Бипатридтер буынсыз жерге пышақ ұрып жүр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
8806

Қос азаматтық арқылы екі жеп биге шыққысы келетіндер көбейіп кетті.  

Бипатридтер буынсыз жерге пышақ ұрып жүр

Халықаралық құқықта бір уақытта екі немесе одан да көп азаматтыққа ие болған физикалық тұлғаны  бипатрид деп атайды. Мұндайлардың заңды һәм заңсыз түрі болады.

Алғашқысына Бразилия, Аргентина, Канада, Барбадос, Уругвай, Мексика, Ямайка, Колумбия, Пәкістан, Перу, АҚШ, Германия, Латвия сияқты  қос азаматтық алуға рұқсат берген мемлекеттердің өкілдері, екіншісіне қос азаматтықты қолдамайтын елдердің тұлғалары енеді.  

Қазақстанда қос азаматтық алуға рұқсат берілмеген. Мұны барлығы жақсы біледі. Алайда қосмекенді қалайтын пысықайлар бақай есеп пен қарақан бастың қамы үшін жымысқы ойларын жүзеге асырудың ебін тауып кетіп жүр.

2004 жылы "Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Қазақстан азаматы өзге елдің азаматтығын алған жағдайда автоматты түрде Қазақстанның азаматтығынан айырылатындығы нақтыланды. Содан бері біз қос азаматтыққа қырын қараймыз.

Өткенде Алматы әуежайында ҚР заңнамасын бұзған Түркияның екі азаматы қолға түсті. Олар бұрын Қазақстан азаматы болған, кейін Түркияның төлқұжатына қол жеткізген. Алайда мұны құзырлы органдарға айтпаған. Сондағы ойлары екі елде емін-еркін жүру тұру болған.

Киев-Алматы, Ыстамбұл-Алматы бағытындағы рейстермен ұшып келген 44 және 36 жастағы Түркия азаматтары ҚР азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 496- бабының 2- тармағы бойынша жауапқа тартылды. Олар айыппұл төлеуге міндеттеліп, ел аумағынан аластатылды.

Айта кетейік, құзырлы органның мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда қос азаматтығы бар 58 адам ұсталған.

Ата заңымыздың 10-шы жә­не "Қазақстан Республикасының аза­­маттығы туралы" заңның 3- бабы бойынша Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтығы бар адамға басқа мем­ле­­кеттің азаматтығын алуға тыйым салынған. Ал Кон­­сти­­туциялық кеңестің 2003 жыл­ғы желтоқсандағы "Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 10 жә­не 12 - баптарын ресми түсіндіру ту­ра­лы" қаулысында: "Қазақстан азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын ала­тын болса, онда "Қазақстан Республикасының аза­мат­тығы туралы" заңның 21- бабына сәй­кес, Қазақстан Республикасының аза­­маттығынан айырылады", – деп жазылған.  

Осыған қатысты ІІМ мемлекеттік тіл және ақ­парат департаментінің директоры Алмас Садубаев: "Қазақстан Рес­­публикасының азаматы болып та­былатын және шет мемлекеттің аза­маттығын қабылдаған адам аза­маттығын ауыстырғаннан кейін 30 күн ішінде өзге елдің азаматығын алғандығы туралы Қа­зақ­стан Республикасының іш­кі іс­тер ор­гандарына немесе Қазақстан Рес­публикасының шет мемлекеттердегі меке­ме­леріне хабарлауы және паспорты мен жеке куә­лі­г­ін тапсыруы тиіс. Осы бап­тың екінші бөлігінде бел­гі­лен­ген мерзімде басқа елдің аз­а­­маттығын алғанын хабарламаса, онда ол Қазақстан Республикасының заң­ына  сәйкес, жауапқа тартылады", – дегенді айтқан.

Дәл осы жерде қосмекенді болуға құмар жандар заңға қайшы әрекеттері үшін  жауапқа тартылатын болса, айылдарын неге жимайды? деген сұрақ туады.  Жан қалтасына Қазақстанмен қатар өзге елдің төлқұжатын салып жүргісі келетіндердің ештеңеден қорықпауына "Қазақстан Республикасының аза­мат­тығы туралы" заңның жұмсақтығы себеп болып тұр. "Әкімшілік құқық бұ­зу­шылық туралы" кодекстің 496-бабын­да: "Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтығынан айы­рыл­ған адам Қазақстан Республикасы аза­матының паспортын немесе жеке куәлігін одан әрі пайдаланса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сол сияқты бел­гіленген мерзім ішінде шет ел аза­мат­тығын алғаны туралы хабарламау – 200 ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерінде айы­ппұл салуға, не Қазақстан Рес­пуб­ли­касының аумағынан тыс жерге шығарып жі­бе­руге апарып соқтырады", – деп көрсетілген. Осыны жақсы білетіндер айыппұлды төлеп тастайды да, тайраңдай береді. Мұның алдын алу үшін "Қазақстан Республикасының аза­­маттығы туралы" заңын бұзған адамдарды Ресей мен Украина сияқты қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Өйткені қосмекенді болғысы келетін адамдар заң бұзған жағдайда Қазақстан азаматы болу құқығынан және мемлекеттік қызметте істеу мүмкіндігінен айырылу қаупінен қорықпайды.

Қос елдің азаматы болғысы келетіндер көп жағдайда материалдық пайда  үшін тәуекелге бел буады. Олар қос азаматтық арқылы ана елдің де, мына елдің де түрлі жеңілдіктерін пайдаланып, зейнетақы мен жәрдемақының майлы жілігін мүжіп отырғысы келеді.

Бипатридтер мақсаттарына жету үшін ең әуелі төлқұжаттарын жоғалтқан болады. Кейін жоғалды деген құжаттарын басқа елдің құзырлы органына тапсырады. Ал өздері Қазақстаннан жаңа құжат алады. Басқа елде жасатқан жалған құжат арқылы сол елге уақытша тіркеуге тұрады, сонан соң азаматтыққа ие болады. Осылайша екі елді де алдап, өтірікпен өмір сүреді.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының көші-қон полициясы Ресей азаматтығын алған 531 адамды Қазақстан азаматтығынан айырды. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының азаматтығын қатар алып жүрген жандардың арасында мемлекеттік қызметкерлер мен лауазымды тұлғалар да болды.

Айтпақшы осыдан 7 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы әділет органдары өкілдерінің тек солтүстік аймақтың тұрғындары үшін қос азаматтықты заңдастыру туралы бастама көтеріп, бүйректен сирақ шығарғандары бар. Абырой болғанда бұл ұсынысқа оң жауап берілген жоқ.  

Әнеу бір жылдары Ресей ғылым академиясына қарасты Еуропа институтының кеңесшісі, Париждегі "Parlink Consulting" компаниясының басқарушы серіктесі, экономист Берлин Иришев те қазақстандықтарға қос азаматтық қажет екендігі туралы мәселе көтерді. Ол жаһанданумен бірге еліміздің ұлттық шекарасы кеңейіп, қазақстандықтар шетелде жұмыс істей бастағанын алға тартып: "Бір елдің азаматтығын қабылдағанда біз автоматты түрде Отанымыздағы азаматтығымыздан айырыламыз. Отанымыздың азаматтығын жоғалту үлкен мәселе тудырып, Қазақстанға және жақындарына бауыр басып қалған жерлестеріміздің болашағына кері әсерін тигізеді. Шетелге кетіп жатқан қазақстандықтардың тасқыны арта түскенін ескерсек, екіжақты азаматтықтың маңызы арта түседі. Қазақстан азаматтығы мен жеке төлқұжатынан айырылғандығына қарамастан, патриот болып қалатын азаматтарынан айырылмауы қажет. Шетелдегі жерлестер еліміз үшін мәдени, интеллектуалды және инвестициялық потенциал. Шетелдік отандастарымыздың арасында тәжірибелі, танымал және талантты тұлғалар көп. Олар еліміздің азаматтығын сақтай отырып, Отанын әлемге әйгілі ете алады", – деді. Қазақстанның мүддесі мен мақсаты үшін бұл бастама да назарға алынған жоқ.

Былтыр Маңғыстау облыстық көші-қон полициясы қосмекенді 79 адамның заңға қайшы әрекетін әшкереледі. Бұлардың барлығы елден шеттетіліп, Қазақстан азаматы деген мәртебемен қош айтысты. Ал Қостанай қаласының екі азаматы қос азаматтық алғаны үшін бюджетке 424 мың 200 теңге төлеуге міндеттелді. Құқық бұзушылар ҚР азаматы бола тұра, Германия федеративті республикасының азаматтығын алған, алайда бұл туралы құзырлы мекемеге мәлімдемеген.

Ұмытпасаңыздар, 2014 жылы елімізде қос азаматтыққа қатысты үлкен шу шықты. Бір басында қос азаматтығы бар адамдар анау-мынау жерде емес, Парламенттің төрінде тайраңдап жүргені анықталды. Біздің заң бойынша, қос азаматтығы бар адамға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынған. Ал халық қалаулысы атанып жүргендер осыны біле тұра, заң шығарушы органда отырып, заңды белден басқан.

Қалай екенін қайдам, сол кезде бұл мәселе тұншықтырылып тасталды. Тіпті халықты алдап жүргендердің кім екенін де білген жоқпыз.

АҚШ-та босану сәнге айналды

Соңғы жылдары АҚШ-та босанатын қазақстандықтардың саны артты. Мұндай қадамға олар 20 мың долларларын қиып барады. Есесіне АҚШ-та туған бала автоматты түрде сол елдің азаматы атанады.

Атап көрсетерлігі, АҚШ-та дүниеге келген отандасымыз елшілік арқылы Қазақстанның да құжатын ала алады. Алайда ата-аналары елшіліктің есігін ашпайды. Өйткені олардың әу бастағы мақсаты басқа болатын.

"Қазақстан Республикасының азаматтығы" туралы заңның 11- бабында: "Бала туған кезде ата-анасының екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады", –  делінген. Ал АҚШ-қа барып босанып жүргендер осы заңды оп-оңай айналып өтіп жүр.

Азаматтық алу үшін некелеседі

Бұл өте тиімді тәсіл. Бүгінгі таңда осы арқылы бизнестің тасын өрге өрлетіп отырған қыз-келіншектер бар. Олар біздің елдің азаматы атанғысы келген шетелдікпен құжат бойынша некелеседі. Құжатқа қол қойылып, мөр басылғаннан кейін келіскен ақшасын алады да тайып тұрады. Жалпақ тілмен айтқанда біреуге жалған жар болып, табыс табады. Ел арасында бұл тәсілге көбінесе қытайлықтар жүгінеді деген алыпқашпа сөз бар. Бұл сөздің қаншалықты рас екенін нақты айта алмаймыз.

Қазақстан Республикасының азаматымен кемінде үш жыл некеде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өзінің жары, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын тұлғаның жеке куәлігін, неке туралы куәліктің көшірмесін, бұрынғы азаматтығын тоқтату туралы анықтаманы өткізу арқылы Қазақстанның азаматтығын ала алады.

"Қазақстан Республикасының аза­мат­тығы туралы" заңның 7- бабында: "ҚР азаматының немесе азаматшасының республика азаматы емес адаммен некеге тұруы, сондай-ақ мұндай некені бұзуы азаматтықтың өзгеруіне әкеп соқтырмайды" деп жазылған. Бұл шетел азаматы қазақстандықпен ажырасқан жағдайда азаматтығынан айырылмайды дегенді білдіреді.

Қосмекенділерден корқу керек

Иә, бір басында екі азаматтығы бар адамдардан қорқу керек. Өйткені мұндайлар "тарысы піскеннің тауығы" болудан тайынбайды. Себебі олардың Қазақстан үшін жаны ашымайды. Керек десеңіз бипатридттер Қазақстанды қорғауға да дайын емес. Олардың кез келген уақытта басқа елдің сойылын соғып, сөзін сөйлеп кетуі де ғажап емес. Өйткені қазіргі бипатридтердің басым бөлігін шенділер мен шекпенділер, байлар мен өзге ұлт өкілдері құрайды. Ал олардың ортақ Отанымыз үшін басы ауырып, балтыры сыздамайды.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу