Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева интернеттегі біліктілігі жоқ тұлғалардың ақылы қызмет көрсетуіне қосымша шаралар қабылдау мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, заң жобасы білім беру курстарында біліктілік туралы мәліметтерді, оккульттық қызметтер туралы контентте оның ойын-сауық сипатта екені туралы белгіні көрсетуді міндеттейді.
"Алайда бұл норманың қолданылу аясына интернеттегі кез келген оқыту бейнеролигі еніп кетуі мүмкін. Яғни, бәліш пісірудің рецептімен бөлісетін әжеден де, тегін бейнесабақ түсірген мектеп мұғалімінен де дипломдар мен сертификаттар талап етіледі. Мұндай шектеулер өз тәжірибесімен бөлісетін немесе айналасындағылардың денсаулығына зиян келтірмейтін, қауіп төндірмейтін танымдық бейнероликтер жасайтын азаматтарға жасанды кедергілер туғызуы мүмкін", – деді депутат.
Осыған байланысты депутат халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сараланған тәсілді ұсынып отыр. Ләззат Жылқыбаева тұрмыстық және танымдық сипаттағы контентті реттеу аясынан шығару керек дейді.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев осы ұсынысқа қатысты пікір білдірді.
"Ұсыныстарыңыз заңнаманың концепциясына қайшы емес. Расымен, тұрмыстық, өмірлік тәжірибесімен азаматтар бөлісіп жатса, онда тұрған ештеңе жоқ. Сіз нақты форма берсеңіз, оны жұмыс тобының аясында қарастыруға болады. Мәселе – ешқандай білімі жоқ болса да, адамның өміріне, оның денсаулығына, құқықтық мәселелерге тікелей әсер ететін жағдайларда ақыл, кеңес беру. Жұртты шатастыратындардың алдын алу үшін жасалған ұсыныс. Біздің мақсатымыз да сол. Алдында айтылған ұсыныстарыңызды жалпы қолдаймыз, соңғы мәселерді қосымша талқылауға болады", – деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салынатынын жазғанбыз.