Бірыңғай жиынтық төлемнің жүкті әйелдерге артықшылығы көп

13937

Енгізілетін бірыңғай жиынтық төлем жүктілік және босануға байланысты декреттік демалысқа шыққан әйелдерге берілетін төлемді екі есе өсіруге мүмкіндік береді.

Бірыңғай жиынтық төлемнің жүкті әйелдерге артықшылығы көп

Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) бір жыл бойы төлеу – декреттік демалысқа шыққан әйелдердің қалтасына қомақты ақша әкеледі. Басқаша айтар болсақ, төлемдер ресми жұмыс істемейтін азаматтармен салыстырғанда екі есе немесе 300 мың теңгеге өсуі мүмкін. Бұл туралы abctv.kz-тің ресми сауалына жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтты.

Нақтырақ айтсақ, өзінің мәртебесін БЖТ арқылы заңдастыратын адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қызметіне қол жеткізе алады. Жүктілік және босануға қатысты декреттік төлемдер осы жерден қаржыландырылады. Қазір жұмыссыздар мемлекеттен бір жылға дейін төлем мен жәрдемақы алады. Ал жасырын кірісі барлар өзін ресми түрде заңдастыратын болса, онда ол МӘСҚ-дан төлем ала алады.

БЖТ құрылымындағы МӘСҚ-ға төленетін жарна айына 505 теңге немесе келесі жылдан бастап жылына 6,06 мың теңге. Осыған сәйкес, 12 ай БЖТ-ға төлем жасаған сақтандырылған адам декретке шыққанда 124,7 мың теңге көлемінде төлем алуы мүмкін.

Сондай-ақ жұмыссыз азаматтар санатына қарағанда бір жылға дейінгі бала күтіміне төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері де өсетін болады. БЖТ-ға төлем жасайтындар үшін оның көлемі 2019 жылы 16,16 мың теңге немесе жылына 193,9 мың теңге. Ал жұмыссыздар үшін 2018-20119 жылдары жәрдемақы мөлшері 13,85 мың және сәйкесінше 14,54 мың теңге.

"Осылайша, бір жылда 6,06 мың теңге көлемінде әлеуметтік аударым жасағанда, ана және бала күтіміне байланысты МӘСҚ-дан төленетін төлем шамамен 320 мың теңге болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі БЖТ-ға қатысуының артықшылығын осыдан көруге болады", – деп жазылған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауабында.

Вице-министр Светлана Жақыпованың abctv.kz-ке берген түсініктемесінде әлеуметтік төлемдердің мөлшері ең аз жалақының өсуімен байланысты есептелетінін айтты. Биылғы жылдың 10 айында босанған 300 мың әйелдің шамамен 160 мыңы жүктілік және босану бойынша төлем алады. Яғни босанған әйелдердің шамамен 140 мыңы жұмыссыз болған. Егер бұл сандар мен әйелдердің БЖТ-ға толық көшу әлеуетін экстраполяциялайтын болсақ, онда қосымша төлемдер сомасы 45 млрд теңгеге өсуі мүмкін.

Еске салар болсақ, МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем жұмыс істеу қабілеті мен асыраушысынан айрылғанда, жүктілік және босанғанда, жаңа туған баланы асырап алғанда және бала күтімімен бір жылға дейін отырғанда төленеді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, БЖТ төлеушілер басқа жұмыскерлер сияқты осы төлемдерді алуға құқы болады.

БЖТ-ны төлеу 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады деп жоспарланып отыр. Қала тұрғындары үшін оның көлемі айына 1 АЕК (2019 жылы 2525 теңге), ал ауыл тұрғындары үшін айына 0,5 АЕК (2019 жылы 1263 теңге). Еңбек министрлігі осыған дейін хабарлағандай, бірыңғай жиынтық төлем 10% (түскен қаражаттан) табыс салығы, БЖЗҚ-ға төленетін 30% аударым, МӘМС жүйесіне 40% жарна төлеу, МӘСҚ-ға 20% аударым жасауды қарастырады.

Жалпы ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметі бойынша 2018 жылдың III тоқсанында 15 жас және одан жоғары жастағы экономикалық белсенді халық саны 9 млн адам болған. Оның 49%-ы немесе 4,4 млн-ы әйелдер. Әйелдер жұмыссыздығы деңгейі 5,4% немесе 243,1 мың адамды құраған. Жұмыс істейтіндер құрылымында әйелдердің үлесі артып келеді, жалданып жұмыс істейтін әйелдер саны 78% немесе 3,2 млн.

"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында халықтың нәтижелі жұмыспен қамтылуына және азаматтарды, оның ішінде әйелдерді де кәсіпкерлікке тартуға көмектесу жұмысы жүргізіліп жатыр. Егер әйелдердің бағдарламаға қатысуына жеке тоқталатын болсақ, 2018 жылдың 1 қарашасында бағдарлама қатысушы әйелдер саны 259 мың болған, жалпы қатысушылар санындағы әйелдердің үлесі 44% болды.

Сонымен қатар жұмыспен қамту орталықтары да тұрақты жұмысқа орналастыруға атсалысып жатыр. 2018 жылдың 1 қарашасында 156 мың әйел жұмысқа орналастырылған, бұл бағдарлама аясында жұмысқа орналастырылғандардың жалпы санының 33,8%-ын құрайды. Сондай-ақ халыққа жеңілдетілген шағын несие беру арқылы кәсіпкерлік бастаманы қолдау жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде өз ісін бастағысы келетін әйелдерге де несие берілуде. 2018 жылдың 1 қарашасындағы көрсеткіш бойынша 1563 әйел шағын несие алған, оның 944-і немесе 60%-ы өз ісін ашқан.

Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу