Білім ошақтары "өз күндерін өздері көре" бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3463

Жергілікті және республикалық бюджеттің үлесі азайып кетті.

Білім ошақтары "өз күндерін өздері көре" бастады

ҚР статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар айында білім саласына салынған инвестиция көлемі 2,8 млрд теңгені құраып, былтырғымен салыстырғанда 36,9% өсім көрсетті. Аталған сома жалпы республика бойынша экономикаға салынған инвестицияның 0,4%-ы.

Айта кетейік, былтыр білім саласына салынған инвестиция 22,7% азайып, 204,9 млрд теңге болған еді.Жалпы, 2020 жылға дейін саланы дамытуға бюджет жобасында 1,1 трлн теңге қарастырылған.

Өткен жылы бюджеттен мектеп салуға 53 млрд теңге, дарынды балаларды оқытуға 33 млрд теңге бөлінген еді. Ал мектеп оқытушыдарының біліктіліктерін арттыру мен мамандарды дайындауды қаржыландыру азайды. Оған себеп жалпы білім саласына бөлінген бюджет қаражатының қысқартылуы болуы мүмкін. Жалпы, былтырғы білімге бөлінген бюджет соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш ретінде тіркелген еді.

Нақтырақ айтар болсақ, 2014 жылдың қаңтарында білімге салынған инвестиция бір жыл бұрынғыдан 69,6% күрт азайып 0,4 млрд теңгені ғана құраса, 2015 жылдың бірінші айында көрсеткіш 144,4% ұлғайып 1,1 млрд теңгеге жеткен. Ал 2016 жылғы осы уақытта көрсеткіш тағы 132,8% көбейіп 2,5 млрд теңгені құрады.

2017 жылдың қаңтарында білім беруге жұмсалатын қаржы тағы төмендеп, бір жыл бұрынғыдан -35,6% азайып 1,6 млрд теңгеге азайып кеткенімен, 2018 жылы тағы 25,7% көбейіп 2 млрд теңгеге жетсе, биыл қаңтарда 2,8 млрд теңгеге жетіп отыр.

Өңірлер арасында қаңтар айында білімге ең көп қаражат жұмсаған өңір Қызылорда облысы болды. Сыр өңірі жыл басындағы бюдетті былтырғыдан 2,5 есеге ұлғайтып 700,5 млн теңгеге жеткізсе, екінші орындағы Шымкент қаласының қаңтар айында білімге салған ақшасы 572,2 млн теңгені құрады. Үшінші орындағы Түркістан облысы салаға 493,3 млн теңге жұмсапты.

Салаға ең аз ақша жұмсаған өңірлер қатарында Павлодар облысы (1,1 млн теңге), Атырау облысы (2,6 млн теңге) және Қостанай облысы (3,4 млн теңге).

Өсім қарқыны бойынша ең бірінші орында Қарағанды облысы. Былтыр қаңтарда облыс 6,9 млн теңге жұмсаса, биыл көрсеткішті 33 есеге арттырып, 229,8 млн теңгеге жеткізіпті.

Бір қызығы, салаға салынған инвестицияның басым бөлігін қазір білім беру мекемелерінің өзіндік қаражаты құрайды. Былтыр қаңтарда білім ошақтары салаға 1,2 млрд теңге салса, биыл қаңтарда көрсеткіш 2,3 млрд теңгеге жетіп, жалпы бір айда салаға салынған инвестицияның 84,9%-ын құрады.

Ал жергілікті бюджет қаражаты керісінше былтырғы қаңтарадағы 409,2 млн теңгеден биыл қаңтарда 295,2 млн теңгеге азайып, жалпы көрсеткіштің тек 10,7%-ын ғана құраса, республикалық бюджет қаражаты жалпы көрсеткіштің тек 4,4%-ын құрап, былтырғы 300 млн теңгеден биыл қаңтарда 122 млн теңгеге төмендеп отыр.

Сонымен қатар, былтыр жыл басында банктер салаға 92,7 млн теңге несие берсе, биыл қаңтарда әзірге банктер білімді қаржыландыруға асықпай отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу