Білім министірлігі мен UStudy текетіресіне нүкте қойылды

15976

Жекеменшік жобаны жүзеге асыру үшін 4,5 млрд теңге жұмсалған.

Білім министірлігі мен UStudy текетіресіне нүкте қойылды

Мұғалімдер жалақысын көтеру үшін біліктілік сынағын тапсыруға тиіс екені белгілі. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі негізінде жұмыс істейтін UStudy тестілеу орталығы мұғалімдерге алдын-ала дайындық сынағынан өту қызметін көрсетіп келеді. Жақында осы орталықтың басшылығы "білім және ғылым министрлігі жұмыс істеуге кедергі келтіріп отыр" деп БАҚ беттерінде және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданған еді. Ал Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында жекеменшік тестілеу компаниясын сынның астына алды.

М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджанның модераторлығымен, Adal Bilim жобалық офисінің алаңында тестілеу компаниясы басшылығы, Ұлттық тестілеу орталығының басшысы, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі және сарапшылар бас қосып, мәселені онлайн режимде ашық талқылады.

"UPARTNER" компаниясының бас директоры Жанат Рахманидің айтуынша, Аслан Сәрінжіпов министр болған кезде басталған Ustudy жобасын жүзеге асыру үшін 3,5 жыл еңбек пен 4,5 млрд теңге қаражат кеткен.

Тестілеу орталығының директоры Олжас Күсбеков айтылған сынға былайша жауап берді: "Интеграция кесірінен техникалық ақаулар болды. Министрліктің сұрауымен техниканы ауыстырдық. Орталықтарда келісімде бекітілген қажетті компьютерлер бар. Қазан, қараша айларында техниканы өңірлерге жеткізу кезінде кешігіп қалу мәселесі болды. Бұл жоба бойынша мемлекет пен жекеменшік сектор алғаш рет бірлесіп жұмыс істеп жатқандықтан бірқатар қиындық туындауда. Сондай-ақ, "тестілеуден өтудің бағасы қымбат" деген де сын айтылады. Бұған анализ жасадық. Иә, 2500 теңге қымбат шығар. Мұғалімдердің 80%-ы төмен жалақы алады. Олар осы аттестация арқылы айлығын көтеруге тырысып жүр. Дегенмен, тест тапсырушылар облыс орталықтарына келіп-кететін болса, бұдан әлдеқайда көбірек қаражат жұмсар еді. Біздің тағы 33 орталық ашудағы мақсатымыз – инфрақұрылымды мұғалімге жақындату. Келесі жылдың басында осы орталықтарды халық игілігіне тапсырамыз", – мәлім етті Олжас Күсбеков.

Дидар Смағұлов әлеуметтік желіде жазғандарынан бас тартпайтынын айта отырып, бірқатар мәселені шешу қажет екенін сөз етті.

"Жалпы маған келісімшарт ұнады. Бұндай тестілеу орталықтары дүние жүзінің ешбір елінде жоқ. Халықаралық конференцияларға қатысқан кезде, бізде осындай мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бар екенін айтып жүрмін. Бұл – бірегей ноу-хау өнім. Толықтай автоматтандырылған, көшіріп алуға ешқандай мүмкіндік жоқ әрі бюджет қаражаты да шығындалмайды. Айта кетсем, білім және ғылым министрлігі UStudy тестілеу орталығына бәсекелес болмайды, орталықтар салмайды. Үстел басына бірге отырып, мәселен тестілеу құнын төмендету жолдарын іздейік, кейбір шартты өзгертейік. Мәселелерді талқылауға дайынбыз", – деді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы.

"Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев мемлекеттік-жекеменшік серіктестік саласын жетілдіру қажет екенін айтты.

"Мемлекеттік немесе квазимемлекеттік мекемелерде жауапкершілік соншалықты көп емес, өз жұмысын атқара береді. Ары кетсе қызметкерін тәртіпке шақырады. Ал жекеменшік серіктестік сол жұмыспен айналысса, бизнесінен айырылып қалуы мүмкін. "Сары парақтар" (Yellow Pages Rule) деген ұғым бар. Яғни жекеменшік бір компания кірген жерге мемлекет араласпауға тиіс. Мен мынадай ұсыныс жасағым келеді: келіспеушілік хаттамасын толтырайық. Хаттамада жекеменшік серіктес пен мемлекет өз тараптарынан қандай міндетті орындамай жүргені көрсетілсін. Өйткені бұл жеке адамдардың емес, үлкен саланың мәселесі. Біз ортадағы модератор болайық. Барлық мәселені ашық жариялап отырайық", – деп ұсыныс жасады "Атамекен" ҰКП өкілі.

Кездесуге жиналғандар бұдан кейін кез келген мәселені халық алдында ашық жариялап отыруға келісті.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу