Билік қазыналық кәсіпорындардан бас тартады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
9241

Қазақстанда бюджетке масыл болып отырған кәсіпорындардың мәртебесі ерте бекітілген.

Билік қазыналық кәсіпорындардан бас тартады

1994 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған Азаматтық кодексте қазыналық кәсiпорындар (орысша нұсқасы – "казенные предприятия") деген ұғым бекітілді. Енді үкімет оларды жоюға бел бууда.

Өйткені Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, олар өз саласында отандық кәсіпкерлерге басы артық бәсекелестік құруда. Бірақ мәртебесі жойылғанымен, бұл кәсіпорындар іс жүзінде жаппай жойылмайды, олар екі топқа бөлініп тасталмақ.

"Жеке меншік сектормен бәсекелестікті болдырмау мақсатында мемлекеттік қатысуы бар ұйымдарды алда "коммерциялық" және "коммерциялық емес ұйымдарға" бөлу ұсынылады. Оның ішінде коммерциялық емес ұйымдарға "мемлекеттік әлеуметтік кәсіпорындар" жататын болады. І-кезеңде осы санатқа "жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын" деп аталатын ұйымдық-құқықтық нысанында жұмыс істейтін ұйымдарды жатқызу қарастырылуда", – дейді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Бүгінде осы жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар коммерциялық негізде жұмыс жасайды, алда олар "коммерциялық емес ұйымдарға" ауыстырылады деп күтілуде. Тиісінше, олардың бизнес жүргізуіне тиым салынады. Бұл – мемлекеттік кәсіпорындар кәсіпкерлермен бақталаспауы, бәсеке құрмауы үшін қажет.

Осылайша, Қазақстанда жаңа ұйымдастырушылық-құқықтық нысан – "мемлекеттік әлеуметтік кәсіпорын" деген енгізіледі.

Оның құқықтық режимі "Мемлекеттік мүлік туралы" заңына сәйкес реттеледі.

ІІ-ші кезеңде осы жаңа санатқа мемлекеттік мекемелер жатқызылмақ.

Айта кету керек, қазіргі кезде "қазыналық кәсiпорын" деп жедел басқару құқығымен мемлекет мүлкiне ие болған кәсiпорын танылады. Ондай кәсіпорындарды жалғыз үкiмет қана емес, сонымен бірге облыс, аудандық маңызы бар қала, кент, тіпті ауыл әкімі өз аппаратының шешiмiмен құра алады.

Енді Азаматтық кодекстегі осыны қарастыратын 104-бап алып тасталады.

Жаңадан пайда болатын санат – "мемлекеттік әлеуметтік кәсiпорын" дегеніміз, мемлекеттің өзі құратын, одан басқа ешкімнің мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым болып табылады.

Мемлекеттік әлеуметтiк кәсіпорынды – үкімет, ал коммуналдық мемлекеттік әлеуметтiк кәсіпорынды – облыстың, 3 мегаполистің, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, сондай-ақ жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент әкімінің аппараты құра алады.

Мемлекеттік әлеуметтiк кәсіпорындар келесі салаларда құрылғалы тұр:

1) денсаулық сақтау;

2) мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, қосымша білім беру, техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру;

3) егер олар Қазақстан Президенті жанындағы білім беру ұйымдары болса, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру;

4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жұмыспен қамту, мәдениет және спорт;

5) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдар мен отбасылар үшін арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;

6) протездік-ортопедиялық және есту протездік көмек көрсету;

7) ғылыми зерттеулер;

8) бұқаралық ақпарат құралдары;

9) биологиялық әртүрлілікті және тектік қорды сақтау мақсатында жануарлар, өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғауды, тұрақты пайдалануды, молайтуды және жасанды түрде өсіруді, сондай-ақ табиғатты (зоологиялық саябақтарды, ботаникалық бақтарды, дендрологиялық саябақтарды) қорғауды, орман қорын күзету және қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету;

10) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізу;

11) кемелерді сыныптау және олардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

12) сот-сараптама қызметі саласында жүзеге асырады;

13) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратына жүктелген функцияларды жүзеге асыруына ықпал ету.

Республикалық мемлекеттік әлеуметтiк кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын – салалық министрлік, ал коммуналдық мемлекеттік әлеуметтiк кәсіпорындағылардың жалақысы көлемін – жергілікті әкімдік немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент әкімінің аппараты белгілейді.

Мемлекеттік әлеуметтiк кәсіпорын жұмыскерлерінің еңбекке ақы төлеу жүйесін Қазақстан үкіметі бекітеді.

Қазір елімізде 4 мың 183 қазынашылық кәсіпорын бар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу