Биыл елдегі баспана бағасы қалай құбылады?

7640

Пәтерлер қымбаттай ма, әлде арзандай ма?

Биыл елдегі баспана бағасы қалай құбылады? Фото: canva.com

Қазақстанда баспана мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Сарапшылар биыл іске қосылатын "9-20-25", жас мамандарға арналған ипотекалық бағдарламалардың нарықтағы жағдайға айтарлықтай әсері болмайды деп отыр. Оған ай сайын құбылып отыратын үйлер бағасын қосыңыз. Биыл тұрғын үй бағасының өзгерісіне қандай факторлар әсер етеді? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады. 

Бір жылда үйлердің бағасы қалай өзгерді?

Бірінші кредиттік бюроның хабарлауынша, 2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша бастапқы нарықтағы тұрғын үйлер бір жылда 6,7%-ға, желтоқсан айында 3,4%-ға қымбаттады. Қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы бір жылда 1,8%-ға өсті. Ал желтоқсан айының қорытындысы бойынша 2022 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,7%-ға арзандады. Астанада қайталама нарықтағы үйлер 6 жыл ішінде алғаш рет арзандаған.

Желтоқсан айында Қазақстан бойынша тұрғын үй нарығындағы орташа баға келесідегідей. Жаңа үйлерді сату 1 шаршы метрі үшін 494 898 теңге, қайталама нарықта – 494 373 теңге. Статистикалық деректерге сүйенсек, Астана, Алматы мен Шымкентте пәтерлердің шаршы метр бағасы ең жоғары.

Былтырғы желтоқсан айында бастапқы нарықтағы үйлер бағасының төмендеуі елдің бірде-бір өңірінде тіркелген жоқ. Тек Қызылорда (+7,1%), Шымкент (+3,5%), Алматы (1%), Талдықорған (2%) қалаларында бағаның шамалы өсімі байқалған.

"Жаңа жылдан кейін Қарағандыда бастапқы нарықтағы баға бір шаршы метр үшін 300 мың теңгеден, ал қайталама нарықта шаршы метріне 340 мың теңгеден басталады. Десек те, мұнда пәтердің жағдайы мен орналасқан ауданын ескеруіміз қажет. Баға өскен де, төмендеген де жоқ, ол бұрынғы деңгейде қалды. "9-20-25" бағдарламасы шыққаннан кейін баға көтерілуі де мүмкін", – деді риэлтор Жанель Нұрланқызы.

Жаңа ипотекалық бағдарламалардың іске қосылуының баспана нарығына әсері бар ма?

Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың сөзінше, қазіргі таңда нарықта баспана бағасының өсуіне немесе төмендеуіне айтарлықтай негіз жоқ.

Спикер тұрғын үй бағасының өсіміне қандай факторлар әсер ететіне қатысты пікір білдірді.

"Өсімге халықтың жалақы мөлшері, өндірістік процестердің қымбаттауы, үстеме шығындардың артуы, құрылыс салушылардың рентабельдігінің төмендеуі ықпал етеді. Сол себептен баға өсе беретін болады, бағаның қандай да бір төмендеуі күтілмейді", – деді спикер inbusiness.kz тілшісінің сауалына берген жауабында.

Қауымдастық президентінен "9-20-25", жас ғалымдарға арналған ипотекалық бағдарламалардың іске қосылуы тұрғын үйлердің бағасына қалай әсер ететінін сұрадық.

"Бұл ипотекалық бағдарламалардың іске қосылуы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайға айтарлықтай әсері жоқ. Себебі ипотека нақты салалардың басым қажеттіліктері негізінде қалыптасады. Сонымен қатар "9-20-25" ипотекасының 150 млрд теңге бюджеті мен жас ғалымдарға арналған 17 млрд теңге ипотека бюджеті барлық мұқтаж азаматты баспанамен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Қазақстанда 9200 жас ғалым бар, ал бар болғаны 680 пәтерге бөлініп отыр. Бүгінде "9-20-25" бағдарламасының шарттары түпкілікті қалыптаспады әрі айтылмады. Оған қатысты ақпарат 2024 жылдың қаңтарында айтылады күтілуде, десек те бүгінгі келіп түскен ақпаратқа сүйене отырып, бұл "7-20-25" бағдарламасының белгілі бір аналогы болуы мүмкін деп болжауға болады. Тұрғын үй бағасының талдауына сүйенсек, қарыздың ең жоғары сомасы жеткіліксіз екенін айтсақ болады. Біз оны шектемеуді,  қарыз сомасының өзін 25 млн теңгеге дейін деп белгілеуді ұсынамыз. Бұдан бөлек бастапқы жарнаның мөлшері жоғары болып қалып отыр, сәйкесінше мұндай соманы тұрғын үйге мұқтаж жандардың басым бөлігіне жинақтау әлі де қиын болады", – деді Виктор Микрюков.  

"Пәтер бағасы нарық заңымен жүзеге асатын болса, қатты көтерілмеуі тиіс"

Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, қазіргі уақытта елдегі баспана бағасы әртүрлі факторларға байланысты.

"Менің ойымша, тұрғын үй бағасы нарықтық қатынастарға бағынып, нарықтың заңдылығымен жүзеге асатын болса, онда ол қатты қымбаттамауы керек. "9-20-25" бағдарламасы пәтер бағасын жасанды түрде қымбаттатып жіберуге әсерін тигізуі мүмкін. Мысалға, бұл ипотекалық бағдарламасына жылына бар-жоғы 150 млрд теңге ғана жұмсалады, 8 мың адам ғана баспаналы бола алады. Елімізде 560 мың азамат баспанаға мұқтаж. Сонда 8 мың адамға арналған бағдарлама қалған адамның баспанасын қымбаттатып жіберуге әсерін тигізуі мүмкін. Мысалы, бізде зейнетақы қорынан ақша алу арқылы үйдің мәселесін шешу болған кезде бізде жасанды түрде нарықта ажиотаж жасалынып, көптеген үй қымбаттап, баға қайтадан орнына түспеген. Былтыр "7-20-25" бағдарламасы тоқтаған кезде ешқандай да мемлекеттік бағдарламалар болмағандықтан, нарықтың өзі ұсынысқа сәйкес сұранысты қалыптастырды", – деді ол.

Өткен 2-3 айларда үйдің бағасының 3,5-5 пайызға дейін арзандауы, құрылыс компанияларының әртүрлі акциялар жасауы арқылы үй беру мәселесіне көшті, деп жалғастырды сарапшы.

"Яғни нарықтың өзі сыртқы факторларсыз тікелей қалыптастырады. Мемлекеттің осы баспана мәселесінде араласуын тоқтату керек деп ойлаймын. Баспанаға мұқтаж, аса қажеттілігі бар адамдарға, отбасыларға арнайы бағдарлама қалыптастыру керек, ал қаражаты тұрақты қалған барлық азаматтарға нарықтың өзі ұсынатын бағаны ұсынуымыз керек. Екіншіден, қайтадан қаржыландыру ставкасын қазіргі 16 пайыздан төмендету керек. Он пайызға дейін түсіретін болсақ, ол өз кезегінде екінші деңгейлі банктер ұсынып отырған ипотекалық ставкалардың да бағасын 12-13 пайызға дейін төмендетуге әсерін тигізеді. Біз бірінші кезекте макроэкономикалық факторларды ескеруіміз керек. Сонымен қатар үйдің бағасына әсерін тигізетін құрылыс материалдарының қымбаттауы, оны басқа елдерден алып келу, доллармен сатып алу деген сияқты факторларды азайтып, отандық кәсіпорындарды дамытатын болсақ, онда біз жалпы біздегі тұрғын үй бағдарламаларының төмендеуіне алып келуге мүмкіндік береді", – деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Еске салайық, осыған дейін биыл "9-20-25" ипотекалық бағдарламасы іске қосылатынын жазған болатынбыз. Бұдан бөлек "7-20-25" бағдарламасына өтінім қабылдау қайта жанданғанын жаздық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу