Биыл әскери борышын өтеген сарбаздардың 10%-ы білім грантына ие болды

820

Келесі жылы да білім саласындағы жеңілдік саны 3 мың болады.

Биыл әскери борышын өтеген сарбаздардың 10%-ы білім грантына ие болды Фото: inbusiness.kz

Былтыр әскери борышын өтеген сарбаздарға тегін білім алуға мүмкіндік беретін "Срочники 2.0" пилоттық жобасы іске қосылды. Биыл конкурстық іріктеуге 29 491 сарбаз қатысты.

Осы жоба аясында Қорғаныс министрлігі мен республикалық ЖОО арасында 5 жылдық меморандумға қол қойылып, 3000 орын жоғарыдағы сарбаздар арасында бөлінді. Алайда келесі жылы мемлекеттік грант саны қанша болары белгісіз, деп жазады Inbusiness.kz.

2022 жылдың соңынан бастап Қорғаныс министрлігінде әскери-патриоттық тәрбие беру шеңберінде мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарға түрлі жеңілдіктер беру арқылы жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Осыдан тура бір жыл бұрын Қорғаныс министрлігі 70-ке жуық ЖОО басшыларымен меморандумға қол қойып, әскери қызметін үздік өткізген сарбаздар үшін жоғары оқу орындары есебінен тегін білім беру жайында келіскен болатын. Бұл мүмкіндік тек Қарулы күштер сарбаздарына ғана емес, басқа да әскери құрамалардың сарбаздарына берілді, яғни оларға ҰБТ тапсырмай, грантқа түсуге мүмкіндік жасалды. Сонымен осы жылдың көктемінде әскери борышын тәмамдаған сарбаздар арасында іріктеу өтіп, ең үздіктері қолдарына жолдамаларын алды, 1 қыркүйектен бастап студенттер қатарына қосылды. 

"Биылғы жылы конкурстық іріктеуге 29 491 сарбаз қатысты, ЖОО-да тегін білім алуға 3000 орын бөлінді. Оның ішінде 350-і әскери оқу орындарынан бөлінді, қалғаны азаматтық оқу орындары. "Срочники 2.0" платформасында барлық мерзімді қызмет сарбаздарының және олардың қызмет ету кезіндегі бағалары көрсетіледі. Ай сайын барлық пәндер бойынша бағалардың рейтингі шығарылып отырады. Есепке алу әскердегі жауынгерлік дайындық журналдарында және осы электрондық платформаларда жүргізіледі. Онда әр сарбазға жеке рейтинг жасалады", — деді ҚР Қорғаныс министрлігі Аппаратының басшысы, полковник Ербол Құмарбекұлы. 

Тек күзгі конкурстық іріктеуге 17 мыңнан аса адам, оның ішінде Қорғаныс министрлігінен 7 мыңнан астам, Ұлттық ұланнан 6 мыңнан астам жауынгер, ТЖМ және ҰҚҚ-ның шекара қызметінен 3 мыңнан аса сарбаз қатысты. 1500 грант құрылымдар бойынша ҚР ҚМ — 750 орын, ҰҰ — 630, басқа құрылымдар — 630 орын болып бөлінді. Сарбаздар оқуға түскенін растайтын сертификатты "Срочники 2.0" платформасынан ала алады. Сонымен қатар, тізімдер әлеуметтік желілерде жарияланды. 

Ербол Құмарбекұлының айтуынша, жеңілдік шараларының барлығы тек оң нәтиже көрсетіп отыр. 

"Аталған жеңілдіктердің барлығы жастарды әскер қатарына қосылуға ынтасын арттырғанын әскерге шақыру науқаны көрсетіп отыр. Соның мысалы ретінде айтарым, биыл әскер қатарына шақырылғандардың саны 20%-ға артып отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан сайын өседі деген үміттеміз", — деп түсіндірді спикер.

Алайда сарбаздардың саны өскенімен тегін білім алу мүмкіндігі арта түседі деген сөз емес. Біріншіден, бұл жоба әзірге пилоттық жоба, яғни заңмен бекітілген жоқ. Меморандумға сәйкес, оның өмір сүру уақыты 5 жылдан аспауы мүмкін. ҚР Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Нұрланқызының айтуынша, жоба қазір Мәжілісте қарастырылып жатыр. 

"Мемлекет басшысы 2024 жылдан бастап мерзімді әскери қызметті атқарған сарбаздарға грант беру мәселесін пысықтауға тапсырма берді. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс басталып кетті. Былтыр пилоттық жоба ретінде іске қосылған жеңілдік шарасын заңдастыру жұмыстары жүріп жатыр, қазір құжат Мәжіліске қарастыруға берілді", — деп түсіндірді Айгүл Нұралықызы.

Екіншіден, Қорғаныс министрлігі келесі жылы қанша квота бөлінетінін нақты білмейді, бұл мәселе Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырында, бірақ Айгүл Нұралықызы кем дегенде сол 3000 грантты бөлуге тырысатындарын айтып сендірді. 

Үшіншіден, мемлекет биылғы жылдан бастап жоғары білім беру саласындағы саясатын біршама өзгертіп жатыр. Бала санының күрт өсуіне байланысты грант саны 10%-ға өскенімен, талапкерлердің басым бөлігін грантпен қамту мүмкін болмай отыр. Сондықтан 2040 жылға қарай білім гранттарының саны 40%-дан 15%-ға қысқаратынын жазған болатынбыз. Қазір мемлекет бағдарды тегін білім беруге емес, халықты баласының оқуына ақша жинауға ынталандыруға тырысып жатыр. 

Дегенмен жаңа заңнама өз күшіне енсе, сарбаздарға мерзімді әскери қызметтен кейін ҰБТ нәтижелерінсіз екі жыл ішінде ЖОО-ға ақылы түрде түсуге, мемлекеттік грант иегері атануға, жатақхананы қиындықсыз алуға жол ашылады. 

Сонымен қатар әскерде кеткен сарбаздың жұмыс орны мен лауазымы сақталады, ҚР банктері мен микроқаржылық ұйымдардан несие алғандардың төлем мерзімі шегеріледі. Ал контракт арқылы әскери қызметте жүргендерге қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін білім алуға 50% жеңілдік қарастырылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу