Білім ордаларындағы қанды қырғындар: хайп бар, қам-қарекет жоқ

4684

Ата-аналар мен қоғам белсенділері білім саласы шенеуніктерінің сабақ алмағанына таң.  

Білім ордаларындағы қанды қырғындар: хайп бар, қам-қарекет жоқ

Ресейдің Пермь мемлекеттік университетіндегі атыста алты адам қаза тауып, 28 адам жараланған. Кейбір мәлімет бойынша 18 жасар студент буллингке бола өшігіп, қарулы шабуыл жасапты. Соның қарсаңында күдікті "ВКонтактеде" манифестін жариялап, қарау ісін "адамдардың қиналғанын көруді ұнататынымен" түсіндірген.

Бұл оқиға Қазақстанда да қоғамдық пікірдің үлкен толқынын туғызды. Блогерлер, қоғам белсенділері хайп жасап, мектептерді аралап кетті.

"Алматыдағы бірнеше мектепті аралап шықтым. Бірде бірінен мамандандырылған қарулы күзетті таппадым. Білім министрінің мәлімдемелерінен түк нәтиже шықпады. Ол жалаң демагогиямен айналысуда", – дейді журналист, белсенді Мұрат Телібеков.

Мәжілістің экс-депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров өз ұлына автоматтың темір муляжы салынған сөмкені арқалатып, Нұр-Сұлтандағы "бірінші кездескен мектепке" кіргізіп жіберіпті. Ол "Перьмдегі оқиға қазақстандық мектепте қайталануы мүмкін бе?" деген сұраққа "жауап іздеген".

Мұндай арзан пиар халық тарапынан сынға ұшырады.

Бірақ түйіні тарқамаған түйткіл қалуда. Ресейдегі қанды қырғыннан кейін бірнеше сауал туындады: Қазақстанда ЖОО, мектептер қаншалықты қорғалған? Бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған ба? Қарулы күзетшілері бар ма? Бұл сұрақтарға БҒМ жалпылама, жалтарма жауаппен құтылды, нақты деректер келтірмеді.

Атап өтетін жайт, биылғы 11 мамырда Татарстандағы №175 гимназияда 9 адамның өліміне, 32 адамның жаралануына соқтырған осындай атыстан соң Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев білім беру ұйымдарындағы жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауды жүктеген болатын. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазандағы лаңкестік оқиғадан кейін, 12 мамырда оқушылардың қауіпсіздігі мәселесі бойынша кеңес өткізді.

"Білім басқармаларына өңірлердегі мектептердің қауіпсіздік жағдайына талдау жүргізуді тапсырдым. Жақында балалардың қауіпсіздігі бойынша барлық деңгейде, қосымша кешенді шаралар қабылдаймыз. Қауіпсіздік деген тек бейнебақылау, мектеп ішіне өткізу режимі, күзет дабылы, дабыл түймелері ғана емес, бұл төтенше жағдай орын алғанда қызметкерлер мен оқушылардың әрекеттері де", – деді сонда министр.

Одан бері біраз уақыт өтті.

Не істелді?

Министрлік журналистерге жауабында "Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2021–2022 жылдарға арналған Жол картасы" әзірленгенін хабарлады.

"Жол картасында білім беру ұйымдарын лицензияланған, қолданыстағы талаптарға және жарақтандыру нормаларына сәйкес күзетпен, бейнебақылау жүйелерімен, турникеттермен, дыбыстық құлақтандырумен және "дабыл түймелерімен" қамту көзделген. Жергілікті әкімдіктер де балалардың құқығын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті жұмыс жүргізуде", – деп түсініктеме берді БҒМ.

Меморганның нұсқауынша, бұл шараға мектептердің сырттағы дәретханаларын ішке көшіру де кіреді екен.

Ведомство Шымкентте "дабыл түймесі" атты пилоттық жобаны жүзеге асырған, оның да қорытындысы қоғамға толық жарияланбады.

"Білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына біріктіру үшін мектептерге жаңартылған бейнебақылау жүйелерін орнату мақсатында бюджеттен тиісті қаражат қарастырылды. Осы мақсатта мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Бүгінде мектептерде үнемделген қаржы есебінен мамандандырылған ведомстволық күзет қызметімен қамтамасыз ету мәселесін зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп мәлімет берді Білім және ғылым министрлігі.

Бұл мәселеге қатысты БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов те түсініктеме берді. Оның айтуынша, мектептер, колледждер мен ЖОО-лардың әрбір басшысы жас ұрпақты қорғау мәселесіне басымдық беруге тиіс. Оларға "оқу корпустары мен жатақханаларда қауіпсіздікті күшейту" жүктеліпті.

"Министрлік басқа меморгандармен бірлесіп, білім беру объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру құжатын әзірледі. Осы НҚА-ны талқылау барысында 2 мыңнан астам сұрақ пен ұсыныс түсті. Құжатқа кейбір азамат қауіптене қарайды. Олар дабыл батырмаларын, бейнебақылау жүйесін, турникеттерді орнатуға және ТЖ оқу-жаттығуларын өткізуге қарсы екенін жазды. Мен бүкіл жауапкершілікті мойныма ала отырып, мәлімдеймін: бұл ережелер балаларға қауіп төндірмейді, керісінше, олардың қауіпсіздігіне және тосын оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Әкімдіктер бұл мәселені кешенді шешу үшін қосымша қаражат бөлуде", – деді министр.

Атап айтқанда, білім ұйымдарын бейнекамералармен жабдықтап, оны полицияның жедел басқару орталығына қосу, күзет сигнализациясы мен дабыл батырмасын орнату, ЖОО-ға өткізу режимін күшейту және оқытушылар мен студенттерге төтенше жағдай туындағанда қалай әрекет ету керектігін үйрету қолға алынуға тиіс екен.

Дегенмен, талдықорғандық оқытушы Игорь Скоромный оқу орындарының БҒМ тапсырмасын орындамай отырғанын айтады.

"Қынжылтатыны, көптеген оқу орнының кіреберісінде зейнеталды жасындағы әйел күзетші отыр. Негізі, білім ордаларында мамандандырылған күзет ұйымдарының қылмыспен күрестің қыр-сырын білетін, соған үйретілген білікті қызметкері отырғаны жөн", – дейді ол.

Проблеманың төркіні – нашар күзетте емес, нашар тәрбиеде

Бірақ сарапшылар университет пен мектепті күзетуге әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ынта білдіретініне сенбейді: күзетшілер мен вахтерлардың жалақысы тым мардымсыз, 50–80 мың теңге аралығында. Қазіргі қымбатшылық заманында мұндай жалақыға отбасы түгіл, қара басты асырау қиын.  

Шымкенттік университеттің орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша аға оқытушысы болып жұмыс істеген тәжірибелі педагог, зейнеткер Айжан Жолдасова тек әскерилендірілген күзет Перьм және Қазандағыдай қарулы шабуылдың алдын ала алмайды деген пікірде. Әр мектеп пен университетте қарулы күзетшілер тобын ұстап тұру да мүмкін емес. Ал бір күзетші қауқар қыла алмайды: Перьм университетінде лаңкес өзін тоқтатпақ болған күзетшіні алдымен атып тастаған.  

"Күзетті күшейту – балаларымызды және бізді қорғаудың бір шарасы ғана. Дұрысы – тәрбиенің бүкіл жүйесін өзгерту қажет. Балаларымыз агрессивті болып барады. Ондай агрессияның себептері әртүрлі. Бірінші кезекте – әлгіндей балалардың отбасындағы кикілжің, әлеуметтік проблемалар, тұрмыстың төмендігі. Ендеше ең алдымен қатардағы қазақстандықтардың өмірін жақсартқан жөн. Азаматтарды лайықты еңбекақымен, баспанамен қамту керек. Оның орнына ең жоғары жалақылы қызметтер экспаттарға беріледі", – деді педагог.

Екіншіден, оның пікірінше, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейткен жөн. Үшіншіден, жас ұрпаққа қызықты болатын, мейірімділікке, адамзатты сүюге, қайырымдылыққа тәрбиелейтін, жоғары сапалы фильмдер мен мультфильмдер түсірген абзал. Мектеп пен отбасыда дәстүрлі құндылықтарға тәрбиелеу жұмыстары қолға алынуы қажет. Ал тәрбие жұмысы бүгінде жоққа тән. Онымен ата-аналар да, мұғалімдер де айналысуға құлықсыз.

"Ұсыныс көп, тек соған құлақ қоятын, мән беретін Үкімет болса. Қауіпсіздік шараларын күшейтумен шектелсе, онымен іс оңбайды. Жастар тәрбиесіне мықтап ден қоятын кез жетті. Балабақшаларға, мектептерге, ЖОО-ларға әскерилендірілген күзет тобын қойып қойсақ, көзі қанға толған жас лаңкес қару көтеріп, ауруханаға не сауда орталығына аттануы ықтимал. Әзірге билік тек косметикалық сипаттағы шаралар кешенін ұсынуда", – деді сарапшы.

Ұстаздың пайымдауынша, проблеманың түп-төркіні тереңде, оның тамырын жою үшін балаларды осындай қылмыс жолына түсіретін себептерді жоюға жедел кіріскен жөн.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу