Біраз мектептің дәстүрлі оқытуға дайындығы нашар

3498

Бір күннен кейін елде 7 475 мемлекеттік және 298 жекеменшік мектеп оқушыларға есігін айқара ашуы керек. Оларға жалпы саны 3,6 млн бала барады, деп жазады Inbusiness.kz.

Біраз мектептің дәстүрлі оқытуға дайындығы нашар

Жаңа ашылған мектептерде оқулық жоқ

Әйткенмен, мессенджерлердегі ата-аналардың чаттарын дүбірге бөлеген мәселелер білім ордаларының дайындығы лайықты дәрежеде еместігін аңғартады. Түйткілдердің бір тобы шағым хаттармен бірге Білім және ғылым министрлігіне тасқындауда.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Нұр-Сұлтандағы А.Храпатый көшесінде жаңа, №91 мектеп қолданысқа берілген болатын. Елорда тұрғыны Еркін Жақсыбеков осы ауданда тұратын өзге тұрғындар қатарлы балаларының құжаттарын соған апарған. Алайда мектеп басшылығының айтқанын естіп, шалқасынан түсе жаздапты.

"Үй жанынан мектеп ашылғанына қатты қуандым. Балаларым қаладағы өзге мектептерге қатынап оқитын. Оларды дереу осыған ауыстырдым. Бірақ жаңа мектепте оқулық жоқ болып шықты. Енді мектеп әкімшілігі ата-аналардан бұрынғы мектептеріне жүгініп, жаңа оқу жылына арналған оқулықтарды солардан алуға тырысуды өтінді. Мұнда ешқандай қисын жоқ. Өйткені балаларымыз бұрын барған мектептерге біздің енді ешқандай қатысымыз жоқ. Құжаттарымыздың бәрін алып кеткенбіз. Олар сонда бөгде біреулердің "қайтарам" деген жай сөзіне сеніп, оқулық бере ме? Кейбір ата-ана сол "ақылды" тыңдап, ескі мектептеріне барыпты. Әрине, олар өзінде оқымайтын оқушыларға оқулық беруден бас тартқан. Нұр-Сұлтанның өзінде осындай түсініксіз жағдай қалыптасуда", – дейді ата-ана.

Ал Оралда одан да сорақы жағдай болғалы тұрғандай. Оқиға қаладағы №20 мектептің айналасында өрбіп жатыр.

"Біз, №20 мектеп оқушыларының ата-аналары, биліктен мәселемізге назар аударуды сұраймыз. Біздің ойымызша, мұнда бір бассыздық, балалар денсаулығына жауапсыздық орнаған. Мектеп басшылығы ата-аналармен ақылдаспай, мектепте орын-жайларға жүктемені жеңілдету үшін бастауыш сыныптарды М.Өтемісов атындағы облыстық санаторийлік мектеп-интернат ғимаратына көшіруге шешім қабылдады. Ол ғимаратта бұған дейін түберкүлезбен ауыратын және реабилитациядан өтуші балалар емделіп, оқыды. Біз, ата-аналар, осы ақпаратты біле сала, ұжымдық түрде шағым айтып, мектеп әкімшілігіне жүгіндік. Балаларымызды ол ғимаратқа ауыстыруға үзілді-кесілді қарсылық білдірдік. Бұл оқушылардың да, мұғалімдердің де денсаулығы үшін қауіпті", – дейді оқушының анасы Марина Железнова.

Ата-аналар пандемия кезінде үйде отырған балалардың иммунитеті әлсірегенін, демек, 2–3 ай бұрын ғана оқшауланған сырқат балалар тұрған ғимаратқа жіберіп, сау балалардың басын бәйгеге тігуге болмайтынын айтады.

Үш ауысымнан ата-аналар ығыр болды

Мектеп директоры жұртшылықты тыныштандыруға тырысқан, ол санаторийлік интернатта дерті жұқпалы, қауіпті емес балалар оқығанын хабарлады. Ал №20 мектеп болса, оқушыға лық толы, үш ауысыммен оқиды. Пандемия жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға жарай бермейді.

Ата-аналардың бір бөлігі ол ғимараттың қауіпсіз екеніне сенбейді.

"Онда неге ол балалар оқшауландырылды. Қауіпсіз болса, неге санаторийлік мектеп қызметкерлері кәсіби зияндылық үшін жалақысына үстемеақы алды? Неге тұрақты түрде тексеруден, флюрографиядан өтіп тұрды? Ғимарат қабырғалары Кох таяқшасына, қоздырғыштарға толып тұрмасына кім кепіл? Балалар ауырып қалса, ешкім де жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Сұрақ көп, жауап жоқ. Директор ата-аналармен жиналыс кезінде санаторийлік мектепте жөндеу жүргізілетінін айтты. Бірақ ол косметикалық жөндеу болады және қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Жүздеген ата-ана жаңа оқу жылында балаларын сол мектеп-интернатқа жіберуге қарсы", – дейді олар.

Туберкүлезге душар болған балалар оқыған санаторийлік интернат шәкірттердің санының азаюына байланысты жабылған екен. Оның ғимаратын іргедегі мектептің бастауыш сынып оқушыларын оқытуға пайдалану бастамасына қалалық білім бөлімі қарсы болмаған. Бұл шешімге 2 мыңнан астам шәкірт оқитын №20 мектептің шектен тыс жүктелуі себеп болған көрінеді.

Орал қаласының білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың мәліметінше, бұрынғы санаторийлік мектеп-интернат ғимаратының жай-күйі жақсы, онда ағымдағы жөндеу жасалып, дезинфекциялау шаралары жүргізіледі. Онда негізінен, Орал қаласының Зачаган кентінің балалары оқиды. Кент әкімі мектепке апаратын жолды жөндеуге және автобус аялдамасын жабдықтауға уәде етіпті.

Бұған кейбір ата-ана қарсы емес. Олар баласының үшінші ауысымда, қас қарайғанша оқығанын қаламайды және оның орнына бос ғимаратта оқығанын тәуір көреді. 

Сыныпты бөліп оқыту қалай өтпек?

Аузы-мұрнынан шыға толған мектептер Нұр-Сұлтанда да жетерлік. Мысалы, елордалық №30 мектеп-гимназияда былтыр 4 бірінші сынып болса, биыл 7-еуге жеткен. Ал БҒМ әр сыныпқа бекітілген өз бөлмесі болуы керек деп талап етіп отыр: оқушылар сол бөлмесінен шықпауы керек. Жарты ғасыр бұрын тұрғызылған ескі ғимаратта сонша бөлме жоқ.

Қарағандылық мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Евгения Леонтьева басқа бір мәселені көтерді: БҒМ-ның карантин шаралары аясында оқушысы көп сыныптарды екіге бөлу тапсырмасын қалай орындауға болатыны түсініксіз.

"Қазақ, ағылшын, информатика сабақтарын өткізу кезінде сыныптарды топ-топқа бөлетінбіз, енді ол қалай жүрмек? Пандемияға дейін егер сыныпта 24 оқушы болса, сынып осы пәндер бойынша 2 топқа бөлінетін. Ал 23 оқушысы бар сыныптар бөлінбейді. Тиісінше, мұндағы айырмашылық айтарлықтай болады: мұғалім үшін әрине, 12 баланы оқыту оңай, 23 баланы оқыту күрделі. Мысалы, мектепте 15 компьютер болса, информатика сабағында кем дегенде 8 бала бір компьютерде екеуден отыруға мәжбүр болады, онда әлеуметтік қашықтықты сақтамайды", – дейді ол.

Білім және ғылым министрлігінің түсіндіруінше, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес, сыныпты екі топқа бөлу қалаларда сыныпта білім алушылар саны 24 және одан артық, ал ауылда білім алушылар саны 20 және одан артық болғанда: 1) оқыту орыс тілінде жүргізілетін сыныптарда қазақ тілі және әдебиеті; 2) оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптарда орыс тілі және әдебиеті; 3) шетел тілі; 4) көркем еңбек; 5) информатика бойынша жүргізіледі.

БҒМ-ның бұл талабын қалай орындайтынын әр мектеп өз бетінше шешуде. Ал дене шынықтыру пәні далада, таза ауада жүргізілуі қажет. Балалар тек асханада және дене шынықтыру сабағында маска тақпайды. Басқасының бәрінде бетпердемен жүруге тиіс болады.

Ата-аналар бүріккіш-дезинфекторларға қарсы

Министрліктің дерегінше, барлық білім беру ұйымы Ashyq жүйесіне қосылған. Медициналық қарсылығы (медотвод) барынан басқа педагогтердің және техникалық персоналдың 99%-ы вакцинацияланған. Әлі күнге екпе еккізбегендері мектепке кіру үшін апта сайын ПТР-тест тапсырып тұрады. Егер ата-аналар жиналысқа қатысу, мұғалім не директормен кездесу үшін мектепке кіргісі келсе, Ashyq арқылы өтеді.

"Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин өз сұхбатында балалардың оффлайн оқытуға қалай шығатынын түсіндірді. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі мектептердің есігі алдына, дәретханаларда, асханаларда әртүрлі бүріккіш-дезинфекторлар орнатуды жоспарлауда. Мен ондай "распылительдер" орнатуға қарсымын. Олар балалардың денсаулығына зиянды. Қазір балалардың көбінің аллергиясы бар. Бұл оны тіптен қоздырып жіберуі мүмкін. Оның үстіне қоғамдық орындарды дезинфекциялау вирусты тоқтата алмады. Демек, мектептердегі бүріккіш-дезинфекторлар да жағдайды оңалта алмайды. Керісінше, жас ұрпақтың саулығына залалы тиеді. Егер бүріккіштер орнату идеясынан бас тартпаса, біз баламызды мектепке жібермейміз!", – дейді оқушының анасы Айсұлу Тойғанбаева. 

Мысалы, былтыр елордадағы Парламент ғимараттарының кіреберісінде қуатты дезинфекциялық бокс орнатылды: ішке енгісі келетіндер алдымен соның ішіне кіріп, бастан-аяқ дезинфекциялық заттың буымен үсті-басын өңдеуден өткізуі міндет. Алайда бұл шара заң шығарушы биліктегі індеттің таралуын тоқтата алмады. Депутаттардың және олардың көмекшілерінің көбісі коронавируспен ауырып шықты.

Әрине, мектептерде мұндай қуатты құрылғылар жоқ. Былтырғыдай дезинфекциялық дәліздер де қарастырылмаған. Тек мектеп ішінде қолға антисептик бүркетін жабдықтар орнатылуда. Бөлмелерді тазалап жуудың, кварцтеудің және жиі-жиі желдетіп отырудың өзі вирустың алдын алуға біршама ықпал етері даусыз.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу