"Банктер қысымымен біраз мембағдарлама жабылды"
Заң ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Кедендік, қаржылық және экологиялық құқық кафедарысының меңгерушісі Айжан Жатқанбаеваның пайымдауынша, 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғалардың түп-төркіні тереңде жатыр.
"Бұл соңғы жылдары қоғамда қордаланған әлеуметтік, экономикалық және психологиялық эмоциялардың тасып төгілген шағы болды. Ендеше ол проблемалардың шешімі де терең, жүйелі сипатта болуға тиісті. Бұл биліктен салмақты жұмысты талап етеді. Ең маңызды мәселе – экономикалық проблемалар. Төмен жалақы, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, бағаның негізсіз қымбаттауы ақыр соңында халықтың банктерге тәуелді болуына соқтырды. Ең сыпайы есептемелер бойынша қазақстандықтардың 80%-дайы бір, тіпті бірнеше рет кредит алған. Халық кедейленуде, ал банктердің дағдарыс кезіндегі табысы тек артуда. Банктер несие бойынша өте жоғары ставка белгіледі, 14-15%-дан басталады. Біз қазіргі уақытта бұл көрсеткіш бойынша Гана, Венесуэла, Аргентинамен теңестік. Ал басқа елдердің банктік ставкалары негізінен 0,5-4,5% аралығында", – дейді сарапшы.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент банктерді сынай келе, олардың шығындарын өтеу үшін мемлекет 700 миллиард теңгеге көмек көрсеткенін, алайда содан қайтарым болмай тұрғанын айтты.
"Мемлекет басшысы банктерді, ірі бизнесті Қазақстан экономикасын дамытуға көмек көрсетуге шақырды. Бүгінде "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорына төлем аудару түрінде ғана шамалы көмекті көріп отырмыз. Алайда ұзақ мерзімді перспективада мұндай бір реттік акциялардың мәні жоқ. Оның орнына банк секторын да, жыл сайын кедейленген бұқараның да көңілінен шығатын жолдарды пысықтаған жөн. Қазіргі пайыздық ставкалар ақылға қонбайды және ол тек банк секторын байытуға ғана бағытталған", – деді ол.
Ендеше банктерді "өз қызметінің әлеуетті тұтынушысы ретінде әрбір қазақстандықтың өмір деңгейін жақсартуға ынталатындыратындай саясатты қабылдаған жөн".
"Әрине, қаржылық реттеуші кредит ставкасын тізеге салып төмендете алар еді, алайда онда банктер өзіне тиімсіз бағдарламалар бойынша қызмет көрсетуді доғарады. Олар талай рет солай жасады. Дәл осы комбанктердің бастамасымен мемлекеттік бағдарламалардың және жобалардың тұтас тобы тоқтатылды! Сондықтан банктер мен мемлекеттің диалогын өткізу қажет. Оның барысында кредиттік саясат саласындағы жағдайды жақсарту бойынша жүйелі шаралар кешені қабылдануы шарт. Банкирлердің ар-ұжданына сену, әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақыру – абырой әпермейтін, жеңіліспен тынатын нәрсе. Мәселе басқа жолмен шешілуі керек", – деді ғалым А. Жатқанбаева.
Кәсіподақ қозғалысының дамымауы жағдайды ушықтырды
Бейбіт демонстрацияға шыққандардың бір бөлігі жаңа Еңбек кодексін қабылдауды талап етті. Бұл жағдай кейбір сарапшыны қайран қалдырды. Шын мәнінде, заң ғылымдарының PhD докторы, аға оқытушы, еңбек құқығын зерттеуші Даулетбай Рысқалиевтің айтуынша, бұл салада үлкен проблемалар жинақталып қалды.
"2021 жылдың басында тек Маңғыстауда ғана емес, еліміздің көптеген өңірінде, тіпті елордада нақты сектор жұмыскерлері митингтер, ереуілдер өткізді. Олар жалақыны көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту, тасымалдауға пайдаланылатын автокөлікті жаңарту секілді талап қойды. 2021 жылғы 1 қаңтар және 8 қазан аралығында бір ғана Маңғыстау облысында 43 ереуіл өтіпті. Оның ішінде үшеуі – "ҚазМұнайГаз" АҚ-ының еншілес компанияларында және 40-ы – солармен келісімшарттық қатынастағы мердігерлік, сервистік ұйымдарда болды. Жұмыскерлер өз талаптарының негізсіз еместігін, оған инфляция түрткі болғанын, отбасын асырап, кредиттерді төлеу үшін демалыс күндері де қосымша жұмыс істеуге тура келетінін жеткізді", – деді Даулетбай Оразғалиұлы.
Ол бір жайтқа назар аудартты: біраздан бері мұнай бағасы қайта қымбаттап, бір баррелінің құны орта есеппен 82 долларға дейін жетті.
"Бұл дегеніміз – бұрынғы жылдарға қарағанда компаниялардың табысы да айтарлықтай артты деген сөз. Жұмысшылардың өкілі хабарлағандай, Үкімет жер қойнауын пайдалану бойынша контрактіні 2046 жылға дейін ұзартып берген. Бұл компанияның болашақта да үздіксіз кен өндіретінін кепілдендіреді. Сәйкесінше, оның акционерлерінің табысы тұрақты артады. Бас келісімнің 6.8-пунктінде жер қойнауын пайдаланушы Қазақстанда лайықты еңбек қағидаттарын жүзеге асыруға, жақсы жалақы деңгейін қамтамасыз етуге, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға міндеттеме алды", – дейді ғалым.
Алайда бұл шарттар сақтала бермейді. Қарапайым жұмысшы түгіл, қазақстандық орта техникалық, әкімшілік-басқарушылық персонал компанияның ішкі нормативтік құжаттарына қол жеткізе алмайтыны әшкере болды. Салдарынан олар да өздеріне қандай еңбек шарттары белгіленгенін білмейді.
Бұған "елдегі кәсіподақ қозғалысының дамымауы, кәсіподақ органдары қызметінің мөлдір еместігі, оларда келіссөз жүргізу дағды-біліктерінің жоқтығы, ұжымдық түгіл, жеке еңбек дауларын да шеше білмейтіні" қосылып, жағдайды ушықтырды.
"Сол себепті жұмысшылар өзіне маза бермеген мәселелерді шешудің жалғыз пәрменді тәсілі ретінде ереуіл, шеру өткізуді таңдайды. Кәсіпорын басшыларының, орта буынның еңбек заңнамасын білмейтіні де – өткір мәселе. Олар дағдарысты кезеңде келіссөз жүргізе алмайды. Сондықтан өндірістік кәсіпорындардың барлық топ-менеджерлерін, орта буын басшыларын кешенді оқытудан өткізген жөн. Олардың елдің еңбек заңнамасын жете білгені, күйзелісті кезеңдерде тез әрі қажетті шешім қабылдауға қабілетті болғаны маңызды", – деді Д. Рысқалиев.
Көшені толтырған жастарға не жетпейді?
Қазақстан мазасыз аймақ ортасындағы "тұрақтылық аралы" ретінде дәріптелетін. "Айналасын таспен емес, доспен қоршаған" деп мақтанатынбыз. Алайда радикалды топтар қажет кезде лезде осы "аралдан" бір-ақ шығатыны, елдің етегі ашық-шашық жатқаны аңғарылып қалды.
Халықаралық саясат сарапшысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Құралай Байзақова енді діни радикализммен шындап күрескен жөн деген пікірде.
"Қазақстанда діни радикализммен күрес кешенді көзқарасты талап етеді. Ол саяси, экономикалық, әлеуметтік және әрине, саяси сипаттағы жүйелі шаралардан құралуға тиіс. Сондай-ақ Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты ары қарау дамыту қажет. Ол ынтымақтастық барлық салада бірдей жүзеге асырылып, шекаралық бақылауды, есірткі трафигімен, қару-жарақ контрабандасымен күресті және басқасын қамтуы керек. Алдын алушы, превентивті шараларға көбірек көңіл бөлген абзал. Нақты ахуалға профилактикалық ықпал етудің барлық тетігі – саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, тәрбиелік, ақпараттық, үгіт-насихаттық және басқа тетіктері осы іске жұмылдырылуы шарт", – дейді ғалым.
Ол жастардың, талантты, шығармашыл жастардың деструктивті күштердің жетегінде кетуіне жол бермеудің маңызын атап өтті.
Әйтпесе, жат ағындардың уағызын тыңдаушылар қатарында студенттер басым деген дерек жария етілді.
Әлеуметтік ғылымдардың докторы Гүлнапис Әбдікерова келесі қызықты мәліметті хабарлады. 2021 жылғы маусымында алматылық студенттер арасында ауқымды сауалнама жүргізіліпті. Білім қуған жастарға "Күнделікті өмірде қандай құндылықтарды басшылыққа аласыңдар?" деген сауал қойылған. Жастардың 67%-ы – азаматтық құндылықтарды, 64%-ы – патриоттық құндылықтарды, 52%-ы – өз ұлтының құндылықтарын, 56%-ы – діни құндылықтарды ұстанатынын айтқан. Бұл ретте бір студент қалауынша бірнеше жауапты қатар таңдай алған. Қалай болғанда, жастар арасында патриоттары да, діншілдері де аз емес екенін байқауға болады. Яғни жас ұрпақтың сана-сезімі оянып келеді, басым көпшілігі өз өмірі мен ел болашағына, қоғамның беталысына бей-жай қарамайды.
"Біздің байламымызша, қазақстандық қоғамда азаматтық және патриоттық құндылықтар жиі насихатталады. Алайда шынайы өмірде жастар ұлттық және діни сипаттағы проблемаларға жиі тап болады", – дейді әлеуметтанушы ғалым.
Жастарға "Бірінші кезекте кімге сенесіңдер?" деген сұрақ қойылыпты. Студенттердің 92,3%-ы ата-аналарына сенетінін мәлімдеген. Одан кейінгі орындарға туыс-туған, дос-жаран секілді "әлеуметтенудің бейресми агенттері" шықты. Ал мемлекет, қоғамдық ұйымдар және бизнес-құрылымдар секілді социализацияланудың ресми агенттері жастардан аз бал жинады.
Қарапайым халықтың бейбіт шеруінде жастардың қарасы басым болғаны белгілі. Өкінішке қарай, одан кейінгі шабуылдар және тонау кезінде де жастар алдыңғы қатарда жүрді.
"Бұл оқиғалар қазақстандық жастардың ресми институттарға, бірінші кезекте мемлекетке деген сенімі аз екенін паш етті. Жастар өз болашағы үшін елде нағыз демократиялық өзгерістер жүргенін ынты-шынтысымен қалайды. Бірақ қынжылтатыны сол, жастар жағдайды пайдаланып кеткен лаңкес, діни элементтердің құрбанына айналды. Бұл жерде басқа бір проблема бой көрсетті. Жастар терроршыл элементтердің уағызына ерді. Себебі жастарымыздың бойынша оған қарсы тұрарлықтай тұлғалық әлеует жетіспеді. Тұлғалық әлеует құрамына не жатады? Бұл – материалдық қамтамасыз етілу, жұмыспен қамтылу, білімінің терең болуы, мәдениетінің деңгейі, өзіне-өзі сенімді болуы және өзгелерге деген сенімі", – деді әлеуметтанушы-ғалым Гүлнапис Орынбасарқызы.
"Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз" деді Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті. Егер биліктің елге шын мәнінде қызмет етіп отырғанын көрсе, өзгерістердің игілігін байқаса, жемісін терсе, халық та, жастар да оған қарсы шықпасы даусыз.
Жанат Ардақ