Қазақстан классикалық модельге көшуді жоспарлауда. Онда 11 алқаби судьяның қатысуынсыз, шешімді өздері қабылдайды.
Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі алқабилер сотының "екінші тынысын" ашқандай: қоғам мұндай соттың маңызды әрі назар аударуға тұратынын аңғартты.
Бірақ Бишімбаевтың соты бұрынғы билік тұсында қалыптастырылған ескі модель аясында жүргізілуде. Бірқатар сарапшы "судья өзіне қажетті шешімге алқабилерді көндіре алады" деп санайды. Тараптардың алқабилерге емес, көбіне төрдегі судьяға көбірек көңіл бөліп, соған жүгінуінің бір себебі де осында болса керек.
Экс-министрдің ауыр баптар бойынша ақталып шығуға мүмкіндігі барын болжай келе, адвокат Джохар Утебеков қолданыстағы жүйенің кемшілігіне тоқталды: алқабилердің ортасында судья отырып, билік етуге қатысады.
Ал қазақстандықтар голливудтық фильмдерден көріп, әбден қаныққан классикалық алқабилер сотына сәйкес, алқабилер жеке бөлмеге тек өздері ғана кіріп, есіктің тиегін іштен іледі де, тек ортақ шешімге келген соң ғана сыртқа шығады. Оларды судья да асықтыра алмайды.
"Өкінішке қарай, Бишімбаевқа үкімді 11 алқаби ғана шығармайды. Астана қаласының судьясы Айжан Құлбаева олардың ақылдасуын ұйымдастырады және ішінде отырып, өзі де дауыс береді. Бишімбаевты ақтап алу үшін 11 алқабидің 6-уының дауысы да жеткілікті. Егер судья соны қаласа, оған 5 алқабиді өз жағына шығарса, болады. Заң оның бұл әрекетіне тіпті тыйым салмас еді", – деді Джохар Утебеков.
Яғни, сарапшының пікірінше, Бишімбаев ісіндегі алқабилердің үкімі бәрібір "100 пайыз" қатардағы қазақстандықтардың шешімі болмайды. Мұны мысалы, шеф-аспаздың бақылауымен қатардағы адамдардың ас пісіруімен салыстыруға болады. Бәрібір дәмін татып, тағы не қосу керектігін бас аспаз айтып тұрады.
"Елімізде алқабилер сотының дамығанын қалаймын. Олар судьяларға маңызды балама. Өйткені соттар күш құрылымдарымен тонның ішкі бауындай араласқан. Солар қаласа, адамды бас-көз демей отырғыза береді. Алқабилер кінәсіздігіне көзі жетсе, жиі ақтап жатады. Судьяларды жабық бөлмеде алқабилерге қысым көрсету мүмкіндігінен айыру керек. Бізге жаңа ойын ережесі қажет. Мен судьяларға сенбеймін, халқыма сенемін", – деді адвокат Джохар Утебеков.
Әділін айту керек, қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы желтоқсанда басшылығы өзгерген Жоғарғы сот әділ төрелікті халықтың өзіне беру мүмкіндіктерін кеңейтуге ден қойды.
Былтырғы 2023 жылғы 27 қарашада Асламбек Мерғалиевтің төрағалығымен өткен Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында маңызды, тіпті тарихи бетбұрыс жасалды. Қазақстандық және шетелдік ғалымдар, заңгерлер кіретін Халықаралық кеңес сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін ғалымдар мен сарапшыларды кең тарта отырып, алқабилер сотының классикалық моделін енгізу туралы ұсынысты мақұлдады.
Яғни, алқабилер сотының дамыған елдердегі классикалық моделіне көшуді ұсынды. Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, Президент әділ қоғамды қалыптастыру міндетін қойды, онда тиімді сот төрелігі ерекше орын алады. Бұл ретте классикалық модельде "кеңесу бөлмесінде 11 алқаби, судьяның қатысуынсыз, жеке отырып, алқа құра, ақыл қосып, өздері шешім қабылдайды".
Жоғарғы соттың түсіндіруінше, Қазақстанда 2007 жылдан бері "соттың аралас алқасының моделі" жұмыс істейді. Онда алқабилер құрамы кәсіби судьялардан және кәсіби емес судьялардан, яғни бұқара арасынан алқаби ретінде кездейсоқ таңдалған адамдардан құралады.
Кеңесу бөлмесінде шешім шығару кезінде қарапайым алқабилер іс бойынша төрағалық етуші судьямен бірлесіп дауыс береді.
Осылайша, Қазақстанда алқабилер сотының енгізілгеніне биыл 17 жыл болады. Осы кезеңде алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің санаты біраз кеңейтілді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, енді "аса ауыр қылмыстар" жасағандар да өз ісін алқабилердің қарауын талап ете алады.
Тек соғыс уақытында, ТЖ жағдайларында және бірқатар басқа жағдайларда жасалған қылмыстар туралы істерді алқабилер қарай алмайды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, алқабилердің қарауына ауыр және орташа ауыр қылмыстардың кейбір түрлері өтті. Нәтижесінде, алқабилер сотының еншісіндегі құрамдар санаты 31-ден 44-ке дейін артты.
2024 жылғы 13 наурызда Мәжіліс алқабилер сотына қатысты реформаға жол ашатын жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Егер заңнамалық түзетулерді Парламент созбалаңға салмай қабылдаса, онда қолданыстағы "гибридтік форма" жойылады да, алқабилер соты Қазақстанда классикалық модельге түпкілікті көшеді. Тиісінше, судьялардың алдынан кеңесу бөлмесінің есігі тарс жабылады.
Nazarbayev University әлеуметтану бойынша қауымдастырылған профессоры, Оксфордтың криминологиядан докторлық дәрежесіне ие ғалым Гэвин Слеид мұны әділетті санайды.
"Қылмыс жасады деген күдікке іліккен адам шынымен айыпты ма? Күш құрылымдары нақақтан жала жауып отырған жоқ па? Айыпты болса, оны қоғамнан аластау қажет пе? Мұның бәрін қоғамның өкілдері шешкені абзал. Өйткені оны түрмеге отырғызса, асырап-бағатын, шығынын көтеретін де қоғам, салық төлеушілер. Оны бостандыққа жіберсе, ықтимал зардабын тартатын да қоғам. Қылмысқа айыпталушыны өз арасынан аластау не қатарында қалдыру туралы шешім қабылдағанда, алқабилер оның адал-арам істеріне, сөзіне, жүріс-тұрысына, өмірбаянына және басқасына үңіледі. Судьяны мұның бәрі қызықтырмауы, ол тек іс аясындағы материалдармен шектелуі мүмкін. Тағы бір маңыздысы, классикалық модель сот төрелігі жүйесіне халықтың сенімін арттырады", – деді сарапшы.
Мәжіліс депутаты Николай Арсютиннің айтуынша, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасында алқабилер қатарына қатардағы азаматтарды таңдауға айыптаушы және қорғанушы тараптардың қатысуына құқық беру қарастырылып отыр.
Өйткені қолданыстағы тәжірибе бойынша әкімдіктер ұсынған жергілікті тұрғындар тізімі арасынан алқабилерді таңдауға тараптар қатыстырылмайды, бұл рәсім жабық өтеді.
"Заң жобасына алқабилер сотының классикалық моделіне өту бойынша тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Оған сәйкес, тұрғындар арасынан тараптардың қатысуымен таңдалған 11 алқаби соңыра судьяның қатысуынсыз, өздері шешім қабылдайтын болады. Бұл модель тараптардың тең жарыспалылық қағидатын нығайтып, халықтың әділ сот төрелігіне деген сенімін жоғарылатады деген үміттеміз", – деді депутат.
Әділет министрі Азамат Есқараев заң толық өмірге жолдама алмай, бұл тұрғыда ақырғы шешім қабылданды деуге болмайтынын ескертті.
"Қылмыстық-процестік кодекс қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарауға мүмкіндік береді. Бірақ қолданыстағы модель алқабилермен қоса, төрағалық етуші судьяның дауыс беріп, шешім қабылдауға тікелей араласуын қарастырады. Классикалық модельге көшу әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Әйтсе де, заң жобасын пысықтау барысында біз соған келетін сияқтымыз. Мен мұны қолдаймын. Менің ойымша, бұл бетбұрыс әділ сот төрелігін атқару сапасын арттыруға септеседі", – деді Әділет министрі Есқараев.
Парламентте жаңа модельге бірден емес, кезең-кезеңмен көшу нұсқасы да талқылануда екен.