Бірқатар өңірде көлеңкелі экономиканың деңгейі жоғары – Әлихан Смайылов

775

2030 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнес үлесі 40%-дан асуы керек. 

Бірқатар өңірде көлеңкелі экономиканың деңгейі жоғары – Әлихан Смайылов Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Биылғы 5 айдың өзінде жалпы құны шамамен 440 млрд теңгені құрайтын 6 мыңнан астам жобаға субсидия бөлінді. Тағы 144 млрд теңгеге 4 мыңнан астам жобаға кепілдік берілді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 33%-дан 36,5%-ға дейін өсті" - деді ол Үкімет отырысында.

Премьер-Министр бұл қарқынды сақтау қажеттігін баса айтты.

"Кейінгі екі жылда 4 облыста шағын және орта бизнесте жұмыспен қамту қарқыны бәсеңдеп отыр. Бұл – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары. Осы өңірлердің әлеуеті шағын және орта бизнесті дамытуға, ондағы жұмыспен қамтылғандар санын көбейтуге толық жетеді. Сондай-ақ бірқатар өңірлерде көлеңкелі экономиканың деңгейі жоғары болып отыр. Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары", - деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, көлеңкелі экономиканы азайту бойынша шараларды күшейту қажет.

"Тиісті кешенді жоспар бар, ол нақты орындалуы керек. Сонда ғана біз осы бағытта жүргізілген жұмыстың нәтижесін көретін боламыз. Бүгінде әлемдік экономикадағы күрделі ахуал біздегі ішкі нарыққа да әсерін тигізіп отыр. Бұл еліміздің алдында жаңа мүмкіндіктер ашады", - деді ол.

Үкімет басшысы бизнес негізінен ірі қалаларда шоғырланғанын тілге тиек етіп, моноқалалар мен шағын елдімекендерде бизнестің дамуына жағдай жасап, мүмкіндіктерін кеңейту қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу