Бір басында үш несиесі бар қазақстандық өзін банкрот деп жарияламақ

Миллиондаған қазақстандықтар күтіп отырған заң қашан қабылданады? 

Бір басында үш несиесі бар қазақстандық өзін банкрот деп жарияламақ

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Бауыржан Қожахметовтың бір басында үш несиесі бар. Inbusiness.kz тілшісімен тілдескен ол жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылдануын күтіп жүргенін жеткізді. 

Кейіпкеріміз базарда сауда жасайды. 7 және 11 жастағы екі баласы бар. Соңғы жылдары алған үш несиесін уақытылы төлеуге тырысып келеді. 

"Бірақ баяғы сол бітпейтін қаржы жетіспеушілігі "қысып" барады. Бірінші несиемді микро-қаржы ұйымынан алдым. Ақшаны саудаға салдым. Бірақ қайта шығара алмадым. Оны кешіктірмей уақытылы төлеп жүрмін. Келесілерін банктен алдым, бірақ кешіктіріп төлеймін. Банк жеңілдік жасап, төлем сомасын азайтып берген. Сонда да төлемге келгенде ақша жетпей қалады", – дейді Бауыржан Қожахметов.

Бірақ ол талқыланып жатқан норманың салдары туралы бейхабар болып шықты. Әйтсе де бұл бір күнде сарапталып, келесі күні қабылдана қоятын заң емес. Себебі елімізде 6,5 млн-ға жуық қазақстандық "қарызға" өмір сүреді. Борышкерлердің саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр "қайтарамын", деп қарыз алғандар саны 28,4%-ға өсті. 

Жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу, яғни қарызды төлей алмаса, оны заңды түрде "кешіру" идеясы 10 жылдан бері талқыланып келеді. 2014 жылдың тамызында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін әзірлеуді тапсырған болатын.

Жеке тұлғалардың банкроттық институтын енгізуге негізделген "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы" заң жобасын 2016 жылы Үкіметтің жоспарына енгізу қарастырылған. 2017 жылы "банкроттық" түсінігі "төлем қабілетін қалпына келтіру" деген тіркеске алмастырылды. 

Арада төрт жыл өткеннен кейін 2022 жылдың қаңтарында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына арналған кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды әзірлеуді тапсырды. Содан бері заңның тұжырымдамасы әзірленіп, талқыланып келеді. 

"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев жобаның мемлекетке де пайдасы бар екенін айтады. 

"Қазіргі кезде елімізде шамамен 7 млн-ға таяу адамның несиелері бар. Олардың 3%-ы, яғни 200 мың адам қарызын қайтара алмай келеді. Бірі жұмысынан айрылса, бірі мүмкіншіліктерін дұрыс есептемей, тым көп қарыз алған, кейбірінің өмірінде келеңсіз жағдайлар орын алған. Ондай "қарызға батқан" адамдардың берешегі ешқайда жоғалып кетпейді, үстіне тек пайыздары қосылып, өсімпұлдары арта береді, қарызды қайтарудың басқа тәсілдерін қолданады, банк немесе коллекторлардың назарында болады. Ал егер адам банкрот болса, онда қарыздың бір бөлігі кешіріледі, мүлкінен айырғанның өзінде егер мүлігінің құны қарыз сомасынан аз болса да, қалған қарызы кешіріледі", – деп түсіндірді сарапшы. 

Алайда борышкерлер мұны дұрыс түсінуі керек. Қарыз кешіріледі деп өзін банкрот жариялаудың салдары ауыр.

"Банкрот болдым, несием кешірілді деп, қайтадан кредит алуына мүмкіншілік болмайды. Банкрот болған адам 5 жыл ішінде ешқандай несие ала алмайды, 3 жылдың ішінде шетелге бара алмайды, банкроттардың тізімінде болған адамдар арнайы базаларда көрініп тұрады. Жұмысқа тұру кезінде қиыншылықтар тууы мүмкін. Банк түгіл, шағын несие ұйымдары мен ломбардтар да қарыз бермейді және тағы басқа салдары болады. 5 жыл өткеннің өзінде бір банкрот болған адамға банк қайта несие беруі екіталай. Сондықтан банктроттыққа жүгіну – бұл басқа амалы жоқ адамдардың жолы ғана. Егер несиені кейінге шегеріп, мерзімін ұзартып, банкпен келісіп, несие шарттарын қайта қарап, бірақ түбі сол несиені қайтаратын қандай да болмасын мүмкіндік туса, оны пайдалану керек. Банкроттыққа басқа еш амалы қалмаған адамдар ғана баруы қажет", – дейді қаржы сарапшысы. 

Мұрат Қастаевтың пікірінше, заң қабылданбаса несиелерін қайтара алмай жүрген адамдар өздерінің жалақылары мен табыстарын жасыра бастайды, айлықты қолма-қол ақшамен беруді сұрайды, себебі ресми түрде жалақының бір бөлігін коллекторлар немесе сот орындаушылары мәжбүрлеп ұстап қалады.

"Ал борышкердің қарызын жасыруы – табысынан салықтар мен зейнетақы, әлеуметтік төлемдер төленбейді деген сөз. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс азаяды. Сондықтан банкроттыққа ұшыраған адамдар ешкімнен тығылмай, табысын жасырмай, өзінің қаржылық өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік алады. Алайда жоғарыда айтылғандай, мұны несиені қайтармаудың бір тәсілі деп түсінбеген жөн", – деп түйіндеді сарапшы. 

Соңғы мәліметтерге сүйенсек қарызын төлеу мерзімі өтіп кеткен кредиттердің үлесі, жалпы несие қоржынының 3,48%-ын құрайды, қаржылай алғанда 706,4 млрд теңге. Бұл жалпы төмен көрсеткіш болғанымен, соңғы 12 айда қарқынды өсіп келеді. Оған көптеген себептермен қатар банкроттық туралы заңның қабылданатын естіп, соған ілігуді де ойлайтын қазақстандықтар да ықпалы болуы мүмкін. Өйткені бұл заң туралы толық ақпарат аз әрі елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі де төмен. 

Айта кететін жайт, аталған заң қабылдаса, өзін банкрот деп жариялағандар міндетті түрде қаржылық сауаттылық курсынан өтеді. Ал заңның өзі 2023 жылы бірақ қабылдануы мүмкін. Қазіргі кезде ол Мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің қарауында.

БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сүйенсек, комитет ол туралы түйінсөзді 2023 жылдың 26 сәуірінде айтпақ. Оған дейін Бауыржан Қожахметов сынды мыңдаған қазақстандықтардың күтуіне тура келеді.  

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу