Биткоин "сандық алтын" атанды

5429

Құны 50 мың доллардан асқан виртуалдық ақшаны инвесторлар мен компаниялар мойындай бастаған тәрізді. 

Биткоин "сандық алтын" атанды

Биткоин тоқтаусыз өсіп, сейсенбіде оның бір бірлігінің құны алғаш рет 50 мың доллардан асып кетті, деп жазады inbusiness.kz тішісі.

Соңғы үш айда биткоин бағасы 200% -ға өскен. Дегенмен криптовалютаның құбылмалылығы сейсенбіде де байқалды, сандық ақша нарқы 50,600 доллардан жоғарылағаннан кейін, 48,674 долларға қайта түсті. Осы межеде шамамен 18,6 млн биткоин айналымда жүріп, олардың жалпы нарықтық құны 907 млрд долларға жуықтады.

Көптеген компания цифрлық валютаның төлем құралы ретінде кеңінен таралуы мүмкін екенін ескертетіндіктен, биткоин өсіп келеді. Бұл виртуалды активке ие болғандардың басым көпшілігі оны алтын ретінде қарастыра бастады. Дегенмен, биткоинды тауарлар мен қызметтерге айырбастайтын орындар әзірге аз.

Биткоиннің "сандық алтынға" айналуы жайлы әңгімелер кейінгі кездері жиілеп барады. Бірақ  АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің Сент-Луистағы президенті Джеймс Буллард сейсенбіде CNBC-ге берген сұхбатында мәлімдегендей, биткоинның алтынға бәсекелес болуы жасыл ақшаның үстемдігіне қауіп төндірмейді. Өйткені инвесторларға байлықты сақтайтын тұрақты валюта қажет. Ал, биткоинды мұндай ақшаға жатқызу қиын.

Әйгілі JPMorgan да биткоинды алтынның бәсекелесі деп атап, егер ол қаржы сақтайтын сенімді құралға айналатын болса, 146 мың долларға дейін қымбаттайтынын болжап отыр.

Компаниялар биткоинның құбылмалылығына және дәстүрлі банктерден түрлі себептермен аулақ жүргісі келетін тараптардың оны жаппай қолдануына қауіптене қарайды.

Десек те, тәуекел еткен кәсіпорындар да бар. Өткен аптада электромобильдер шығаратын Tesla өзінің жаңа инвестициялық стратегиясы аясында 1,5 млрд долларға биткоин сатып алып жатқанын және жақын арада оны өз көліктері үшін төлем ретінде қабылдайтынын жариялап, бизнес әлемін дүр сілкіндірді.

Арада бір күн өткенде АҚШ-тағы ең ежелгі банк - BNY Mellon да клиенттеріне көрсететін қызметіне сандық валюталарды қосатынын хабарлады. Mastercard та өз желісінде "таңдаулы криптовалюталарды" қолдай бастайтынын жеткізді. Ал, Вирджиниядағы Blue Ridge Bank карта иелеріне биткоинды 19 банкоматта сатып алуға және сатуға мүмкіндік беретінін мәлімдеп отыр.

Биткоиндар қалай жұмыс істейді?

Биткоин – банкке немесе үкіметке байланбаған және пайдаланушыларға ақшаны жасырын түрде жұмсауға мүмкіндік беретін сандық валюта. Бұл монеталар әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан компьютерлердің қуатымен математикалық есептерді шешу арқылы "өндіріліп" жатыр. Оларды биржаларда АҚШ долларына және басқа да валюталарға сатып алуға және сатуға болады. Биткоинды кейбір кәсіпкерлер қабылдауға қарсы емес. Алайда бұл ақшаның танымалдылығы соңғы жылдары төмендеген кездер де болды.

Биткоинды материал сатып алу үшін  пайдалануға бола ма?

Бұл цифрлық валютаға қызығушылық артқандықтан, күніне онымен 30 мыңнан астам транзакция жасалады, деп хабарлайды blockchain.info сайты. Әрине, биткоинның танымалдығы қолма-қол ақшамен, несие карталарымен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Дегенмен, Tesla-дан басқа, бірнеше компания биткоинды төлем құралы ретінде қабылдайтынын айтып отыр. Ал, PayPal өзінің шот иелеріне төрт криптовалютаны, соның ішінде биткоинды сатып алуға, сатуға және ұстауға мүмкіндік бере бастады. Бірақ сіз оны адамдарға төлеу үшін қолдана алмайсыз. Square төлем компаниясы болса, қазан айында 50 млн долларға биткоиннің әрқайсысын шамамен 10 600 долларға сатып алып, қазір оларды ұялы телефон арқылы сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.

Американың Дьюк Университетінің Заң мектебінде финтех және криптовалюта курстарынан сабақ беретін Ли Рейнерст көптеген компаниялар құны өзгермелі болғандықтан, биткоинды өнімдер мен қызметтер үшін төлем құралы ретінде қабылдауға тәуекел етпей отырғанын айтады.

"Егер сіз саудагер болсаңыз, келесі күні-ақ 20% -ға арзандап кетуі мүмкін активті неліктен төлем ретінде қабылдауға тиіссіз?", – дейді Рейнерс Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Алайда Калифорния университетінің қаржы профессоры Ричард Лионстың пікірінше, биткоин мен өзге сандық валюталар "алдағы бес жылда транзакциялық валютаға айналуы" ғажап емес.

"Бұл бір түнде болатын оқиға емес", – дейді ол.

Tesla қаңтарда биткоинды орта есеппен 34445 долларға сатып алып, қазір шамамен 38% өсім көріп отыр. Бірақ компания өзінің инвестицияларының бір бөлігін немесе бәрін жоғалтуы мүмкін екенін ескертті.

Tesla -ның бәсекелесі General Motors-тың бас директоры Мэри Барраның мәлімдеуінше, ол басқаратын концерн биткоинге инвестиция салуды жоспарлап отырмаса да, бұл цифрлық валютаның әлеуетін "қадағалап, бағалап" отыр.

Рейнерстің сөзіне қарағанда, егер адамдар себепсіз сатып ала беретін болса, биткоин көпіршікке айналуы ғажап емес. Екінші жағынан, ғалымның айтуынша, биткоинның инфляциядан қорғайтын құрал ретіндегі құндылығына қатысты консенсусты жоққа шығару қиын.

Bitcoin қалай пайда болды?

Бұл – жұмбақ. Биткоинды 2009 жылы Сатоси Накамото деген есіммен жұмыс істейтін жеке тұлға немесе адамдар тобы шығарды. Содан кейін биткоинді энтузиазистердің кішкентай тобы қабылдап, қолдады. Ал, биткоин көпшілік назарын өзіне аудара бастағанда, Накамото назардан ғайып болды. Бірақ криптовалюта жақтастары мұны маңызды емес деп есептейді, себебі жаңа валюта иесіне емес, өзінің ішкі логикасына ғана бағынады екен.

2016 жылы австралиялық кәсіпкер артық кетіп, өзін биткоиннің негізін қалаушы деп атап, бірнеше күннен кейін бұған дәлел келтіруге "батылы жетпей отырғанын" мойындады. Содан бері құны мыңдаған есеге шарықтаған мәнет иелігіне ешкімнің таласы болмай тұр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу