Бірқатар қазақстандықтар үшін медсақтандыру жарнасы 5 есе өскелі тұр

7300

Мемлекеттің ауруханалар мен емханалар алдындағы қарызы 200 миллиард теңгеден асты.

Бірқатар қазақстандықтар үшін медсақтандыру жарнасы 5 есе өскелі тұр Фото: canva.com

Қазақстандықтар, көптеген сарапшы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінен бас тартуды талап етіп келеді.

Оған себеп көп. Біріншіден, соның кесірінен медицина жаппай ақылы ақылы болды. Өйткені Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) міндетті жарналар мен аударымдарды ай сайын төлеп тұрмаса, ең құрығанда бір ай кешіктірсе, медициналық көмек көрсетілмей қояды.

Тіпті уақытылы аударып тұрған, алайда ұзақ еңбек демалысына кеткен адамдарды "медсақтандырылған" мәртебесінен айырудың сорақы деректері әшкере болуда.

Екіншіден, сарапшылар талмай айтып жүргендей, бұл жүйе әділетсіздікке құрылған. Елімізде жалақының аздығынан азаматтарға бірнеше жерде жұмыс істеуге тура келеді. Билік қазақстандықтарды барлық жұмыс орны мен табысынан ӘМСҚ-ке жарналар мен аударымдар төлеуге мәжбүрлейді.

Әділетті Қазақстанда медициналық сақтандырудан бас тартпаса, ең құрығанда, "бір адам – бір жарна" қағидатын ұстану туралы ұсыныстарға да Үкімет құлақ асар емес. Салдарынан, медициналық сақтандыру жүйесіне жүгінбейтін, ақылы клиникалар қызметін ғана тұтынатын адам да қорға өзі үшін бірнеше рет алым төлеуге мәжбүр.

Саланың былыққа батқанына, халық пен әділдіктен алыстығына, ӘМСҚ қорының жүйені тиімді басқара алмай отырғанына билік те назар аударыпты. Алайда оны жою орнына, проблемаларды сылтау етіп, кәсіпкерлерге түсетін ауыртпалықты арттыруға ниетті.  

"Міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің негізгі тұжырымдамасы – халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру болып еді. Алайда бүгінгі таңда медициналық көмек халыққа қолжетімсіз болып қалды. Мұның басты себептерінің бірі – қаржыландырудың әртүрлі көздерінен түсетін қаржы ресурстарын тиімді басқара алмау болып табылады", – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің талдауында.

Ведомство медсақтандырылған азаматтардың лайықты медкөмек ала алмауына кінәлілерді атады.

Біріншісі – мемлекеттің өзі айыпты екен. Себебі, "ТМККК және МӘМС бойынша мемлекет өз міндеттемелерін толық орындамайды". Салдарынан, қаржыландырудың жеткіліксіздігі проблемасы туындады.

Екіншісі – Үкіметтің МӘМС бойынша жарналар мен аударымдардың ставкасын төмен белгілеуі аталды. Бұл ретте министрлік Еуропа елдерін үлгіге ұсынып отыр. Мысалы, Словакия тұрғындары бүкіл табысының – 14%-ын, Францияда – 13,5%-ын, Польша мен Молдовада – 9%-ын медсақтандыруға беретін көрінеді.

Сонымен бірге Ажар Ғинияттың командасы әлемдегі көптеген мемлекетте, соның ішінде дамыған елдерде медицина тегін екенін жасырып қалғандай. Мысалы, Данияда оның барлық азаматтары үшін тегін медицина бекітілген. Оның шығынын мемлекет салық есебінен өзі өтейді. Еуропаның біраз елінде медсақтандыру 3% айналасында. Азия елдері ерікті медсақтандыруды таңдаған.

Үшіншіден, ДСМ медсақтандыру қорына жарна мен аударымдар аудармайтын қазақстандықтарға айып тақты. 3 миллионнан астам тұрғын МӘМС жүйесінен тыс қалыпты, яғни сақтандырылмаған.

Денсаумині осының кесірінен медицинаға қаржы жетпей жатқанын хабарлады. Кепілдендірілген тегін медкөмек пен МӘМС бойынша мемлекеттің медициналық ұйымдар алдындағы қарызы бүгінде 226 миллиард теңгеге жеткені белгілі болды.

"Болашақта медициналық шығыстар қордың түсімдерінен асып кетеді деп болжануда. Мәселен, 2030 жылдың соңына қарай шығыстар түсімдерден жыл сайын 426,3 миллиард теңге мөлшерінде асып түседі деген болжам бар. ТМККК және МӘМС шығыстарының ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 2022 жылғы 2,4%-дан 2026 жылға қарай 2,1%-ға дейін төмендейді", – деп хабарлады министрлік.

Ranking агенттігінің сарапшылары денсаулық сақтауға шығындалатын қаражаттар ауқымының адам сенбестей алапат көлемде артып бара жатқанына назар аудартады. Тарата айтқанда, мемлекет өткен ғасыр соңында, 2000 жылы республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға небәрі 7,6 миллиард теңге ғана жұмсапты.  

2004 жылы бұл сома 3,8 есеге өсіп, 29,2 миллиард теңгені құрады.

Он жыл өткенде, 2014 жылы денсаулық сақтау шығыстары бірден 22,7 есеге ұлғайып, 663,8 миллиард теңгеге жетті. Бұл серпінге сол тұста Үкіметтің денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуы, "100 аурухана" бағдарламасын жүзеге асыра бастауы түрткі болды.

Арада тағы он жыл өткенде, 2024 жылы кепілдендірілген тегін медкөмек (ТМККК) мен МӘМС бойынша, яғни қос қаржыландыру қайнарынан медициналық қызметтерді сатып алуға 2,8 триллион теңгеден астам қаражат шығындалмақ. Оның ішінде МӘМС бойынша шығындар – 1,2 трлн теңгеден асады. Қалғаны – бюджеттік шығыстар.

Яғни, денсаулық сақтауға бағытталатын шығыстар 2004 жылмен салыстырғанда, небары 20 жылда 95,8 есеге (!), 29,2 миллиардтан 2,8 триллион теңгеге дейін артып шыға келді. Осының өзін сала шенеуніктері азсынуда.

Өкінішке қарай, осы 20 жылда қазақстандықтарды медициналық қызметпен қамту сапасы мен көлемі 95 есеге артқан жоқ, керісінше, сапа құлдырап кетті. Оны министрлік те мойындап отыр.

Оның үстіне бұл шығындар алда тек арта бермек. Мысалы, 2023 жылы медсақтандыру қоры медұйымдардың қызметтерін сатып алуға 2,5 триллион теңге шығындаған. Яғни, биыл шығыны тағы 12%-ға өседі.

Ақшаның көптігі сонша, ӘМСҚ қоры ақпарат құралдары мен қоғамға таратқан мәліметтерінде мың, миллион теңге түгіл, миллиардтарды да айтуға ауыз ауыртпайды. Қордың сайтындағы барлық жаңалықтарда "триллион теңге" деген термин қолданылады.

Денсауминінің мәліметінше, болжам бойынша 2023–2026 жылдары аталған қорға тағы 7,3 триллион теңге түседі. Бұл қаржы қазақстандықтардан, бизнестен және мемлекеттен алынады.

Мұны аз көрген Денсаулық сақтау ведомствосы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірледі. Ол қолданыстағы "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңына түзетулер енгізеді.

Онда жұмыс істеп, жалақы алатын азаматтар, микро және шағын бизнес үшін ӘМСҚ-ке аударылатын жарналар көлемін 5 есеге арттыру ұсынылған. Бұл заң қабылданса, онда жарты миллионнан астам адамның шығыны күрт артады. Олардың отбасы мүшелерін қоса есептесек, бұл жаңалық қатысты болатын адамдардың саны бірнеше миллионға жетпек.

Бұған шенеуніктер медсақтандыру жарналары мен аударымдарын есептеуге арналған шекті базаның жоғарғы межесін көтеру арқылы қол жеткізгелі тұр.

"Келесі 2025 жылдан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінде белгілеу – жыл сайын жалдамалы жұмыскерлердің жалпы санының 9%-ын құрайды және 502 мың адамға қатысты болады. Бұл жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосымша 243 миллиард теңге түсімдер түседі. Бұл саланы жеткіліксіз қаржыландыру мәселесін шешеді", – деп сендірді Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары.

Қазіргі кезде жарналар мен аударымдарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегі ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Осылайша, халық пен бизнеске жүктеме бірден 5 есеге артады.

Тек ресми есептемелер бойынша ғана жоғарғы шекті 50 ЕТЖ-ға дейін арттыру салдарынан, жұмыс берушілер мен бизнес 2025 жылы болжамды түрде 137 миллиард 624,9 миллион теңге шығын шегеді.

Ал 5 жыл ішіндегі шығыны 699 миллиард 814,1 миллион теңгеге жетеді.

Әлеуметтік медсақтандыру қоры өз түсініктемесінде бұл ұсынысты Үкімет жанындағы Экономикалық саясат кеңесі мақұлдап та қойғанын мәлім етті. Халық пен бизнестің соңғы үміті – Парламентте.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу