Білім беру депозиті бар ата-аналарды Үкімет неге "алдады"?

11008

Шенеуніктердің жарнамасына сенген жұрттың көңілі қалуда.

Білім беру депозиті бар ата-аналарды Үкімет неге "алдады"? Фото: Жанат Ардақ

Қазақстанда кейінгі бес жыл бойы білім депозиті қарқынды түрде насихатталып келеді. Мысалы, оған Парламент жеке "Үкімет сағатын" арнады. Барлық ақпарат құралдары арқылы оның тиімді екені айтылды.

Білім және ғылым министрлігі мен оған қарасты "Қаржы орталығы" АҚ-ының ресми сайттарында "Ақыл" аталатын осы тетікке үлкен мән берілген. "AQYL – өзіңізге және балаңыздың келешегіне тиімді қаржы салу!", "AQYL – ең тиімді салымдар!", "Қаражатты болашағың үшін жина!" деп санаңызды арбайды. Алайда оның ар жағында халықты қандай "сүйкімсіз сюрприз" күтіп тұрғаныны туралы жақ ашпайды.

"Қазіргі заманда біздің және балаларымыздың әл-ауқаты білім деңгейіне тікелей байланысты. Көптеген ата-ана баланың университетте оқу ақысын төлеу мәселесін соңғы мезетке – ЖОО-ға түсетін кезіне ысырады. Бірақ ол кезде қаржы мәселесін шешу үшін банктен ауыртпалық түсіретін кредит алу керек немесе достардан қарыз жинауға тура келеді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімдерінің бірі – жоспарлы түрде ақша жинау. Мемлекет тарапынан жыл сайынғы ақшалай ынталандыру арқасында депозиттер нарығындағы ең тиімді қаржы құралы – "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі" аясында іске асырылатын "AQYL" білім беру депозиті", – дейді БҒМ.

Ведомство дерегінше, "AQYL" білім беру депозитін тек балаға ғана емес, өзіңізге де ашуға болады. Қазіргі уақытта осы кең ауқымды насихат нәтижесінде елімізде шамамен 20 мың білім беру депозиті ашылыпты. 2015 жылдан бері салымшыларға шамамен 1,6 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы төленіпті.

"Бұларды ашқан қазақстандықтар табысты келешекке кепілдік алып отыр! Мүмкіндікті пайдаланыңыз! Өз біліміңізге және балаңыздың біліміне инвестиция жасаңыз. AQYL сізге көмектеседі. Депозит ашу үшін сіз жеке куәлігіңізді және балаңыздың туу туралы куәлігін алып, келесі серіктес-банктердің біріне жүгінуіңіз керек: Нұрбанк, Цеснабанк, Халық банкі, ВТБ Банк", – дейді "Қаржы орталығы".

Ата-ана неге алаңдаулы?

Дегенмен, "AQYL"-ға баласының болашағын сеніп тапсырған кейбір ата-ана өзін алданғандай сезінуде. Теңгенің тоқтаусыз девальвациялануы да қапаландырады: білім беру депозиті тек теңгеде ашылады және ол 10 миллион теңгеден асып кетпеуі керек: Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры тек осынша көлемін ғана сақтандырады. Яғни, одан көп болса және банк банкрот болса, қалғаны қайтарылмауы мүмкін.

Баласының келешекте жоғары білімді маман болуының қамын әлден ойлаған әке Қайрат Әлиевтің көңілінде: "AQYL" ақшаны инфляцияға босқа жем қылуда деген күдік пайда болыпты.

"Бұл білім беру депозитінің бізге қандай пайдасы қалды? Қарап тұрсам, мен қарапайым банк депозитіне емін-еркін салсам да сонша кіріс алады екенмін. Мысалы, "AQYL" депозитінде маған мемлекет 5% сыйлықақы, ал банк тағы 9% қосады. Сонда жалпы мөлшері 14% шығады. Салыстыру үшін айтсам, банктердің бірінде "Максимальный" депозитінің жылдық сыйақысы 13,8%. Небары 0,2%-ға аз. Бұл нағыз абсурд қой. Онда неменеге білім депозитінде ұзақ жыл сақтауым керек? 0,2%-ға ғана көбірек алу үшін бе?" – дейді Қайрат Әлиев.

Ата-аналар Үкметтен "Ақылдың" сыйлықақысын көтеруді сұрайды. Егер мемлекет шынымен де балалардың болашағын және олардың білімдар болуын ойласа, онда соған лайықты қолдау көрсетуі керек. Мысалы, барлық салымшылар үшін жиынтық ставканы 20%-ға дейін өсіруі керек. Сонда қазақстандықтар онда 10 жылға дейін ақшасын сақтауға дайын.

Тағы бір мәселе: қаншама жыл жиған білім беру салымының сыйақысын ата-ана ақыр соңында ала алмауы да мүмкін екен. Татьяна Путицкая екі жылдай бұрын, 2018 жылдың аяғында осындай келеңсіз оқиғаға жолыққанын хабарлады. Ол Эльвира Құрмалиеваның заңды өкілі ретінде 2015 жылғы 11 қарашада мемлекеттің сөзіне сеніп, 36 айға білім беру депозитін ашыпты. 2018 жылғы қыркүйекте Эльвира Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған квотамен В.Б.Бобков атындағы Ресей кеден академиясының Санкт-Петербургтегі филиалына оқуға түседі. Егер бала бюджеттік негізде ЖОО-ға түссе, онда банк білім грантын барлық сыйлықақысымен бірге салымшыға қайтаруға міндетті.

Содан Т.Путицкая ресейлік ЖОО-дан қыз баланың бюджеттік негізде студент атанғанын растайтын анықтаманы алып, жүйеге қатысушы отандық банкке барады. Банк барлық құжатты қабылдап алған. Әйткенмен, БҒМ-ның "Қаржы орталығы" АҚ-ы білім беру жинақтаушы депозитіне есептелген мемлекеттің сыйлықақысын төлеуден бас тартыпты: "шетелдік жоғарғы білім беру ұйымына түсу мемлекеттік сыйлықақыны алуға негіз болып табылмайды" деп түсіндірген.

Ал орталықтың сайтында: "Оқу орнын таңдау бойынша шектеулер жоқ. Жинақ ақшамен Қазақстанның ЖОО/колледжінде оқудың ақысын, сондай-ақ шетелде оқудың кез-келген нысанын төлеуге болады" деп жазылған. "Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі туралы" заңда да бала тек Қазақстанда оқысын деген талап жоқ.

Заңға сүйене отырып, Татьяна Путицкая әртүрлі инстанцияларға жүгіріп, еңселі кеңселердің табалдырығын тоздырады. БҒМ жауапты ананы емес, өзінің акционерлік қоғамын қолдап шықты.

"Э.Құрмалиеваның Санкт-Петербургтің федералдық бюджетінің қаражаты есебінен В.Б.Бобков атындағы Ресей кеден академиясына оқуға түскені туралы ұсынылған анықтамада мемлекеттік грант деген сөз жоқ. Қазақстанда мемлекеттік гранттар иегерлерінің тізімі жыл сайын БАҚ-та орналастырылады. Осы тізіммен салғастыру нәтижесінде 2018 жылғы білім гранттарының иегерлері арасында Құрмалиеваның жоқтығы анықталды. Атап өтер жайт, аталған тізімге тек Қазақстан аумағында орналасқан ЖОО-ларға түскен студенттер ғана кіреді. Соған қарамастан, білім беру салымы туралы келісімді бұзу кезінде Құрмалиеваға мемлекеттік сыйақы төленбейді", – деп жауап берді сол кездегі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Жалпы, Ресейде "мемлекеттік білім беру гранты" деген ұғым қолданылмайды. Олар "федералдық бюджет есебінен оқыту" деген ұғым бар. Тиісінше, анықтамаға да солай жазады. Ол ол ма, тіпті дамыған елдерде де "мемлекеттік білім гранты" деген термин кездеспейді. Демек, Білім және ғылым министрлігінің бұл дәйектемесі әйтеуір ақша бермеудің бір сылтауына ұқсайды.

Жанат Ардақ

Фото: smfanton.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу