жылғы 19 ақпанда жеткізушімен арада мемлекеттік сатып алу туралы келісім бекітіледі. Әріптестерді сонысымен құттықтауға да болатын еді. Осының арқасында жергілікті журналистер бір жылдай нәпақа таба алады.  

Бірақ Абай ауданының аталған бөлімі әлгі тендер қорытындысының күшін жойып, жеңімпаз редакцияны "қасақана жалған ақпарат ұсынғаны үшін" жазаламаққа ниеттенді. Неге? Тендердің техникалық спецификациясында қойылған талаптардың арасында "әлеуетті жеткізушілердің газетінің форматы D2 болуға тиістігі" көрсетіліпті. Ал жеңімпаз газет А3 форматымен шығады екен.

Енді газетке 11 миллионға бола форматын ауыстырып, қосымша шығындалуға тура келмек. Әйтпесе, Ішкі мемлекеттік аудиттің Қарағанды облысы бойынша департаменті тендер ұйымдастырушы бөлімге "жеткізушінің келісімдегі міндеттемелерін лайықты орындамау фактісі анықталған жағдайда шара қолдану" туралы хат жолдады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу