Бір орталық 525 түрлі қызмет көрсетеді

3281

Бұған дейін мұны 90 мемлекеттік орган атқарған.  

Бір орталық 525 түрлі қызмет көрсетеді

"Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасады. Бағдарламаның тұжырымдамасын жасау үшін жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте айтылды.

Бағдарлама шеңберінде кепілдендіру үшін несие көлемін ұлғайту жолымен кепіл бойынша жүктемені азайту, микроқаржылық ұйымдарды тарту, айналым қаражатын несиелеу үлесін арттыру, кәсіпкерлердің тиімді жобаларына қойылатын талапты күшейту шаралары көзделген.

Айта кетейік, "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында күні бүгінге дейін 13 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің сөзінше, палата "бір терезе" қағидаты арқылы бизнеске қажетті қызметтің барлық түрін бір орталыққа топтастыруды көздеп отыр.

"Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында "бір терезе" қағидатына сүйенген абзал. Осы мақсатта мемлекеттік органдар мен басқа да мекемелердің бизнеске қажетті қызмет түрлерін бір орталыққа жинақтауды көздеп отырмыз. Осылайша, кәсіпкерлер 90 мемлекеттік орган ұсынатын 525 мемлекеттік қызмет түрін бір орталықтан ала алады", – деді Эльдар Жұмағазиев.

Басқарма төрағасы орынбасарының мәлімдеуінше, қызметтің барлық түрі онлайн түрде Atameken Services порталында сонымен қатар офлайн жағдайда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында қолжетімді болады.

Біле жүріңіз, "Атамекен" ҰКП 2015 жылдан бастап "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының төртінші бағыты бойынша оператор болып саналады. Бүгінгі таңда 6 бағыт бойынша кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау көрсетіледі. Атап айтар болсақ, қолданыстағы бизнесті сервистік қолдау, шағын шаһарлардағы және облыс орталықтарында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық қолдау, "Бизнес-мектеп" жобасы, "Іскерлік байланыс" жобасы, "Аға сенъорлар" жобасы және "Бизнес насихат" жобасы.

2018 жылдың маусым айынан бастап қаржылық емес қолдау онлайн түрде "Atameken Services" порталы арқылы жүргізіліп жатыр. Аталмыш онлайн-платформа мамандардан кеңес алуға, жоғарыда аталған компоненттерге қатысуға түсетін өтінім санын бақылауға және тез әрі сапалы қызмет алуға мүмкіндік береді.

2019 жылдың наурызынан бастап "Бизнес кеңесші" бағдарламасы аясында онлайн-оқу өткізіліп жатыр. Кәсіп ашуға ниетті кез келген қатысушы оқу материалдарын видео арқылы қарап, кейін тест тапсырып, оқығаны жөнінде сертификат ала алады. Бұл бағдарлама бойынша осы уақытқа дейін 900-ден астам кәсіпкерге сертификат берілді.

"Атамекен" ұсынатын барлық қызмет түрлерін одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Маусым айынан бастап "Іскерлік байланыс" бағдарламасы қолға алынды. Ал "Аға сенъорлар" жобасы шеңберінде отандық кәсіпорындарға 64 шетелдік сарапшы шақыру жоспарланған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу