"Бишімбаевқа арналған" киноның тұсауы Ресейде кесілді

5563

"Дәстүр" көркем фильмі шетелде "қазақстандық хоррор" деп танылды. 

"Бишімбаевқа арналған" киноның тұсауы Ресейде кесілді Фото: Жоғарғы сот

Ресейлік кинотеатрлар қазақтың "Дәстүрін" көрсете бастады. Отбасыны ойрандаушылар, зорлықшылар және басқа да қаскүнемдертуралы туындының осы атаумен халықаралық прокатқа шығуы қазақстандық көрермендер арасында пікірталас туғызды. Әлеуметтік желіде пікір білдірген азаматтар: "халықаралық қоғамдастық зұлымдық атаулы – қазақтың дәстүріне жатады екен, қанында бар екен" деп ойлайды деп алаңдайды. 

"Бұл кинода көрермендер шын-шайтан, тылсым дүлей күштерден емес, қазақ қоғамындағы көп ғасырлық дәстүрден шошынады", – деп жазды "Новая газета". 

Фильмді бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың жаһанға жар сала көрсетілген сотының аясында, хайпқуып, "Ирина Кайратовна" тобы клиптерінің режиссері Қуаныш Бейсекпен оператор Азамат Дулатов түсіргені мәлім.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы Қазақстан үшін әрқашан көкейтесті болған. Бұрынғы министрдің өз әйелі Салтанат Нүкенованы қинап өлтіргені әшкере болған соң және бұл жантүршігерлік оқиғақоғамда кең, жаппай талқыланғаннан кейін отбасын ойрандау тақырыбы көршінің күн тәртібіне шықты. Бұл ретте картина күтпеген жерден мистикалық хоррор жанрында түсірілген екен. "Дәстүрде"пайдаланылған тәсілдердің көпшілігі жанр үшін жаңалық емес, ескі саналады. Соған қарамастан оны қазақстандық киноиндустрия үшін "серпін" деп санауға болады", – деп жазды ресейлік басылым.

Осы орайда ресейлік кинорежиссёр және сценарист Алексей Сидоровқазақстандық "Дәстүр" (Ресейде "Дастур" деген атаумен прокатқа шықты) фильмі туралы пікірін бөлісті. Оның айтуынша, фильм – Қазақстанды отбасылық зорлық-зомбылықтың жайлағаны туралы.

Сарапшының пікірінше, "Дәстүрді" шартты түрде 3 бөлікке бөлуге болады.

"Бірінші бөлімде бізді Болашақ деген жарқын атауы бар қазақ ауылының тұрғындарымен және тұрмыс-тіршілігімен таныстырады. Басты кейіпкер – жергілікті бай Нұрсұлтанның баласы Болат әумесер,желөкпе жігіт. Достарымен бірге шөлмектегі бонгты шегеді, әлімжеттік танытып, оқушыларды ұрып, ақша талап етеді. Осыған шағымданған "тоқылдақтарды" аяусыз соққыға жығады. Қазақ ауылының көрінісімен өмірі келесідей: Нұрсұлтан халық көп күткен, бюджеттік мол ақша шығындалған көше дәретханасын салтанатты түрде ашады, полицияға пара беріп, ұлының қылмыстарын жасырады. Ауыл жастарының бар қызығы – қазақ рэпі қойылатын мектеп бітіру кеші", – деді ресейлік кинорежиссер.

Оның байламынша, фильмнің алғашқы 20 минутында көрермен не болып жатқанын түсінбейді: "Шынымен бұл хоррор ма?" деген сауал көкейді мазалайды. Бұл бөлік "провинциалды комедияға" көбірекұқсайды. Ресейлік кинотеатрларда шыдамай, бір түкіріп, шығып кеткен көрермендер болыпты.

"Бірақ тосыннан фильмнің жанры әлеуметтік триллерге күрт трансформацияланады. Мектеп бітіру кеші аяқталды, домбырашы, оқу озаты және сұлу қыз Диана думаннан үйіне қайтады. Ол жолдас қызымен қол ұстасып келеді. Дос қызы Дианамен әрдайым бірге болуға және оны ешқашан тастап кетпеуге сөз береді. Бейғам атмосфераны мас Болат бұзады. Ол Диананы жыныстық қатынасқа иліктіруге күш салады, қыз қарсыласады, жігіт дегеніне жетеді, қыз оны қарғайды. Диананың ата-анасы қызының абыройын төккен Болаттыөлтіруге ұмтылады. Қазақстанда қызды зорлау – зорлықшы үшін емес, құрбанның және оның руы үшін сүйекке түскен дақ, ұят саналады", –деп түсіндірді Алексей Сидоров.

"Бұл туралы бүкіл ауыл біледі!" – деп отқа май құя түседі ауыл әкімі. Ол отбасыларды бітімге келіп, татуласуға шақырады. Ақылдаса,таласа келе, тараптар "дұрыс жалғыз шешімге" тоқайласады: Болат бостандықта қалуы, Диана өмір бойы елге қарабет болмауы үшін екі жастың басын қосып, отау құру керек. Бұған қоса, жігіттің әкесі қыздың ата-анасына қомақты қалыңмал төлеуге тиіс. Тіпті қыздың пікірін сұрамастан "құдалар" осыған келіседі. 

Ресейлік режиссер қазақ ауылының үйлену тойын дарақылық деп атады.

"Оның үстіне бұл тойдың алғышартын, бастапқы хикаясын білетіндіктен, көрерменге мұндай думан жабайылық және жантүршігерлік жайт болып көрінеді. Болаттың Диананың арын аяққа таптағанын барлық қонақ біледі, бірақ барлығы тойғанша жеп, қыдыруға ғана келген. Фильмнің екінші бөлімі осылай тәмамдалады.Үшінші бөлімі – көптен күтілген хоррор. Бізге тойдан кейінгі Болаттың отбасысының өмірін көрсетеді. Келін Диана қалыңдық бөлмесінен шығудан бас тартады, оның ата-анасы үйде де, жұмыста да әлдебір "жын-шайтандық", паранормальды жайттарға куә бола бастайды: масалардың алапат бұлты жабады, екі басты бұзау туады, теледидар өздігінен қосыла береді, шам атаулы жыпылықтайды", – деді кинорежиссёр және сценарист А.Сидоров.

Психоздың шырқау шегіне жеткені сонша, зәресі кеткен ауылдықтар зұлым күштерден арылу үшін үйге имамды шақырады. Бірақ бәрі кеш еді. 

Ресейлік режиссердің пікірінше, "Дәстүр" деген атау фильмде паш етілген сұмдықтарды және проблемаларды дәл көрсетеді. Зорлық-зомбылық аясында думандатып, той тойлаған қазақ ауылы, құрбанды зорлықшыға күштеп қосу, ХХІ ғасырда қыздың бойынан жындарды қуып шығуға тырысатын діндәр. 

"Мәдени және діни дәстүрлер сыртында фильм авторлары қазақ қоғамының басқа да жаманшылықтарын, соның ішінде сыбайлас жемқорлықты, айналадағы адамдарға деген бей-жайлықты әшкере етіп, аяусыз сынайды. Ары мен жаны таза, жүрегі қайырымды кейіпкерлерді де ауыр тағдыр күтіп тұрғандай: кинотуындыдағы аз ғана жағымды бейненің бірі – "Ирина Кайратовна" тобының музыканты ойнаған жергілікті учаскелік полицей. Ол әділдік пен тәртіпті ынты-шынтысымен қалайды. Бірақ оның болбырлығы, былжырлығы, өз ұстанымын табанды қорғай алмауы ақыры қайғылы оқиғаға соқтырды", – деді Алексей Сидоров.

Оның пікірінше, фильмде көтерілген негізгі проблема – дәстүрлі патриархалды қоғамдағы ер мен әйелдің қарым-қатынасы. Киноны түсірушілердің айтпағы: қазақстандық қоғамда әйелдердің ешқандай құқығы жоқ, еркектер оларға өз меншігіндей, мүлкіндей қарайды, зорлық-зомбылыққа қазақстандық билік өкілдері еш тосқауыл қоймайды дегенге саяды. Бұл енді шындыққа жанаспайды, ауылға жаппай қара күйе жағу арқылы кино авторларының асыра сілтеп жібергені байқалады.

"Басты кейіпкер жігіт қыздың меселін қайтарғанына ашуланып, қалағанын күшпен алады. Қыздың ата-анасы баласымен кеңесіп, келіспестен, оны зорлықшысына үлкен қалыңмалға сата салады. Жігіттің әкесі үйдегі қорқынышты құбылыстардан жүрегі суылдап, қатты үрейленетінін шыңғыра айтқан зайыбының сөзін құлаққа да ілмейді. Фильмді жасаушылар оған көптеген символ-нышандыжасырған. Мысалы, Болашақ ауылының атауы орыс тілінде "будущее"дегенді білдіреді. Қиянатшыл жігіттің әкесінің аты Нұрсұлтан. Басты кейіпкердің досы The Exorcist деген жазуы бар кепкі киіп жүреді, бұл енді фильмнің немен аяқталатынына және Уильям Фридкиннің осы аттас хоррорына сілтеме", – деп түсіндірді ресейлік кинорежиссер.

Алексей Сидоров қазақстандық бұл үрейлі фильм хоррор жанрында ешқандай да жаңалық ашпады деген қорытындыға келді. Ондағы тәсілдер "Психо", "Звонок", "Изгоняющий дьявола", "Муха" сияқты танымал фильмдерден "жиендік" жасалған екен. Олар тек қазақстандық көрініске көшірілген. 

Қазақстанда "Дәстүр" кинопрокатқа 2023 жылғы желтоқсанның соңында шыққан болатын. Сол кезде елде ғана емес, халықаралық деңгейде 31 жасар Салтанат Нүкенованың қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты сот ісінің дүмпуі жер жарып тұрған болатын. Сотта жарияланғандай, былтырғы 9 қарашада күйеуі, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Салтанатты сегіз сағаттай бойы соққыға жыққан, ақырында жедел жәрдемді шақырмай, VIP-кабинада қиналып өлуін күткен. Сондықтан фильм көрермендердің назарын аударып, бірінші аптада 1 миллиард теңгеден көп касса жинады. 

Жалпы, тұрмыстық зорлыққа тегеурінді тоспа құрылмаса, көптеген отбасы үрейдің ұясына айнала бермек. Фильмнің режиссері Қуаныш Бейсектің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық – патриархалды қоғамның өзіндік дәстүрі саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу