Иран астанасы мен оның айналасындағы провинцияларда қазан және қараша айларында бірнеше апта бойы электр қуаты қайта-қайта өшті. Бұдан адамдардың өмірі мен бизнесінде қиындықтарға тап болды. Энергетикалық дағдарысқа бірнеше фактор себеп болуы мүмкін. Күдік криптовалюта майнингіне де түсіп отыр.
Иран экономикасы елдің ядролық бағдарламасы үшін халықаралық санкциялардан жылдар бойы күйзеліске ұшырап келеді. Оның үстіне, Таяу Шығыстағы соғыстарға жұмсалып жатқан қаражат пен үкіметтің бюджет тапшылығын азайту әрекеттері де елдегі отын қорын күрт кеміткен.
Күн салқындап, ирандықтар кондиционерлерді пайдалануды тоқтатқанымен, энергияға деген сұраныс төмендемей тұр.
Сонымен қатар, биткоин құны 106 000 доллар деңгейіне жетіп отыр. Осындай шақта кейбір адам криптовалютаны ұйымдасып, жасырын өндіріп, Иранды энергия тапшылығына ұрындырды деген болжам да айтылып отыр.
"Өкінішке қарай, кейбір оппортунистік және қанаушы күштер субсидияланған электр қуатын, қоғамдық желілерді және басқа да ресурстарды криптовалюта өндіруге рұқсатсыз пайдаланып жатыр", – деді Иранның мемлекеттік энергетикалық компаниясының бас директоры Мостафа Раджаби тамыз айында жасаған мәлімдемесінде.
Көптеген зауыттарындағы жабдықтардың ескіруімен күресіп жатқан Иранда бұрын да электр қуаты үзілген. Жазда Тегеран мен басқа қалалар маңындағы индустриалдық парктерде жарық жиі сөнді. Ал, қазан және қараша айларында Тегеран қаласының аудандарында электр қуатын күндізгі уақытта бермеу қалыпты жағдайға айналды.
Бұған климаттың өзгеруінен туындаған қуаңшылықтың жалғасуы мен Иранның су электр станцияларындағы проблемалар да себеп болуы мүмкін.
Иранның реформатор президенті Масуд Пезешкиан бірнеше электр станциясында бұрынғы Кеңес Одағы елдеріндегідей ауаны қатты ластайтын ауыр отын - мазут жағуды тоқтатуға бұйырды.
Иран ОПЕК-тің мүшесі болса да, мұнда дизельдік отын мен табиғи газ және жанармай қоры жеткілікті емес. Соған қарамастан, Иран табиғи газ қоры жағынан әлемде Ресейден ғана кейін тұр. Кейбір болжамдарға қарағанда, Иран бюджет дефицитін жабу үшін энергетикалық шикізатты сыртқа көбірек сатып отын тапшылығына душар болса керек.
Өз кезегінде Пезешкиан "энергетикалық жағдай туралы жұртшылыққа шын айту керек" дейді.
"Қазіргі жағдайда және күн суытқанда энергияны, әсіресе газды үнемді тұтынудан басқа амалымыз жоқ. Мен өзім үйде жылы киіммен жүремін, басқалар да солай істей алады", – дейді Ислам Республикасының президенті.
Дегенмен, Тегеранда қысқы жылу толық берілмеген. Бұл жағдай электр қуатының қайда кетіп жатқаны туралы сұрақтар туындатып отыр.
Елдегі көптеген кедей және тығыз қоныстанған аудандарда халық электр қуатын тегін пайдаланады. Сонымен қатар, мешіттерге, мектептерге, ауруханалар және басқа да нысандарға да энергия ақысыз беріледі.
"Ассоушиэйтед пресс" агенттігінің хабарлауынша, Иранда электр қуаты субсидияланған тарифтермен сатылатындықтан, биткоин өңдеу орталықтары қарқынды дамып жатыр. Олар мамандандырылған компьютерлерді қуаттандырып, әрі салқындатып отыру үшін орасан зор электр қуатын қажет етеді екен.
"Вираминер" атты майнингтің компанияның бас директоры Масих Алавидің сөзінше, биткоин өндірушілердің қанша қуат жұмсайтынын анықтау қиын. Себебі майнердер қазір өздерінің орналасқан жерін бүркемелейтін виртуалдық жеке желілерді пайдалуға көшкен.
Сондай-ақ, майнерлер қондырғыларын жасыру үшін пәтер жалдайды.
"Олар көзге түспеу мақсатында машиналарын бірнеше пәтерге таратады", – дейді Алави.
2021 жылғы мәлімет бойынша, Иран 1 миллиард доллардың биткоин транзакцияларын өңдеді. Биткоиннің өсуін ескерсек, бұл сан қазір күрт өскен болуы керек. Сонымен қатар, Иранда жарықтың өшуі биткоин құны 67 000 доллардан 100 000 долларға жақындағанда жиілеген.
Мемлекеттік электр компаниясының бас директоры Раджабидің мәлімдеуінше, оның фирмасы лицензиясыз биткоин фермалары туралы хабарлаған адамдарға 725 доллар сыйақы ұсынып отыр.
"Бұл фермалар тұтыну деңгейінің ұдайы өсуіне, электр желілеріндегі үзілістерге және өзге де проблемаларға себепші", – дейді Раджаби.
Оның айтуынша, 230 000 лицензиясы жоқ құрылғы пайдаланатын қуат мөлшері Иранның Маркази провинциясының электр қуатына деген барлық мұқтаждықтарына тең екен.
Иран шенеуніктері мен жергілікті БАҚ биткоиннің өсуі мен жарықтың қайта өшуін бір-бірімен байланыстырған жоқ. Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары осы жылдың басында Иранда ашылған ауқымды биткоин фермасы түсірілген бейнекадрлармен қайта-қайта бөлісті. Видео авторы энергетикалық компанияның бұл ферманы бұған дейін байқамағанына аң-таң.
АҚШ қазынашылығы мен Израиль Иранның әскерилендірілген революциялық гвардиясының Таяу Шығыстағы одақтас қарулы топтарын қаржыландырды деген күдікпен биткоин-әмияндарды да нысанаға алып жатыр
Бұл жағдайға қарап, Ирандағы ең айбынды күштердің бірі – Гвардияның да майнингтерге қатысы болуы мүмкін деген күдік туындап отыр.
Керісінше, ирандық БАҚ күн сайын майнингтердің жұмыстарына полиция рейд жүргізгені туралы хабарлап жүр.
Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының ғылыми қызметкері Ричард Нефьюдің айтуынша, Иран биткоинді аймақтағы одақтастары әлсреген шақтаТрамп әкімшілігі тарапынан жасалуы мүмкін қысымдардан қорғайтын күш ретінде қарастыруы мүмкін.