"Билік өзбекстандық достарымызды Қазақстанға кіргізбей жатыр"

9125

Қазақстан қаптап ағылған шетелдіктердің легін карантин арқылы 2 жылдай шектеп келді. Бұл заңсыз мигранттар қатарын күрт азайтқанымен, туризмнің дамуына, халықтың алыс-берісіне кедергі.

"Билік өзбекстандық достарымызды Қазақстанға кіргізбей жатыр"

Ел Үкіметі бұл қадамға пандемияның таралуына тосқауыл қою және карантин шараларын сақтау мақсатында барған еді.

Ресей Үкіметінің қаулысымен, 2022 жылғы 30 наурыздан бастап, солтүстік көрші өзіне жеке автокөлігімен, автобустармен немесе пойызбен келетін қазақстандықтар үшін жердегі шекараны толық ашты. Яғни екі жыл бойғы карантиндік шектеулер жойылды.

Бұған дейін Ресейге туған-туысқанымен табысу немесе жерлеу, сондай-ақ емделу үшін баратын қазақстандықтар ғана шекарадан өте алатын. Бүгінде өту үшін ешқандай қосымша себеп-негіздерді көрсетудің қажет жоқ. Сондай-ақ 30 наурыздан бері коронавирусқа тест тапсыру және және тиісті сауалнаманы толтыру талап етілмейді. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мәлім етті.

Дегенмен қазақстандықтар Ресейге қазақ-орыс және орыс-моңғол шекаралары арқылы ғана еркін өте алады. Қазақстан азаматтарының одан өзге мемлекеттер жері арқылы Ресей аумағына құрлықтағы шекара арқылы өтуіне шектеу күшінде.

Өз кезегінде Қазақстан ұшақпен емес, жердегі шекараны кесіп өтіп келетін ресейліктер үшін тіпті қазақ-орыс шекарасында да бұрынғы шектеуді сақтауда. Тек елімізде туысы барлар ғана кіре алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Ресей Федерациясымен арада жолаушылардың теміржол қатынасын қайта жандандыру мәселесі қарастырылуда. "Қазақстан мен Ресей арасындағы жолаушылардың теміржол тасымалын іске қосу биылғы жылдың екінші тоқсанының соңына қарай жоспарланып отыр", – деп құлағдар етті министрлік.

Қазақстанның құрлықтағы шекарасын кесіп өтуге республикамызда тұрақты тұруға ықтиярхаты барларға (ВНЖ), сондай-ақ елімізде туыстары – ата-анасы, жұбайы, балалары, қамқоршысы тұратын адамдарға рұқсат етілген.

"Түркістанмен бір мақтанбақшы едім"

Айта кету керек, пандемия басталғанда ұқсас шектеулер құрлықтағы өзге елдермен шекараларда да енгізілген еді. Қазақстанның Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Журналистер одағының мүшесі Камылжан Рысметов елімізде карантин шектеулері толық дерлік алып тасталған қазіргі шақта шекарадағы шектеуді де жойған жөн деген пікірін жеткізді.

"Мысалы, карантин мерзімі аяқталып, өзбектер екі арамыздағы шекара бекеттерін ашқан соң Қазақстан азаматтары Өзбекстанға ешбір тосылусыз, емін-еркін баруда. Ал өзбекстандық таныс-біліс, достарымызды Қазақстанға кіргізбей жатыр! Кіру үшін тек етжақын ағайын-туысың болу шарт, әрі түрлі құжаттарды талап етіп жатқан көрінеді. Ұзынқұлақтан естуімізше, кейбір өзбекстандықтар өзге "жолдарын" тауып, айналмалы жолмен кіріп жатыр. Бұл коррупцияға жол ашу деген сөз", – дейді ол.

К. Рысметов арғы бетте көптеген дос-жарандары қалғанын, солармен біраздан кездесудің мүмкіндігі болмай жүргенін айтады. Шекараның ашылуына оның төл мүддесі бар екен.

"Мен КСРО кезінде, 1980 жылы Ташкенттегі Низами атындағы пединститутты бітіргенмін. Өзбекстанда жұрт зейнеткерлікке 60 жаста шығады. Содан осы уақытқа дейін сол группаластарым зейнетке шыққанда, мен үзбей тойларына барып тұрдым. Сапар аясында олар Самарқан, Бұхара, Хорезмге саяхат жасатып, аралатты. Енді менің кезегім келді. Биыл 63 жасқа толып, зейнетке шығып жатырмын. 6 мамырда тойламақпын. Тойыма үзбей байланысатын 5-6 группаластарымды шақырып қойдым. Мен де солар сияқты, оларды қайта түлеген, жаңаша құлпырған әсем Түркістанға зиярат жасатып, бір мақтанбақшы едім!", – дейді Камылжан Рысметов.

Әйтсе де, ол өзі шақырған достары шекарадан пойызбен кіре алмай қала ма деп алаңдайды.

Билік не шешім шығарды?

Ол кісіге қапаланбауына болады екен. Өйткені алдағы дүйсенбіден бастап, Қазақстан да құрлықтағы барлық шекараларын айқара ашып тастайтын болады.

Үкімет жанындағы Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты бірқатар шектеуді алып тастау туралы шешім қабылдады.

Вице-премьер Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ВАК отырысында оның мүшелері – меморгандардың, "Атамекен" палатасының өкілдері және өңірлердің басшылары осындай ұйғарымға келді. Бұған азаматтардан, бизнестен түскен өтініштер себеп болыпты.

"Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия биылғы 11 сәуірден бастап, Ресей Федерациясымен, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларымен арадағы құрлықтағы өткізу пунктерінде Қазақстан азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдіктердің Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өтуіне қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ әуе қатынасы арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтуге қойылған барлық шектеулер алынып тасталады", – деп хабардар етті Үкімет.

Бұл ретте Ресейден айырмашылығы сол, құрлықтағы шекараны түрлі көлікпен кесіп өтушілерге қатысты "ПТР әдісімен COVID-19-ға тестінің теріс нәтижесі бар анықтаманы немесе вакциналау паспорттары өзара танылған жағдайда COVID-19-ға қарсы вакциналаудың, ревакциналаудың толық курсынан өткені туралы паспортты міндетті түрде ұсыну жөніндегі талап" әрі қарай сақталады.

Вице-премьер өз сөзінде мемлекеттік шекараны ашу мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты және жеке бақылауында екенін мәлімдеді.

Назар аударатын жайт, ВАК шешіміне Қытаймен және Түрікменстанмен арадағы шекара енбей қалды. ҚХР-да пандемиямен күрес шаралары керісінше, күшейтілген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу